Қоғам

Қыз алып қашсаң, сотталасың

Халықаралық ұйымдар қыз алып қашуды құптамайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қыз алып қашуға қатысты қылмыстық істердің жеке статистикасы жүргізілетінін жариялады, деп хабарлайды Turkystan.kz.

«Бүгінгі таңда бізде «бас бостандығынан заңсыз айыру» деген бап бар. Біз қыз алып қашу деген көбіне екі жақтың келісімі бойынша жасалатын жоралғы екенін білеміз. Бірақ осындай әрекет үшін ашылған қылмыстық істер мен сотталған адамдар бар. Қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу ұсынылғанын білемін. Мәжілісте осы бастама талқыланып жатса, қуана атсалысамыз. Өйткені бұл өте өзекті мәселе. Халықаралық ұйымдардың баяндамаларының бәрінде осыны бетімізге басып жатады. Олар мұндай дәстүрді қабылдай алмайды және түсінбейді. Мәселені түзетуге болады деп ойлаймын. Өйткені салтты алға тартып, азаматтардың конституциялық құқығын бұзатындар бар. Қыз алып қашуға қатысты қылмыстық істердің жеке статистикасы жүргізіледі», – деді вице-министр.