Мәскеуге көшкеніме отыз үш жыл болса да, қазақ тілін ұмытпадым – Татьяна ПОЛТАВСКАЯ
"Онда маған қазақ тілін үйренуге қолайлы орта жасалды"
Қазақстанда үш Татьянаны білмейтіндер кемде-кем болар. 70-80-жылдары қазақ әндерін әуелеткен Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко және Татьяна Полтавскаялар ел ішінде «Үш Татьяна» атанып, көпшіліктің ықыласына бөленгені белгілі. Өткен аптада сол «Үш Татьянаның» бірі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Полтавская Астанада өткен «Отандастар» форумына қатысу үшін арнайы Мәскеуден келген еді. Сол кезде Мәскеуге көшкеніне 33 жыл болса да қазақ тілін ұмытпаған, қазақ мәдениетін насихаттап жүрген қайраткермен аз-кем сөйлесудің сәті түскен еді.
– «Отандастар» форумы дер кезінде өтіп жатыр. Әрі қазіргідей уақытта бұл іс-шараны өткізу өте өзекті қадам деп айтар едім. Бүгін көп елде түрлі салада істеп жүрген қазақтар өз ойын ортаға салды. Мысалы, мен мәдениет туралы сөз қозғадым. Көп жағдайда мұнда қазақ тілін сақтап қалу мәселесі айтылды. Өз тәжірибем туралы айтар болсам, мен Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында туып-өстім. Онда маған қазақ тілін үйренуге қолайлы орта жасалды. Одан бөлек, ынта мен мүмкіндік болды. Осы үш фактор болса, кез келген адам тілді тез үйренеді. Тіл – тірі организм. Оны суғарып, күтіп ұстамасаң, ол өліп, солып қалады. Мен бүгін мінберде маған бұл мүмкіндікті берген киелі Жаркент жеріне, тіпті ойнақтап өскен көшеме дейін алғысымды айтып, қатты толқыдым. Панфилов ауданы – менің күш алатын жерім. Бұл – менің бастауым. Мен оны ұмыта алмаймын. Үнемі түсімде көремін. «Отандастар қорының» қызметкерлері форум туралы ролик жіберген кезде, көз жасымды тыя алмадым. Шынымен көп жыладым. Сол кезде «Анам мен күйеуім ауырып жатқанда форумға қалай барамын?» деп басым қатты. Туған жерге деген сүйіспеншілігім бар екенін білетін анам: «Бізге қарама. Бар. Бармасаң, жылайсың. Бармақ тістеп, өкінесің» деп қолдау білдірді. Анамның айтқанына құлақ асып, Астанаға келгеніме қуаныштымын. Ресми өкілдерден бөлек, қарапайым тұрғындардың ерекше ықылас танытып, асты-үстіме түсіп жатқанына қуаныштымын. Олар «Сексенінші жылдардағы Таня Полтавскаяны» әлі біледі екен. Төбем көкке бір елі жетпей жүрді. Аға буын мен орта буын «Сізді менің ата-анам таниды» дегенде жүрегім елжіреп сала берді. Мен тарихи Отанымды бағалаймын. Ерекше құрметтеймін. Туған жерден артық ешқандай жерді көрмедім. Ресейге көшкеніме отыз үш жыл болса да, қазақ тілін ұмытпадым. Бәрі «Бұл қалай?» деп сұрайды. Мен қазақша ойланамын, сосын қазақша сөйлеймін. Форум кезінде көп адаммен таныстым. Қытайдан келген режиссер қазақ әйел ерекше әсер етті. Кеше дастарқан басында бірге отырғанда бауырсақты алып «Мынаны қарашы. Иісі қандай керемет! Ана қазының дәмін айтсаңшы. Сендер Қытайда осындай әзірлейсіңдер ме?» десем, «Иә» дейді. «Лағман жасайсыңдар ма?» десем, «Әлбетте» дейді. Екеуміз ортақ әңгіме айтып, біраз шүйіркелестік. Бұйырса, Қытайда кездесеміз деп келістік. Сондағы қазақтардың арасына барып өнер көрсеткім келеді. Мен Қазақстанда жиған-тергенімді әлі күнге дейін азық етіп келемін. Ресейге кетсем де, мамандығыма адалмын. Білім беру ісіне адалмын. Одан бөлек, Мәскеуде қазақ ән мәдениетін насихаттаумен айналысып жүрмін. Оған қоса, халықаралық достық үйіне жетекшілік еттім. Мәдени-гуманитарлық миссия атқардым. Сөйтіп жүргенде қазақ диаспорасымен етене араластым. Үнемі олардың қасынан табылдым. Қазақстаннан көшсем де, ештеңе жоғалтпадым. Мәскеуліктер мені қазақ диаспорасының мүшесі ретінде қабылдайды. Түр-әлпетім қазаққа ұқсамаса да, қоныс аударғаныма отыз үш жыл болса да, мені қазақ деп қабылдайды, – дейді Татьяна Полтавская ағынан жарылып.