T-Newspaper

Аманжол Әлтаев, Мәжіліс депутаты: Діни ағымдарды ретке келтіретін заң жуықта Парламент талқысына шығады

ашық дереккөз

"Бұл жат ағым­дар­дың барлығының түпкі мақсаты – мис­сио­нерлік пиғылдарын іске асыру. Бізді ұлт­тық келбетімізден, қасиетімізден айы­рып, өздерінің идеологиясын тықпалады. Сон­дықтан енді біздің бұл мәселе жөніндегі әрбір қабылдайтын шешіміміз нақты және қатаң болғаны дұрыс. Бірінші кезекте, біз бұған заңнамалық тұрғыда нақты тыйым салуымыз керек".

Жуықта Парламент депутаты Аманжол Әлтаев Мәжіліс мінберінде теріс діни ағым­­дар жайлы өзекті мәселе көтергені ел есінде. Мәжіліс депутатына жолығып, осы даулы тақырып жөнінде және Пре­зи­­дент Жолдауындағы өзекті мәселелер жайында әңгімелестік. Депутаттың дере­гіне сүйенсек, діни ағымдарды бір жүйеге са­латын заң жобасы жақын арада депу­тат­­тар талқысына түсетін көрінеді. 

– Президент биылғы Жолдауында елі­мізде жүріп жатқан саяси рефор­ма­ны атай отырып, оның одан әрі қарай экономикалық реформаға ұласып жат­қанын түсіндірді. Бұл шаруаның барлығы әділетті қоғам қалыптастыру мақ­сатында атқарылып жатқаны бел­гілі. Әділетті қоғам деген қандай қо­ғам және оны қалыптастыру үшін әр­бір азамат қандай ұстанымда болып, қан­дай жұмыс атқаруы керек? – Президент жүргізіп отырған ре­фор­ма­лардың алтын қазығы – әділетті қоғам құру. Президенттің сайлауалды бағ­дар­ла­ма­сы, өңірлердегі сөйлеген сөздері, ха­лық­қа арнаған Жолдаулары болсын бар­лы­ғын­да осы әділетті қоғам қалыптастыру жайлы ай­тылған. Жалпы, әділеттілік жолы бұл – анау хандық дәуірлерден бастап біздің бү­кіл шежіреміздегі, мемлекеттік тарихы­мыздағы ата-бабаларымыздың ұстанған ең не­гізгі қастерлі принципі. Өйткені қоғам өр­кендеп, мемлекет дамып, ел алға жылжуы үшін ең бірінші кезекте әділеттілік сал­та­нат құруы. Әділеттілік болмаған жерде тәр­­тіп болмайды. Сосын келеңсіз оқиғалар кө­бейіп, тіпті жемқорлық, заңсыздық әре­кет­тер етек алады. Сондықтан жоғарғы биліктен бастап әлеумет, мәдениет, руханият, эко­но­мика дейміз бе барлығында әділет болмаса, ат­қарып жатқан жұмыстың берекесі қаша­ды. Әділеттілік жоқ жерде өркениеттің ауы­­лы алыстайды.  Президент ел басқарудағы бүкіл ке­шен­ді реформасын әділеттілік принципінің ая­сында қалыптастырып жатқандығы  бұл – халыққа өзінен-өзі түсінікті саясат деп ойлаймын. Кешегі ділмар-шешендер, ел басқарған ата-бабаларымыздың барлығы талай ғасыр бойы осы әділеттілік туралы бізге қаншама қанатты сөз аманатын қал­дырып кетті. Сондықтан да Президенттің әді­леттілік жайлы идеясы бұл өткен ата-ба­баларымыздың бізге деген аманаты, бү­гінгілердің келешекке деген аманаты деп түсінуіміз керек. Президентіміздің жалпы реформа­лары­­на қарасақ, бірінші кезеңде ол кешенді саяси реформаларды жүзеге асырды. Есіңіз­де болса, референдум арқылы Консти­ту­ция­мызға өзгеріс енгізуден бастап бірнеше са­тыдан тұратын саяси реформа жүргізілді. Бү­гін сол саяси реформалардың оң нәтиже­сін көре бастадық десек, артық айтқандық емес. Яғни, кешегі ескі билік кезеңіндегі кет­кен көп қателіктердің орнын толтырып, оны дұрыстау үшін бізге саяси реформалар же­дел арада қажет болды. Бұл дегеніміз би­лік тармақтары мен әрбір құзырлы ор­гандарға жауапкершілік пен міндетті тең әрі әділетті бөліп беру болатын. Бізде бірін­шіден, заңға өзгерістер енгізіліп, құқықтық тұрғыдан барлығы дұрыс реттелді деп ой­­­лаймын. Соның нәтижесінде, біз саяси реформамызды тиянақтап, үлкен нәтижеге қол жеткіздік.  – Саяси реформа жайы түсінікті бол­ды. Енді биылғы Жолдауға арқау бол­ған экономикалық реформаны тар­қатып айтсақ...  – Иә, Президенттің биылғы 1 қыр­күйек­тегі «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» деп аталатын Жолдауы­на ойысайық. Саяси жүйені заңмен реттеп алған соң ендігі кезекте бізге осы эконо­ми­ка­лық реформа ауадай қажет еді. Бұл мә­селеге айырықша мән берген Мемлекет бас­шысы экономикалық реформаны қалай жү­зеге асыратынымызды бағдарлап берді. Ре­форманы нәтижелі іске асыру үшін нақ­ты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Сая­си реформа мен экономикалық рефор­ма бір-бірімен тығыз байланысты. Саяси ре­форманың нәтижесінде биліктің біраз құ­зыреті өңірлердегі жергілікті әкімшілік­тер­ге тиесілі болған еді. Мысалы, мәслихат де­путаттарының ауыл әкімдерін сайлауы де­гендей. Енді аудан әкімдері мен қала әкім­дерінің сайлауы нәтижелі жүзеге аса­тын болады. Осы секілді нақты бірнеше құ­зырет жергілікті билікке берілді. Бұл – Пре­зидент жүргізіп отырған саяси ре­фор­маның нәтижесі.  Екінші кезекте бұл реформа эконо­ми­калық сала бойынша әрі қарай жал­ғасын табуы керек болды. Сол үшін Пре­зидент өзінің биылғы Жолдауында жер­гілікті биліктің мүмкіндігін кеңейту жайын атап өтті. Яғни, аудан әкімдеріне жер­гілікті бюджетті басқару құқығын беру тура­лы тапсырма берді. Бұл дегеніміз аудан әкімдері жергілікті деңгейде біраз мәселені ше­шу үшін өз өңіріне тиесілі қаржыны жо­ғарыға жалтақтамай, заң шеңберінде ел игі­лігі үшін жұмсай алады деген сөз. Ауыл­дың ішінде тоқсан тоғыз проблема бар. Оны сол өңірді басқарып отырған шенділер жақсы білуі қажет. Сондықтан ауыл әкіміне мұндай мүмкіндік беру өте дұрыс болды деп есептеймін. Сонымен қатар Президент Жолдауында бірнеше маңызды мәселеге тоқ­талды. Мысалы, туризм саласына назар аударды. Алтайдан Атырауға дейінгі ұшса құс қанаты талатын, көсілсе тұлпардың тұя­ғы тозатын алып даламыз бар. Қазақ да­­ла­сы өзінің кеңдігімен ғана көз тартпай­ды ғой. Жер планетасындағы ең бір көрікті өлкенің біразы бізде де бар. Көрікті Көк­ше­тауымыз, жұмақтай Жетісуымыз дейміз, Маңғыстаудың Үстірті, шығыстағы өр Ал­тайы­мыз бар дегендей. Өкінішке қарай, осы бай табиғатымызды туризм көзіне ай­нал­дыра алмай отырмыз. Туризм орта­лы­ғы болатын жерлерімізді әлі дұрыс да­мы­та алмадық. Бұл тұрғыдан Президент іш­кі-сыртқы туризмді дамытуда нақты тап­сырмалар берді. Туризмді дамыту бағы­тын­да он бес нысанның тізімі бекітіліп, сол бойын­ша жұмыс жүргізу