Құтқарушылыққа деген құштарлық жүрек қалауы болды – Тахиржан Ысқақов
Ол құтқарушылыққа арнаған 13 жылында бір емес, бірнеше ірі төтенше жағдайларда құтқару жұмысына қатысқан.
Құтқарушы – әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі. Өзгенің өмірі үшін тәуекелге бел буып, шешуші сәтте жанкештілік таныту кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік.
Өмір мен өлім арасындағы тағдыршешті сәтте көзсіз батырлыққа барып жүрген жандардың бірі – «Республикалық жедел-құтқару жасағының» бас құтқарушысы, дәрігер Тахиржан Ысқақов.
«Алматы облысы Қаратұрық ауылында дүниеге келдім. 2011 жылы медициналық колледжді тәмамдап, еңбек жолымды ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығының» эвакуациялық қабылдау бөлімшесінде фельдшер болып бастадым. 2015-2017 жылдар аралығында трассалық медициналық-құтқару пунктінде жұмыс істедім», – деп бастады әңгімесін құтқарушы Turkystan.kz тілшісімен тілдескенде.
Оның сөзінше, құтқарушылыққа деген құштарлық жүрек қалауы болған.
Т. Ысқақов «Республикалық жедел-құтқару жасағының» құтқару бөлімшесіне осыдан 6 жыл бұрын келген. Міндетін мінсіз атқарып, алғыс пен абыройға бөленіп жүрген жан құтқарушылыққа арнаған 13 жылында бір емес, бірнеше ірі төтенше жағдайларда құтқару жұмысына қатысқан.
«2014 жылы Алматы облысы Талғар қаласында тұрғындарды селден құтқардым. «Пионер» пансионатында балалар лагеріне баратын жол жабылып, балаларды тікұшақпен эвакуациялаған сәт есімде қалды. Алматы облысы Қызылағаш кентінде болған табиғи апатқа тосқауыл қоюға, Алматы облысында апатқа ұшыраған Фокер-100 ұшағының жолаушыларын құтқаруға, көшкін кезінде Кіші Алматы өзеніндегі селдің салдарын жоюға атсалыстым. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы күресте әріптестеріммен бірге жұмыс істедім», – деді ол.
Т. Ысқақов адам өмірін құтқаруға қатысуды игі іс санайды.
«Құтқарушы – мәртебелі мамандық. Отбасым таңдауыма құрметпен қарайды және мақтан тұтады», – деді «Республикалық жедел-құтқару жасағының» бас құтқарушысы.
Ол Түркия мен Ауғанстандағы жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға көмек көрсеткендердің алдыңғы шебінде болған.
«Демалыста жүр едім, жұмысқа жанталасып жеттім. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге ұшатынымызды естігенде, қолымнан келгеннің барлығын жасаймын деп өзіме серт бердім. 7 ақпанда Газиантеп қаласына аттандық. Жасақ құрамында кинологиялық есеп және Апаттар медицинасы орталығының медициналық қызметкерлері болды», – деді құтқарушы-дәрігер.
Т. Ысқақов Қазақстаннан барған құтқарушылар 16 топқа бөлініп, үйіндіге айналған 5 үйдің астынан аман қалған адамдарды іздегендерін еске алды.
«Алғашқы 3 күнде жұмыс өте ауыр болды. Кейін тәулігіне 16 сағаттық жұмыс кестесімен еңбек еттік. Қазақстаннан барған құтқарушылар 3 адамды үйіндінің астынан аман алып шықты. Бұл жерде бізге кинологтар көп көмектесті», – деді ол.
Құтқарушы сол кезде бастан өткерген қиындықтарды да тілге тиек етті.
«Арнайы оқудан өткендіктен, үйінді астында қалған адамдары қалай құтқару керек екенін теория жүзінде білетінбіз. Іс жүзінде тиісті тәртіпті, ережені, тәсілді бұлжытпай орындау қажет болды. Қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аудардық. Үйіндінің астында адамдардың қиналып жатқаны жанымызды жегідей жеді. Кран, экскаватор секілді ауыр техникаларды пайдаланған кезде барынша абай болуға тырыстық. Қауіпсіздік шаралары сақталмаса, өзіміз де үйіндінің астында қалуымыз мүмкін еді. Үйіндінің астынан мәйіттерді алып шығу оңай болған жоқ. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың саны құтқарылғандардың санынан көп болды. Қазақстандық құтқарушылар үйіндінің астынан 88 мәйітті алып шықты», – деді Т. Ысқақов.
Құтқарушы Ауғанстанға 3 елдімекенінде де қираған үйлердің астындағы адамдардың өмірі үшін күрескен.
«Түркиямен салыстырғанда бұл жақта қиын әрі күрделі жағдай болды. Ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтірді. Балшықтан жасалған үйлер жұмысымызды одан сайын ауырлатты. Дегенмен біздің құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті», – деді Т. Ысқақов.
Кейіпкеріміз әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, оларға денсаулық пен жақындарының сенімі мен қолдауын тіледі.
«Еліміздегі, әлемдегі төтенше жағдайлардың саны қысқарсын. Антына адал азаматтардың абыройы аласармасын!» – деп қорытты сөзін Т. Ысқақов.