Ұлы қолбасшы һәм саясаткер
Ақтөбе облысында «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
ХVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығы тұсында үш жүздің басын қосып, жаудың белін сындырған баһадүр Әбілқайыр ханның туғанына 330 жыл толуына орай ұлы тұлғаның есімін ұлықтау мақсатымен Ақтөбе облысында «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Аталған шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайында өтті. Оған «Хан моласына» 30 жылдан астам зерттеу жүргізіп, Әбілқайыр ханның жерленгенін дәлелдеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған республикаға белгілі ғалымдар, Әбілқайыр хан тұлғасын және оның заманын зерттеген шетелдік тарихшылар қатысты. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі Гүлбану Ізбасарова жүргізіп отырды. Шарада алдымен сөз сөйлеген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қазаққа елдігінен, бірлігінен айырылу қаупі төнген кезде халқымыздың тарихындағы ең бір ауыр кезеңде ел басқарған, бүкіл ғұмырын ат жалында өткізген Әбілқайыр хан екенін, ұлы қолбасшының ел тарихындағы орны ерекше екенін жеткізіп: – Бүгін бас қосып, ұйымдастырылып отырған конференция барысында сонау аумалы-төкпелі уақытта батыл шешім шығарып, жауларына қасқая жауап беріп, терезесі тең мәмілегерлік саясат жүргізген Әбілқайыр ханның тарихи тұлғасына қатысты «ақтаңдақтарға» жаңаша көзқарас қалыптастырып, бағасын беру үшін жиналып отырмыз. Әбілқайыр ханның тарихи тұлғасы төңірегінде аз жазылған жоқ. Әр кезеңнің тарихшылары мен зерттеушілері оның іс-әрекеті мен ұстанған саясатына өз заманына лайық баға берген еді. Заман өзгеріп, өткеннен ұлағат ұқтырған ғалымдар ел тағдырына қатысты көптің алдына шығып, ақылдылық, көрегендігі мен көсемдігі арқасында ұлан-байтақ қазақ даласын сыртқы жаулардан қорғап қалған дулығалы дала перзентінің еңбегін деректер арқылы шынайы бағалап берді. Сайын далада тұлпарлар дүбірімен өмірі күрес пен тартыста өткен Әбілқайырдың алдында елдің амандығы мен жердің тұтастығын сақтап қалу міндеті тұрды. Халықты ауызбіршілікке шақырып, еркін елдің ерлерін қасына ерткен батыр қалың қолымен жаудың сағын сындырып, кейін шегіндіреді. Арыстандай айбатты, жүректі қолбасшы, қайтпас, қайсар мінезді Әбілқайыр хан қазақ халқы үшін маңызы бар шайқастарда үлкен жеңіске жетуі – кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Әбілқайыр ханның өмірлік жолын зерделеуде оның өмірлік жары, ақылшысы Бопай Сүйіндікқызы туралы еске алмай кетпейміз. Бопай ханымның деректерде есімінің қалуы Әбілқайыр ханның атын өшірмей, ісін қолдап, қоғамдық маңызы бар мәселелерге араласуынан болатын. Сондықтан болар, келген елшілер мен хаты жеткен көрші мемлекеттердің билеушілері Бопайдың алғырлығы мен ақылына тамсанған. Өкінішке қарай, Бопай Сүйіндікқызы теріскейдегі көрші мемлекеттің жерінде жерленген. Осындай қоғамдық маңызы бар шара аясында Бопай Сүйіндікқызының жерленген жерінен алынған бір уыс топырақты асыл жары, қазақтың ханы, мәмлегер, саясатшы Әбілқайыр Қажысұлтанұлының бейітіне салу жоспарланып отыр, – деді. Бұдан кейін конференцияда баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғали Әбілқайыр ханның қабірін табу оңай болмағанын, оның басына 1982 жылы белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бастаған бір топ барғанын жеткізді. – Кезінде Николай Рычков Әбілқайыр ханның бейітінің басында ту бие сойылып, үлкен ас берілгенін жазған. Қазақтың тұрмыс-салтын жақсы білетіндер ежелгі уақытта көктемде ас беретін кездің аз болғанын түсінеді. Ас әдетте жазғытұрым беріледі. Николай Рычков Әбілқайыр хан зиратының үстіне кірпіштен мавзолей сипатындағы бейіт тұрғызылған, мәйітті сол жерге өз киімімен, қару-жарағымен көмген деп жазады. Хан ауыр жарақаттан көз жұмды. Әрине, хан денесін жуындырып, арулап, тез жерлеу керек болды. Ол ханға лайық мұсылман дәстүрімен жерленген. Сондықтан біз, тарихшылар, хан жауынгер киімімен жерленді дегенмен келіспейміз. 