Тайқазан

Астанаға келіп алданып, 10 жыл бойы автобустарда ән айтқан ата (ВИДЕО)

Махамбетәли аға биыл 63 жасқа толып, зейнетке шыққан.

2013 жылдан бері қоғамдық көлікте ән айтып, табыс тауып жүрген Маханбетәли Тұрымбетов ел ішінде «қалпақты әнші аға» атанған. Кәсіби әншіден кем түспейтін ол жолаушылардың арасынан жанкүйерлер тауып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Turkystan.kz тілшісі Маханбетәли ағамен әңгімелесіп, өнері жайлы және мұндай кәсіппен айналысуына не түрткі болғанын сұрап білді.  

«Түркістан облысы Арыс қаласында туып-өстім. Негізгі мамандығым - авиациялық құрылғы маманы, электромеханик. Арнайы музыкалық кәсіби білімім жоқ. Әншілік өнер әкемнен дарыған. Ол кісі Кеңес үкіметі кезінде бес сомдық радиодан «Жаңа әндер жаттайық» бағдарламасын қосып қойып, бәрімізге Шәмшінің әндерін тыңдатқызатын. Сондықтан болар, отбасымда барлығы шетінен өнерлі. Жұрттың қуанышында әнімізді шырқап, түрлі аспапта ойнап қайтамыз. Тыңдағандар «Концерт көргендей демалып қалдық» деп ризашылықтарын білдіреді», – дейді әнші ағамыз.

Маханбетәли аға Астанаға 10 жыл бұрын бір танысының шақыруымен шығармашылық жұмыс істеуді көздеп келгенін айтады. Алайда, ол танысы көзден ғайып болып, оған алданып қалғанын айтады.

«Жас кезімде темір жолда, сосын Шымкенттегі арнайы байланыс бөлімінде жұмыс істедім. 2013 жылы қысқартуға ілініп, кейін денсаулығым да жарамай қалған. Нәпақа табу үшін шағын дәмханаларда жанды дауыспен ән айтуды қолға алдым. Сол жерде өнеріме тәнті болған қонақтардың бірі «Қалада мүмкіндік көп, талантыңмен жақсы табыс тауып, жағдайыңды жақсартып ала аласың» деп шақырған болатын. Сөйтіп, бас қалаға барып, бағым ашылар деп ойладым. Гитарамды алып, пойыздан түскен сәтте шақырған танысыма хабарластым, тұтқаны көтермеді. Сол сәттен бері оны мүлде көрген жоқпын», – деді әнші.

Әнші Астанаға келгеннен кейін түрлі жұмыс істеп, нәпақа табуға тырысқан. Әдепкіде автобуста ән айтамын деп мүлде ойламадым дейді.

«Гитарамды көтеріп мейрамхана, тойханаларға бардым. Ондағы қызметкерлер ақшаны керісінше менен сұрады. Ауылда жинап-терген қаражатым таусылып, автобуспен әрі-бері жүргенде бір кондуктор: «Аға, сіз гитара сатасыз ба? Сізді осымен бірнеше рет көрдім», – деді. Мен оған әнші екенімді айтқан едім. Ол «Автобуста ән айтуға қалай қарайсыз?» деп ұсыныс білдірді. Алғашында мұным ұят болар деп ойладым.  Тура сол кезде алдымда тұрған орыс ұлтының әйелі: «Әу демейтін қазақ жоқ. Бір әніңізді шырқап жіберіңіз. Бәріміз қолдайық», - деді. Қазақша сөйлегеніне тәнті болған мен бірден бір ән айтып бердім. Жолаушылар таңғалып, шапалақ соқты және қалтама аз-маз ақша салып берді. Бәрі сол жерден басталды. Музыкалық білімім жоқ, нота танымаймын. Дегенмен, музыканы бір естіп алсам, соны сол күйінде қайта орындай беремін. Тез есіме сақтап аламын», – дейді өнер иесі.

Жанр таңдамайтын өнерпаз қазақша, орысша классикалық және халық әндерін, тіпті рок стиліндегі музыкаларды да орындай береді.

«Репертуарымда 200-дей ән бар.  Қала әкімдігінің өзі бұл ісімді қолдаған. Бұл Еуропа, Америкада қалыпты жағдай ғой. Алғашқы жылдары шағым білдіргендер болды. Жаңылыспасам, осы күнге дейін 10 рет полиция бөліміне бардым. Бірақ заңға қайшы нәрсе істемегенімді және еш жерде ән айтуға тыйым салынбағанын түсіндіріп, ақталдым.  Қазір арыз-шағымдар азайды. Керісінше, қолдайтындардың саны көбейді. Алайда көлікте  жақтыратыны да, жақтырмайтыны да бар. Кірген кезде міндетті түрде халықтан рұқсатын сұраймын. «Көңіліңіз көтеріңкі, жүздеріңіз жадыраңқы болып отырамыз десеңіздер, ән тыңдаңыздар. Ал қарсы болсаңыздар, бірден айтыңыздар. Онда бәріміз тым-тырыс, тымырайып, тырысып жетеміз» деймін (күліп). Егер бір адам келіспесе түсіп қалып, басқасына мінемін. Себебі адамдар қуанған жерде, менің де көңілім шаттанып, шабыттанып шырқаймын», – дейді М. Тұрымбетов.

Ол балаларының қоғамдық көлікте ән айтатынына көзқарасы жақсы екенін жеткізді.

«Халықтан ешқашан қайыр тілеп, ақша сұрамаймын. Алайда шын бағалаған жан өзі-ақ береді. Бұл ісіме намыстанбаймын. Біреуге ұнау үшін емес, өзім үшін ән айтамын. Балаларым қарсылық білдірген емес, керісінше қолдайды», – дейді ол.  

Маханбетәли аға биыл 63 жасқа толып, зейнетке шыққан. Қазір 7 баласынан 22 немере сүйіп отыр.

«Өзім де көпбалалы отбасыдан шықтым. 12 бала болдық. Сол он екінің арасында музыкаға деген ерекше қызығушылық менде ғана болды. Кез келген әуенді ұйып тыңдайтынмын. Өз балаларым да музыкаға, өнерге жақын. Үлкенім 1985 жылғы. Кенжем әлі студент. Мұғалім мамандығында оқиды», – деді әнші.

Маханбетәли аға қуатым кеткенше ән айтуды жалғастыра беремін дейді. Ең бастысы, ол кәсібін сүйікті ісіне айналдыра білген бақытты жан екенін айтады.

«Қазір байып кету – мақсатым емес. Адам қанағатшыл болуға тиіс. Өзімді жұлдыз санамаймын, бірақ танып, жылы лебізін білдіретіндерді кездестіремін. Әншінің абыройы халықтың сыйымен ғана артады. Атаққа мастанып, халықты менсінбей жататындар бар. Олар халықтан биік емес», – дейді М. Тұрымбетов.