Экономика

46 млн теңгеге салынған: Көлсай, Қайыңды көлдеріндегі әжетханалар істемей тұр

Оның біреуіне электр жарығы да, су да тартылмаған.

Алматы облысында Көлсай, Қайыңды көлдерінде бюджеттің 46 миллион теңгесіне салынған модульдік дәретханалар жұмыс істемей тұр. Оның біреуіне электр жарығы да, су да тартылмаған. Бұл сорақылықты Антикор арнайы тексеріс барысында әшкере қылған. Құзырлы орган өкілдері осы облыстағы демалыс орындарына барып, туристерге мүлдем жағдай жасалмағанына көз жеткізіп қайтты, деп хабарлады turkystan.kz Информбюроға сілтеме жасап.

Қоқысқа толған Көлсай, талапқа сай келмейтін ақылы дәретханалар, әбден тозығы жетсе де туристерді тасымалдап жүрген автобустар. Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалауға келген блогер демалыс орындарының қызмет көрсету сапасын сынға алып, парақшасына жариялаған. Александр Синтовский Сатыда туристер үшін қолайлы жағдай мүлдем жасалмаған деп налиды. 

Осы бейнежазбадан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Көлсай, Қайыңды мен Есіктегі бірқатар демалыс орындарына бас сұқты. Қорытындысында былтыр ғана 11,4 миллион теңгеге салынған төрт бірдей модульдік дәретхананың жұмыс істемей тұрғанын анықтаған. Туристік орындарда одан бөлек те былық көп дейді құзырлы орган өкілдері.