23 жылдан кейін әкесінің беделін көтеріп, оған үлкен мазар салуды сұраған Нұралы хан оның қасына қару-жарақты қойып, әдейі үлкен ас беріп, оның халық арасындағы беделінің өлгеннен кейін де жоғары екенін орыс билігіне дәлелдегісі келген. Мұндай қарама-қайшылы деректер келтірілгенде, зерттеу жүргізу қиын. Алайда біздің тапқанымыз ханның моласы екені анық. Мен мұны көп жыл бойы саралап, мамандардың пікіріне сүйеніп, қорытынды жасадым, – деді ол. «Хан моласын» зерттеген тарихшы алдағы уақытта облыстағы ескерткіштердің болашағына алаңдайтынын жеткізді. Сол себепті көп ұзамай «Ақтөбе облысындағы мәдени-тарихи ескерткіштер» жиынтығын жасақтау қажет екенін айтты. – Бүгінге дейін еліміздегі ескерткіштерге 50-ден астам экспедиция жүргіздім. Соның 34-і Қазақстанның батысында өтті. Моңғолия, Қытай жерін де зерттедім. Сондықтан қазіргі заманда ескерткіштердің болашақтағы рөлін ойлануымыз керек. Мысалы, Ақтөбе облысы – ескерткіштерге ең бай аймақ. Өңірде белгілі тұлғаларға арналған ғана емес, әртүрлі сәулет өнерін, мәдениетін жоғары деңгейде көрсететін ескерткіштер баршылық. Сондықтан облыс басшылығына айтарым, өңірде бес жылдық бағдарлама қабылданып, соның аясында «Ақтөбе облысындағы мәдени-тарихи ескерткіштер» жинағын шығару керек. Бұл бір томға сыймауы мүмкін. Мұны айтып отырған себебім, облыста әлі ескерткіштер туралы жазылған энциклопедия жоқ. Егер осындай еңбек жарыққа шықса, онда өңірдегі туризмді де дамытуға мүмкіндік болады. Жас ұрпақ өңірдегі осындай құнды ескерткіштердің тарихымен танысады, біледі, оқиды. Осы орайда 2024-2028 жылдарға арналған бірнеше маршруттан тұратын экспедиция ұйымдастырылса деген ұсынысым бар, – деді С.Әжіғали. Бұдан кейін басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры Амантай Исин «Әбілқайыр ханның хаты және XVIII ғасырдағы қазақ ескі жазба тілінің кейбір ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. – Әбілқайыр хан – ірі саясаткер, бірнеше халықтың тағдырына әсер еткен тұлға. Олардың қатарында башқұрт, қалмақ, ноғай, қарақалпақ, тіпті Ресей империясы, Хиуа мемлекеттері де бар. Бұл кісінің осы аумақтарда билік жүргізгендегі оқиғалары – таусылмайтын тақырып. Себебі әлде де зерттейтін дүние өте көп. Мәселен, мен Әбілқайырдың 1730 жылы Петерборға елшілер арқылы жіберген хатына ерекше назар аудардым. Бұл хат жақсы сақталған. Бұл жан-жақты зерттеуді қажет ететін құжат екені белгілі. Хатта сөздер негізінен жарлық сөзімен аяқталған. Яғни, «қол астыңыздағы халықтарға сіз ықпал етіңіз» деген мағынада жіберілген. Бұл хатта тілек те, талап та бар. Хан Ресей империясына жеңіл түрде мойынсұну есебін қазақ пен башқұрттың арасында Ресей құзырымен бейбітшілік орнату мүддесімен шебер байланыстырған. Өйткені башқұрттар – Ресей қол астындағы ел. Ханның хаттағы сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, төменшіктей сөйлеу деген байқалмайды, – деген ол өзі зерттеп-зерделеген бірнеше тарихи тұлғаның хаттары жайлы әңгімелеп, нақты деректер келтірді. Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, РҒА Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері Александр Кадырбаев, тарих ғылымдарының докторы, РҒА Қалмақ ғылыми орталығының тарих бөлімінің меңгерушісі Владимир Тепкеев, тарих ғылымдарының докторы, Мәскеулік қалалық педагогикалық университетінің Отан тарихы кафедрасының профессоры Дмитрий Васильев, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі Гүлбану Ізбасарова, т.б. баяндама жасап, Әбілқайыр ханның өмірбаяны мен қайраткерлік тұлғасына қатысты құнды мәліметтерді көптеп келтірді. Аталған шараға Әбілқайыр ханның тоғызыншы ұрпағы Амангелді Жангереев те қатысты. Ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универсиеті фтизиатрия және пульмонология кафедрасында бес жылдан бері қызмет етеді. – 2011 жылы Әбілқайыр ханның моласы табылғанда мен Мәскеуде жұмыс істеп жүргенмін. Содан біз қан тапсырып, оның нәтижесі оң болып шықты. Әбілқайыр бабамыздың ол кезде нағыз портреті анықталмаған еді, содан антропологтар соңғы технологиялардың көмегімен бюст жасап шығарды. Сол кезде бабамыздың портретін көріп, менің кіші ұлым Вахтангтың хан бабасынан айнымай қалғанын аңғардық. Енді, міне, содан бері біраз уақыт өтті. Биыл Әбілқайыр ханның 330 жылдығы облысымызда кеңінен атап өтіліп жатыр. Жан-жақтан тарихшылар, зерттеушілер жиналып, қазақтың тарихынан ойып тұрып орын алатын Әбілқайыр хан туралы өз зерттеу жұмыстарын ортаға салуда. Жалпы, өзім бабамызға осындай құрмет көрсетіліп жатқанына ризамын. Әбілқайыр хан туралы біздің елімізде құнды ақпараттар аз. Көп адам хан туралы сөз қозғағанда әртүрлі кереғар пікірлер айтады. Сондықтан әлде де тарихшылар, ғалымдар тың ақпараттар тапса, өте дұрыс болар еді, – дейді А.Жангереев. Медицина ғылымдарының докторы, профессор сөз арасында отбасында Азамат, Асқар, Вахтанг, Карина есімді балаларынан немере сүйіп отырғанын, олар түп аталары – Әбілқайыр хан туралы көп ақпарат білетінін жеткізді.
*** Түстен кейін аталған іс-шара аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі Гүлбану Ізбасарованың «XVIII ғасыр-ХІХ ғасыр басындағы Ресей империясының аймақтық саясатындағы Батыс Қазақстан» монографиясының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Есет батыр шағынауданында Бопай ханым атындағы көшенің салтанатты ашылуы өтті. Оған Бопай ханымның ұрпақтары, Маңғыстау, Атырау облыстарынан келген қонақтар, аудан тұрғындары қатысты. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай биыл «Хан моласы» мемориалдық кешеніне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген. – Биыл кесененің іші де, сырты да жаңартылды. Ішіне Құран сүрелері қойылды, интернетпен де қамтылды. Былтыр шырақшы үйі салынса, бүгінде оған штат бөлініп, балансқа алынды. Қазір мерейтой қарсаңында іс-шаралар жалғасып жатыр. Оның ішінде ең бір айта кетерлік жаңалық, біз биыл Бопай ханымның жатқан жерінен арнайы топырақ алып келдік. Сол топырақты салу рәсімі Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» мемориалдық кешенінде өтті. Ол жерде баба рухына тағзым етіліп, ас берілді және кешенге экскурсия жүргізілді. Биыл сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен драматургия саласында Әбілқайыр хан жайлы драмалық шығарма жазу тапсырылған болатын. Осы іс-шараның аясында Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында «Әбілқайыр хан» қойылымының тұсаукесері өтеді. Бұл қойылыммен театр ұжымы алдағы уақытта басқа өңірлерге де барады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы. Бопай ханымға арналған көшенің ашылу салтанатына арнайы келгендердің бірі — атыраулық Олжабай Шалқарұлы. – Біз де осы кісінің ұрпағымыз. Сонау Құлсары қаласынан арнайы келіп қатысып отырмыз. Отбасында өзім үш ұл, үш қыз өсіріп тәрбиеледім. Көп жыл мұнай саласында қызмет істедім. Міне, бүгін, Ақтөбе халқы кіші жүздің отыз жылға жуық ханы болған, елдің тұтастығын сақтап, қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қолбасшы Әбілқайыр ханның 330 жылдығын сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Сондай-ақ оның зайыбы, апамыз Бопай ханымға да көше беріліп жатыр. Өте қуаныштымыз. Осындай ел болуымызға үлес қосқан тұлғаларды ұлықтасақ, жас ұрпақ өткен тарихты есте сақтайды деп сенеміз, – дейді ол. Айта кету керек, Бопай ханым (Бәтима) – Әбілқайыр ханның бәйбішесі, оның ісі мен саясатын жалғастырушы. Ол 1690 жылы туып, 1780 жылы өмірден озған, төре әулетінде зор беделге ие болған. Ол Әбілқайыр ханнан алты ұл, бір қыз туған.
Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы