Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласының тұрғыны Қопабай Ихсанұлы бала кезінен бақыт құсын баптайды. Бүгінде оның құс қорасында үш жүздей көгершін бар. Олардың тұқымы да әртүрлі: латын, иран, өзбекстандық, спорттық, яғни «пошташы» көгершіндер. Кейіпкеріміз ерекше сұлулығымен, сәнімен ерекшелетін құстарды әлемнің түрлі елінен әкелген. Қопабай Ихсанұлы 60 жылдан бері айналысып келе жатқан сүйікті ісі туралы Turkystan.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Кейіпкеріміздің құстарды баптауға қызығушылығы бала кезде оянған. Қазір жасы асқаралы алпыстан асқан ол бала кездегі хоббиінен қол үзбей, оны өмірінің ажырамас бөлшегіне айналдырды. Қопабай Ихсанұлы бейбітшіліктің символы саналатын бұл құстың сұлулығына қызыққанын айтады.
«КӨК АСПАНДА САМҒАҒАНЫНА ҚАРАП ТҰРУДЫҢ ӨЗІ ҚАНДАЙ ҒАНИБЕТ»
«Кішкентай кезімнен, анығырақ айтсам, бес жасымнан бастап көгершін ұстаймын. Ол уақытта Целиноград қаласының тұрғынымын, біз тұрған жерде әрбір екінші үй кептер асырайтын. Баламыз ғой, бір-бірімізге барып, айырбастап, өзара бәстескенді қызық көретін едік. Көршіміз үлкен кісі еді, көгершін ұстайтын. Сол кісі менің қызығып жүргенімді байқап, көгершінін берді. Соны көбейттім, одан кейін түрлі тұқымын сатып алдым.
«ҮШ ЖҮЗ КӨГЕРШІННІҢ БӘРІН ТАНИМЫН»
Көгершін өсіру – оңай шаруа емес. Оны күн сайын бақылап отыруың керек. Құсшының айтуынша, олардың мінезі де әртүрлі болады. Соған қарағанда, бақыт құсына баланатын олар бабын таба білгеннің үйінде тұрақтаса керек. Кейіпкеріміз құстарға бауыр басып қалғаны сонша, оларды баласындай көреді.
Кейіпкеріміз көгершіннің күтіміне ерекше көңіл бөледі. Оларға түрлі минерал, дәрумен, дәрі-дәрмек алып қойған. Күн сайын суға екі рет дәрі қосып беретінін айтады. Балалыларын үш рет, ал балапаны өскен соң екі рет: таңертең және кешке тамақтандырады. Аптасына бір рет жуындырады.
«БІР КӨГЕРШІНГЕ БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҰСЫНДЫ»
Қопабай Ихсанұлына «Сатыңызшы» деп, көгершінін алуға өтініш білдеретіндер жетерлік. Ал өзі бұл іске бизнес ретінде қарамайтынын айтады.
«Жан-жақтан келетіндер бар. Қазір жемнің бағасы көтеріліп кетті. Соны ақтау үшін амалсыздан аздап сататын кез болады. Негізі, бизнес жасайтындар бояп, сәндеп, арнайы дайындайды. Жақында Астана қаласында өткен жәрмеңкеде құсшылар көгершінді түрлі бағаға сатты. Мысалы, жүз мың теңгеге, одан басқа басқаға. Ал бір көгершінге бір миллион теңге ұсынғанын көрдім, бірақ қожайыны оны сатпады. Сырттай қараған адам күлуі мүмкін. Алайда мұны көгершінді жақсы көретіндер ғана түсінеді. Халықаралық аукционда ең қымбат көгершін екі млн еуро тұрады. Оны жақында Қытайдың миллиардері алды. Мұндай іс-шара жыл сайын өтіп тұрады», – дейді кейіпкеріміз.
Қопабай Ихсанұлы ойында жүрген өзекті мәселені ортаға салды. Ол Астанадан құс базары ашылса дейді. Біраз жыл бұрын осы мәселені құзырлы органдарға жеткізгенде «EXPO бітпей, ешқандай жер берілмейді, базар салынбайды» деп шығарып салған. Енді осы мәселенің түйіні тарқатылса деген тілегін жеткізді.
«Бауыржан деген ініміз бастап федерация, оның филиалдарын ашып, дамытып жатыр. Астана қаласында жылына екі-үш рет көгершіндер жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз. Көкшетау, Қарағанды, Петропавл, Тараз, Алматы қалаларында да өтеді. Бір-бірімізге барып тұрамыз. Басқа қалаларда құс базары бар. Ал бас қаламыз Астанада жоқ. Осы мәселе шешілсе деген тілегіміз бар», – дейді Қопабай Ихсанұлы.