Қоғам

«Ұлы дала баласы ұлы даланы сыпырып жүр»: Желіде Төреғали Төреәлінің видеосы пайда болды (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Төреғали Төреәлі осы жылдың 14 маусымында жол ережесін бұзып, оны полицейлер ұстады.

Әлеуметтік желіде әнші Төреғали Төреәлінің көше сыпырып жүрген видеосы пайда болды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Соттың шешімі бойынша, 40 сағаттық қоғамдық жұмыс тапсырған болатын. Түске дейін саябақта болдық. Енді осы жерді тазалап жатырмыз. Бұл – менің тәуелсіз Отаным, тәуелсіз елім, тәуелсіз жерім, тәуелсіз Қазақстаным. Әлбетте, Әнұраны, көк Туы бар елдің міндетті түрде заңы болады. Ол заңның алдында барлығымыз бірдейміз. Оған бағынуымыз керек. Міне, ұлы дала баласы ұлы даланы сыпырып жатыр. Мұның еш әбестігі жоқ. Керісінше, тазалық сақтау – сүннет. Өз жатқан-тұрған жеріңді таза ұстау, ертең ас ішетін ыдысыңды бүгін жуып қою деген тазалық. Ал тазалық иманнан емес пе?», – дейді әнші Instagram-дағы парақшасында. 

Айта кетейік, Төреғали Төреәлі осы жылдың 14 маусымында жол ережесін бұзып, оны полицейлер ұстады. Полицейлерге бағынбай, оқиға орнынан кетуге тырысқан әнші 20 күнге қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Қыркүйек айының соңында ол полицейлерді қорлағаны үшін тағы да сотқа тартылып, әншіге 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.