Жаңалықтар

Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар қанша жәрдемақы алды?

aikyn.kz

Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 539,6 мың отбасы қамтылды.

Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 304 млрд теңгеге жәрдемақы алды, деп хабарлады turkystan.kz.

Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 539,6 мың отбасы жалпы сомасы 304 млрд теңге мөлшерінде қамтылды.

«Оның ішінде қыркүйек айында 497,5 мың отбасына 31 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасыларындағы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.