Жаңалықтар

Астанада күдіктілерді азаптаған полицейлер сотталды

Liter.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаптау арқылы адамдардан мәліметтер алу және мойындату фактісі бойынша Т., Ә., Ж. және М.-ға қатысты үкім шығарды.

Астанада қалта ұрлығын жасады деп күдіктелген төрт адамға қатысты бірнеше рет күш қолдану арқылы психикалық зардап келтірген полицейлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаптау арқылы адамдардан мәліметтер алу және мойындату фактісі бойынша Т., Ә., Ж. және М.-ға қатысты үкім шығарды.

Соттың мәліметінше, полиция қызметкерлері алдын ала сөз байласып, қалта ұрлығын жасады деп күдіктелген төрт адамға қатысты бірнеше рет күш қолдану арқылы психикалық зардап келтірген.

«Сотта прокурор айыпты қолдап, Т., Ә. және М.-ға мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан, сонымен қатар әрқайсысын 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, ал Ж.-ға мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады», – делінген хабарламада.

Жәбірленушілер соттың қалауы бойынша заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен Т., Ә. және М. ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1, 2) тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысын мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында 3 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ж. ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

М. және Ж. «Полиция аға сержанты», Ә. және Т. «Полиция сержанты» арнайы атағынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.