Қоғам

Нұрлан имам мешітте қиылған некенің заңдық күші жоқ екенін айтты

Ермек Ахметов

Мешіттердегі неке қию рәсімі діни жоралғы санатына жатады.

Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов некелесу Қазақстан заңнамасына сай болу үшін АХАЖ-ға барып тіркелу қажет екенін алға тартты, деп хабарлайды Turkystan.kz.

«Еліміздегі мешіттердегі неке қию рәсімі діни жоралғы санатына жатады. Қиылған некені куәландыратын неке куәлігі некелесушілерге тек естелік ретінде ғана беріледі. Ол куәлік Қазақстан Республикасы, АХАЖ бөлімімен берілетін неке құжатына тең келетін дәрежедегі заңды күшке ие емес. Осыған орай еліміздегі барлық мешіттердегі неке қию рәсімі тек қана АХАЖ бөлімінің тіркеуінен кейін жүргізіледі. Себебі некелесудің арғы жағында үлкен жауапкершілік, зор талап, өмірлік ұрпақ тұрады», – деді Нұрлан қажы Асанов.

Имамның түсіндіруінше, неке Қазақстан заңнамасына сай болуы үшін АХАЖ-ға барып тіркелген дұрыс.

«Мешітте неке қиғызу бұл рәсімнің баламасы бола алмайды. Өйткені еліміз Конституция бойынша зайырлылық бағытын, заң үстемдігін ұстанады», – деді Нұрлан қажы Асанов.