Құрылысы баяу LRT-ның жүрісі қашан жүрдек болмақ?
2 жылдан кейін LRT құрылысының басталғанына 20 жыл толады. Сонша күткен жүрдек пойыз жолы 2 жылда салынып біте ме?
Елордадағы LRT-ны білмейтін адам кемде-кем. Оған қатысты халық арасында «жемқорлыққа арналған ескерткіш» деген мысқыл сөз де кең тарады. Сонау 2005-2006 жылдары басталған жоба уақыт өте келе жемқорлардың ордасына айналды. Осының бәрі елдің көз алдында жүріп жатты. Сондықтан болар халықтың LRT-ға деген сеніміне селкеу түскен. Бүгінде құрылысы қайтадан қарқын алған LRT-ға өткен-кеткен жұрт қызығушылықпен қарамайды, самарқау ғана көз тастап өтеді. Жеңіл рельсті жүрдек көліктің халықтың пайдасына жарайтынына халық әлі де илана қоймайтын секілді. Мемлекет басшысының да жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтқаны есімізде. Есеп комитеті де бұл жобаның өзін ақтамайтынын мәлімдеді.
LRT жобасы жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның бастамасымен шыққан. Ол алғашында қаланың Бас жоспарының жалғасы іспеттес болған. Үлгі ретінде 4 нысан салу жоспарланған. Біріншісі – тұрғын үй кешені, екіншісі – саябақ. Сәулетшінің үшінші жобасы – үш қабатты су бульвары. Төртіншісі – LRT. Бүгінде Курокава ұсынған 4 жобаның ішінде тек көпқабатты тұрғын үй кешені жоспары ғана сәтті іске асқан.
Аққу, шортан һәм шаян...
Сонау 2000-жылдары қаланың Бас жоспары бекітіліп, құрылыс саласы тоқтаусыз жүріп жатқан тұста біраз сәулетші LRT құрылысына қарсылық білдірген. Алайда елорданың сұлулығын асқақтататын ерекше жоба ретінде 2005-2006 жылдары LRT жобасын жасау мәселесі қайта көтеріле бастады. Сол кездегі Президент тапсырмасымен бас шаһардың сол тұстағы әкімі Өмірзақ Шөкеев жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынады. Алайда Шөкеев қала әкімі қызметінен ауысқан соң жоба аяқсыз қалады. Кейін елорда әкімі болған Асқар Мамин LRT-дан бас тартып, BRT (жүрдек автобустар жүйесі) салу керек деп шешті. Қала халқын немен тасымалдаймыз деп бас қатырып жүргенде Мамин қала әкімі қызметінен кетіп, LRT да, BRT да тоқтап қалды. «Тартады Аққу көкке, Шаян кейін, Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін» дегендей, бірі LRT қажет десе, қала әкімдігіне келген келесі «команда» BRT керек деп, елді әуре-сарсаңға салды.
2008 жылы бас шаһарға әкім болып келген Иманғали Тасмағамбетов LRT идеясының бойына қан жүгіртті, жобаны қолдады. Сөзден іске көшті, «Astana LRT» ЖШС мекемесі құрылды. Жобаны Франция үкіметі мақұлдап, 570 мың еуро грант бөлді. Сөйтіп, 2011 жылы қала күніне орай жобаның қазығы қағылды. Жобаның қыруар қаржыны талап ететіні басынан анық еді. Сол кездің өзінде LRT-ның құны 2,3 млрд доллар деп айтылып жүрді. Жоба бағасы тым қымбаттап кеткен соң сарапшылар қайтадан балама нұсқалар іздей бастады. Осы тұста BRT жобасы қайта қаралды. Алайда сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбеков жеңіл рельсті трамвай құрылысын аяқтауды қолға алды. 2014 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен LRT құрылысы жайында келісімшартқа қол қойылды. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 900 млн теңгеге жетті. Аталған келісімшарт бойынша ҚХР Даму банкінен 20 жылға несиеге алып, үстемеақысымен 2 млрд 600 млн долларға жуық қайтаратын болған. Алғашқы жоспар бойынша LRT рельсінің ұзындығы – 22 шақырым, аялдамасы – 18, ал жұмыс істейтін пойыз саны 19 болады деп бекітілді.
Ашық дереккөздерде «Астана LRT» 2016 жылғы қыркүйекте құрылыс келісімшартынан бөлек, сырттан негізсіз қарыз алуға өтініш берген. Сол жылдың желтоқсан айында қаржы «Астана банкінің» шотына түскен. Осылайша, Қытай даму банкінен алынған 415,5 млн доллардың тек 86 млн-ы ғана құрылысқа жұмсалған. Есеп комитеті «257,6 млн «Астана банкінің» салымына салынып, оны алу мүмкіндігі төмендеген» деп есеп берген. Жоба 2017 жылы ЭКСПО әлемдік көрмесіне дейін толығымен бітуге тиіс еді. Көрме ашылған жылы тек LRT бағаналары ғана тұрғызылды. Осылайша, бір орында табандап тұрған құрылыстан тағы да шикілік шыға бастады. 2018 жылы «Астана банкі» лицензиясынан айырылып, құрылысқа деген 258 миллион доллар банкте «күйіп» кеткен. Кейін Проблемалық кредиттер қоры қаражаттың тек 3,4 млрд теңгесін әзер қайтарып алғанын жариялады.
Қу кетті, іс бітпеді
LRT-ға 2015-2019 жылдары бюджет 150 млрд теңге бөлді. Оның 40,7 миллиарды − жерді алуға, 124 миллиарды − құрылыс келісімшартын жасауға, 31,4 миллиарды несиені жабуға жұмсалған. Соның өзінде жұмыстың бар-жоғы 17 пайызы орындалған.
Жаңа жоспар бойынша LRT-ның құрылысы 2019 жылғы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда қытайлық инвесторлар құрылысты қаржыландыруды тоқтатты. Құрылысы толықтай тоқтаған LRT-ға байланысты 2019 жылы «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. Аса ірі жобаның құрылысы барысында 5,8 млрд теңге қаржыны жымқыру ісі бойынша сот процесі 2020 жылғы 29 қазанда басталған. Сот барысында «Astana LRT» жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені талан-таражға салды деген күдікпен бірнеше лауазымды тұлғаның ісі қаралды. Ақша жымқыру ісі бойынша жеті айыпталушыға үкім жарияланды. Оларға «ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету» және «өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау» баптары бойынша айыптар тағылған еді. Қылмыстық іс 155 томға жеткен!
Алайда қылмысқа шын жауаптылардың шетелде қашып жүргені қынжылтады. Ұзынқұлақтан естуімізше, компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда, ал екінші күдікті Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та жүр. Олар 7 жылға сырттай сотталды. Осылайша, қаймақ жегендер құтылып, қазан жалағандар тұтылды. Әзірге...
LRT жобасы десе, есімізге қазақтың «Бір қазан сүт» ертегісі түседі. Ертегіде айтылатын: «Көбелек келіп күмп етіп, Көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, Жарымын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, Қалғанын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, Сарқып ішіп ол кетті. Қырғауыл келіп қиқу сап, Қазан түбі қаспағын, Қырнап ішіп ол кетті» деген жолдар нақ осы сағызша созылған LRT құрылысындағы жемқорлыққа арналғандай. Бұл жобадан бірі жымқырып, екіншісі ұрлап, үшіншісі қап түбін қағып, әйтеуір, қолынан келгендер қоныштан басып, өз «несібесін» алды. Зиянын шегіп, зардабын тартқан халық. Биліктегі кейбір тойымсыз, қанағатсыз, беттің арын белге түйген безбүйректердің кесірінен халық жайлы, сапалы тасымал құралынан құр қалды. Қаланың көркін құртқан алып бағандар тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып, кептеліс жасады. Ал осыған нағыз кінәлілер халықтан алыста, шетелде. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ал талан-таражға түскен ақшаның обал-сауабы кімнің мойнында? Қашқан қылмыскерлерді ұстап, шығынды өндіруге мемлекетіміздің қауқары жетпегені ме? Сұрақ көп, жауап жоқ...
LRT өзін өзін ақтай ма?
Мемлекетімізді миллиардтаған шығынға батырған жоба құрылысы биыл қайта жанданды. Оған себеп Мемлекет басшысының: «Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – LRT құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба. Оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ», – деген сөзі. Осылайша, Үкімет пен әкімдік күмән туғызатын «даулы жобаны» қайта іске қосуға бел буды. Себебі басқа амал жоқ. Басталған шаруа аяқталуы керек. Өйткені тым көп күш, қыруар қаражат жұмсалды.
Damu Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаев LRT құрылысына қатысты Kursiv Media Казахстан порталында өз ойын бөлісіпті. Сарапшының пікірінше, LRT жобасын салудың ешбір экономикалық тиімділігі жоқ.
– Оны жалғастыру, аяғына дейін салу – бұл саяси шешім және оны Президент қабылдады. Жоба іске қосылғанның өзінде оған әрдайым бюджеттен субсидия бөліп тұру қажет. Мүмкін, болашақта, Астананың халық саны күрт көбейсе, келген туристер көп болса, алыс болашақта LRT өзін-өзі ақтайтын да шығар, бірақ алдымыздағы жылдарда бұл тек мемлекеттік не қалалық бюджеттен ақшаны сорып отыратын жоба, өкінішке қарай. Мысалы, Алматы қаласының метросы да бастапқыда үлкен шығын әкелетін жба болды. Алайда оны ұзартып, жаңа стансалар іске қосылған сайын, адамдар тасымалы өсуіне байланысты бұл жоба шығыны азайып келеді. Айтарлықтай пайда әкелмесе де, өзін-өзі ақтап тұрады. Себебі метроны пайдаланатын адам саны өсіп келе жатыр. Сәйкесінше, метрополитеннің табысы да жылдан-жылға артуда. Сол сияқты LRT да болашақта өзін ақтауы мүмкін. Ал субсидиялау туралы өзге сарапшылар айтып жүргендей, нақты 20 млрд бола ма, әлде одан көп пе, аз ба, оны айта алмаймын. LRT жобасы – бұл инвестициялық емес, жоғарыда айтылғандай, саяси жоба. Нақтылай айтсақ, Астананың имиджін көтеру үшін жасалған жоба. Әрине, әрбір тиынының қайтарымын есептейтін жеке бизнес-жоба болғанда, бұл құрылысты әлдеқашан тоқтатып тастайтын еді. Алайда саяси шешім қабылданып қойды. Сондықтан жоба тиімсіздігіне қарамай аяғына дейін жеткізіледі деп ойлаймын, – дейді ол.
Мемлекет басшысының шешімінен кейін сең қозғалып, әкімшілік сарапшылармен кеңесіп, ел пікіріне құлақ түре бастады. Халықаралық мамандар мен ел азаматтарынан 400-ден астам ұсыныс түскен. Нәтижесінде, азаматтардың 51 пайыздан астамы жобаның жалғасқанын қаласа, 42 пайызы өзге балама нұсқа қарастыру керегін алға тартқан. Ал ұсыныс білдіргендердің 7 пайызы құрылысты толық сүріп тастау қажет деген.
– Біз бірнеше нұсқаны қарастырдық. Оның ішінде осы нысандарды бұзып, орнын тазарту идеясы да болды. Бірақ қалада 500-ден астам бағана бар. Оны толық бұзып тастау үшін шамамен 20 млрд теңге қажет. Сондықтан бюджеттен көп қаржы жұмсалғанын ескере келе, LRT құрылысын толық аяқтау ойға қонымды деп шештік. Дегенмен үнемдеуге тура келеді. Бастапқыда жобаға 1 млрд доллардан астам ақша қажет болатын. Ал біз шығындарды қысқарту арқылы құрылысты аяқтауға 577 млн доллар қажет деп отырмыз, – деген болатын елорданың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов.
