Жаңалықтар

Экономиканың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласы – сарапшы

bugin.kz

Ұлттық экономикалық модель қалыптастыру үшін 4 бағытты ерекше назарға алу қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық беруді тапсырды.

Turkystan.kz тілшісі Қазақстанда Ұлттық экономикалық модель қалыптаспағанын алға тартып, экономист Бауыржан Ысқақовтан мәселенің мән-жайын сұрады.

Сарапшы Ұлттық экономикалық модель қалыптастыра алмауымызға елімізге енетін экспорттық тауар көлемінің көптігі және күні бүгінге дейін республикалық бюджетті мұнай бағасымен байланыстыратынымыз себеп болып отырғанын айтты.

Маманның мәлімдеуінше, Ұлттық экономикалық модель қалыптастыру үшін 4 бағытты ерекше назарға алу қажет.

«Бірінші бағыт, дайын өнім өндіретін елге айналу. Яғни мұнайды өңделмеген күйінде емес, сұйытылған газ, реактивті отын сияқты дайын өнім түрінде сату. Бұған қоса темірден түйін түйіп, өндіріске қажетті тауар әзірлеуге машықтануды меңгеру керек», – деді экономист.

Б. Ысқақовтың айтуынша, екінші бағыт сырттан келетін импорттық тауарларды алмастырып, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл бағыт ішкі сұранысты қанағаттандыруға сеп болады.

«Үшінші бағыт ретінде экономиканың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласын таңдау қажет. Осылайша мал шаруашылығын жандандыруға күш жұмсау керек», – деді сарапшы.

Экономист адам капиталын дамыту экономикалық өсудің факторы екенін алға тартып, осыны 4 бағыт ретінде ілгерілеткен жөн екенін айтты.

«Адам капиталын ұлттық экономиканың мүддесіне қарай бейімдесек, өте жақсы нәтижеге қол жеткіземіз», – деп қорытты сөзін Б. Ысқақов.