Жаңалықтар

«Жақсы ортадан іздеу керек»: Мұхамеджан Тазабек жарын қалай тапқанын айтты

Turkystan.kz

Мұхамеджан Тазабек әйелімен қалай танысқанын әңгімелеп берді.

Белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек әйелімен қалай танысқанын және жар таңдауда неге мән беру керегін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Менен көп жастар: «Аға, сіз жарыңызды қалай таңдадыңыз?» деп сұрайды. Сонда бір нәрсе есіме түседі. Сонда әрине, адам, жігіт ретінде жан-жағыңдағы қыздарға «Қайсысы менің жарым болады екен? Қайсысы ұл-қыздарымның анасы болады екен?» деп көз саласың ғой. Бірақ бір қариямен кездесіп қалғанда: «Балам, пенде болған соң шатасуың мүмкін. Құдай шатаспайды. Алладан көбірек тіле» деді. Тура сол кезде Рамазан айы келіп қалды. Сөйтіп Рамазан айында күнде бір ай бойы тарауық намазға барамын. Намазға ертерек барамын, кешірек қайтамын. Сонда Алладан: «Алла, мен де ел танып отырған жігітпін ғой. Ел жақтаған жігітті қыз жақтаған. Иә, қыз жоқ емес шығар. Бірақ нағыз менің бақытым болатын, ұл-қыздарым: «Oсындай ана таңдап беріпсіз, рахмет сізге» дейтіндей, ата-анам риза болатындай, өзімнің көңілім суымайтындай, бір-бірімізге сәйкес келетіндей жақсы адам нәсіп етші» деп жалынып сұрадым», – деді Мұхамеджан Тазабек.

Тәлімгер әйелімен қалай танысқанын әңгімелеп берді.

«Алладан тіледім деп құр отырмайсың ғой. Рамазан айы аяқталып, Алматыға келдім. Өзімнің араласатын, жақсы көретін ағам бар еді. Сол кісі үйіне қонаққа шақырды. Барып есіктің қоңырауын басып едім, іштен бір кісі ашты. Ашып қалғанда алдымда бір нәзік қыз тұрды. Бір ай бойы сұрадым. Бір күн өтпестен Алла тілегімді қабыл етіп, алдымнан болашақ жарымның шыққанын білген жоқпын. Таныс, сыйлы ағамның жақын қарындасы екен. Бірақ «бұл қыз кім болды екен?» деген ой болды. Кейін зерттей келе басы бос, жақсы қыз екенін білген соң, сөйлесе келе сол менің жарыма айналды. Жар таңдаған кезде саған ықыласпен, саған тағдырды берген, жақсылықты, бақытты берген Алладан күндіз-түні сұрау керек. Екіншіден, жарды жақсы ортадан іздеу керек», – деді айтыскер ақын.