Біршама оңтайландырылып барып құрылысы қайта жанданған LRT-да енді бұрынғыдай 18 емес, 8 станса ғана қалған. Жоспарланған 19 жылжымалы құрамның бесеуі ғана жүрмек. Осының есебінен жобаны аяқтауға қажетті қаражат 1 млрд доллардан 577 миллионға дейін түсіпті-мыс. Енді әр құрамға жалпы саны 600 адам сиятын 4 вагон жалғанады. Ал транспорттың жүру жиілігі 15 минут болады.
Біз тұрғындарды жүрдек пойызбен тасимыз деп алаулатып-жалаулатып жүргелі 18 жылға жуықтапты. Қанша ақша желге ұшқаны бір Аллаға ғана аян. Бір жобаны аяқтай алмай жатқанымызда, Дубайдағы әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж-Халифа 6 жылдың ішінде салынып бітті. Жұмсалған қаражат – 1,5 млрд доллар. 822 метрлік ғимарат бізден арзан шыққанына таңғалмасқа амалың жоқ. Ыстанбұл мен Барселона секілді мегаполистердегі жеңіл рельстің 1 шақырымына шамамен 7,2 млрд теңге жұмсалған. Ал Қазақстандағы LRT-ның 1 шақырымы 38 млрд теңгеге бағаланып отыр. Салыстыруға Дубайды алыссынсақ, мына тұрған Өзбекстанды алайық. Ташкенттегі жер үсті метросы LRT-дан 2 есе ұзын және құны 4 есе арзанға түскен. Жалпы құны – 422,3 млн доллар. Жобаның 11 шақырымдық 1-кезеңін үш-ақ жылда салған. Ұзындығы 52 шақырымдық жерүсті жолы Ташкенттің халық тығыз қоныстанған 8 ауданы аумағынан өтеді. Сарапшылардың айтуынша, біздегі ұзындығы небәрі 22 шақырымды құрайтын LRT өзін-өзі ақтауы үшін 125 жыл керек екен.
Серік РҮСТЕМБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі:
LRT басқаларға сабақ болды
– Саяси шешім қабылданды, енді соңын күткеннен басқа амалымыз жоқ. LRT бірнеше он жылдықта өзін-өзі ақтамайды, тек шығын әкеледі. Егер шақырымын ұзартып, стансаларын көбейтсек, ақтауы мүмкін. Кисё Курокаваның жобасы бойынша LRT ескі вокзал мен әуежайды қосатын. Бүкіл қаланы қамтитын. LRT оң жағалау мен сол жағалауды қосатын магнит болатын. Ал қазір оң жағалау өз бетімен қалды. Жобаның екінші кезеңінде оң жағалауды қамтимыз деп жатыр. Мүмкін сол кезде тиімді болатын шығар. Бірақ оған тағы да 10 шақты жыл керек. Жобаның басынан қате екенін сол кезде білікті мамандар айтты. Бірақ билік мамандармен кеңескен жоқ, өздері шешті. Менің білуімше, мемлекеттік сараптаманың өзі тиімсіз жоба деп пікір білдірген. Кисё Куракова жердің бетімен жүретін жоба ұсынды. Бірақ біздікілер оны жердің үстіне шығарды. Сондықтан жобаның құны да қымбаттады.
P.S. 2 жылдан кейін LRT құрылысы-ның басталғанына 20 жыл толады. Сонша күткен жүрдек пойыз жолы 2 жылда салынып біте ме? Сақалды құрылыс басталғалы қалада 6 әкім ауысыпты. Қай әкім болмасын «бітіреміз» деген жауаптан танбай келеді. Алайда біткен құрылыс жоқ. Бүгінде жалғастырып салып жатқан қытайлық «China Railway Asia Europe Co., Ltd» компаниясы. Компания осыған дейін Қытайда ұзындығы 16 мың шақырымға жететін 300-ден аса теміржол магистралін салған. Құрылыс басында жүрген 700-ден аса маман Қытайдан келген. Жыл соңына дейін тағы 1 000 маман шақырылмақ. Осы істің бәрі LRT құрылысын жандандырып, жолаушылар тасымалына үлес қосса қуанарымыз анық.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