тапсырылды. Сон­дықтан да, біз тек жер астындағы қазба бай­­­лығымызбен ғана емес, табиғат көр­кі­мен де мемлекет қазынасына қаржы құя ала­мыз. Туризмнің дамуы экономиканың әр­бір саласымен тығыз байланысты. Онда ло­гистика, қонақүй, мейрамхана дегендей қыз­мет көрсетудің алуан түрі бар. Осының бар­лығын дұрыс жолға қойсақ қана біздің ту­ризм дамиды. Болмаса жай ғана міне, «біз­дің табиғатымызды көруге келіңдер» де­генге ешкім келмейді. Сондықтан осы­лар­дың барлығына да жан-жақты кешенді мән беруіміз керек.  – Туризмді айтқанда есімізге өңір­лерге баратын сапасы нашар жолдар тү­седі... – Дұрыс айтасыз, өкінішке қарай ол мә­селе бар. Экономиканың күретамыры жол деп бекер айтылмайды. Мына Астана-Көк­­­­шетау, Астана-Павлодар, Қарағанды-Ас­та­наның арасы деген секілді қысқа қа­шық­тықтағы жолдарды айтпасақ, басқа үлкен жолдар мақтанарлық деңгейде емес. Сон­дықтан да, жолдарымызды дұрыс­тауы­мыз керек. Кең-байтақ Қазақстанның төрт тарабына жүк тасылмалдау үшін жаңағы үл­кен маңызды жолдардың барлығын біз әлі толық жасап үлгермедік. Осы себептен де салада көптеген кемшіліктің орын алып жат­қанын ескерген Мемлекет басшысы жаңа­дан Көлік министрлігін ашты ғой. Осы министрлік алдағы уақытта жол сапа­сымен тікелей айналысуы қажет. Және де соған жауапты болуы керек.  Жолдауда Президент жалпы Қазақ­станның географиялық ор­на­ласуы­ның өзі халықаралық логистикада үлкен жетістікке жетуімізге жол ашатын мүм­кіндігіміз екенін ерекше атап өтті. Пре­зидент бір қанатымызда Қытай, тағы бір жағымызда кәдімгідей үлкен-үлкен нарық жатқанын еске салды. Сол нарыққа шығу үшін логистиканы дұрыс жолға қоюымыз қа­жет. Президенттің беріп отырған нақты тап­сырмалары кейбір өңірлерде баяу жүріп жа­тыр. Үкімет мүшелерімен болған Мә­жілістің бүгінгі маңызды жиынында да осы мә­селе жан-жақты көтерілді. Мәселен, Алма­ты мен Астана ортасындағы жолды алайық­шы. Қаншама жыл болды әлі соз­бақ­қа салынып келеді. Осы 2023-24 жыл­дары пайдаға берілуі керек болған. Бірақ оның әлі де тындырылмаған жұмысы көп. Не болмаса Президенттің нақты тапсыр­ма­сында айтылған Қызылорда мен Жезқаз­ған­ның ортасындағы жолды алыңыз. Оның Жезқазған-Ұлытау бөлігінде әлі жұ­мыс басталған жоқ. Сондықтан да, нақ­ты жауапты адамдар сол жауапкершілігін мойынға алуы керек.  – Президент Жолдауында зият­кер­лік меншік жайлы, сосын өңірлердегі өнер мен мәдениет адамдарын қолдау жө­нінде жақсы еске салды. Сіз өзіңіз өнер адамы ретінде өңірдегі жастар­дың өнерінен хабарыңыз бар ма? – Иә, Жолдауда зияткерлік меншік ту­ра­лы айтылды. Президент бүкіл өңірді ара­лап, халықпен кездеседі. Сол кезде биз­нес өкілдері болсын, әр саладағы талантты, жар­қырап шыққан креативті, өзінің пікір-ұсы­нысы бар, мақсаты айқын бір дүние жа­­саймын деген талантты жастармен кез­­де­сіп, оларды тыңдап жүр. Сондықтан ол адамдарды қолдау керегі жөнінде ес­керт­ті. Бұл жерде маңызды рөл атқаратын же­ргілікті әкімдіктер деп ойлаймын. Әрбір өңір­дегі талантты, талапты адамдары­мыз­ды, әсіресе, жастарымызды дер кезінде қол­­дай білуіміз керек. Иә, біз де депутат ре­тінде жазғы каникул кезінде, әсіресе, ауыл-ауылға дейін аралаймыз. Сол кезде мен өзім өнер адамы, ғалым ретінде, мә­дениет пен руханият саласындағы адам­дар­дың, жастардың қабілетіне, солардың бет-бейнесіне ерекше көңіл бөлемін. Кейде өкінішке қарай, орталықтағы адамдар баға­ланады да өңірлердегі небір таланттар көзге көрінбей қалады. Бұл біздің дәстүрлі өнерде ерекше байқалады. Сондықтан анау ата-бабамыздан келе жатқан, қанымызға сіңген, ұлттық қасиетіміздің аманатын ар­қа­лаған дәстүрлі өнердің өкілдерін ерекше қол­дауымыз керек.  Мысалы, бүгінгі қазақ өнерінің үл­кен тау тұлғаларына айналған та­лант­тарды алдыңғы буын ағалар кезінде дем беріп, қанатының астына алған. Мә­се­лен, Қайрат Байбосыновты бала кезінде Нұр­ғиса Тілендиев ағамыз көріп, талантын бағалап, Алматыға шақыртқан. Халқы­мыз­дың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деуі бекер емес. Сондықтан да, ауылда небір бұлақтай кө­зін ашатын, алмастай жарқырар талант­та­рымыз болуы мүмкін. Бұл жөнінде мем­лекеттік деңгейде бір бағдарлама қа­был­дануы керек шығар. Бұған Мәдениет және ақ­парат министрлігі мұрындық болып, жер­гілікті жерлердегі таланттарды қол­дау­ды қолға алса қуанарлық іс болар еді.  – Сіз Мәжіліс мінберінде Үкіметке жат діни ағымдар жайлы сауал қой­дыңыз. Жалпы, соңғы кезде осы діни ағым­дар жайлы дау-дамай қайта өрши бастады...  – Жалпы, мына біздің бүгінгі таңда діни ахуал­дың осылай ушығып, теріс әрекеттің кү­шейіп кетуіне кезіндегі биліктің де тіке­лей қателігі бар. Оны ашып айтуымыз ке­рек. Өйткені естеріңізде болса, 90-жылдары тәуел­сіздігімізді жаңадан алып, бүкіл дү­ние­ге есігіміз ашылғаннан кейін діни ағым­дар ағылып, біздің халыққа өзінің ықпалын жүр­гізе бастады. Қазақтың қара домалақ бала­лары сол шетелдегі діни білім беретін оқу орындарынан білім алып келіп, халық­қа уағыз айтты. Бірақ ол қайдан білім алып жатыр, оларға кім дәріс берді, білім беріп жат­қан мекемелердің, ұйымдардың ниеті қан­дай, қайсы ағымда деген мәселе ешкім­нің басын ауыртқан жоқ. Өткенге көз сал­сақ, біздің қазақ халқына ислам ілімінің кел­гені кеше ғана емес қой. Сонау VIII ға­сыр­­­­лардан бастап біздің қазақ даласында дәс­­түрлі көшпенді ислам мәдениеті қалып­тасты. Және де ол ислам қазақ даласындағы біздің соған дейінгі ұстанған ұлттық салт-дәс­түріміз, әдет-ғұрпымызбен бірге синтез­дел­ді. Сөйтіп, ғасырлар бойы біздің өзіміз­дің дәстүрлі исламымыз, мәдениетіміз қа­лып­тасты. Енді мына соңғы кездегі шетел­дер­ден келген жат ағымдарға оралсақ, олар­дың ұстанымы біздің сан ғасыр бойы ұстан­ған көзқарасымызбен қарама-қайшы ке­летін тұстары өте көп. Ал біздің кешегі ес­кі билік осыны ескеріп, халқымызды жат ағым­дардың шабуылынан қорғауы керек еді. Ол болмады. – Мүмкін қолдаған шығар...  – Иә,кейбір кісілер қолдады.  – Не себептен қолдаған?  – Ашығын айтсақ, билік басында сол ағым­дардың сойылын соғатын адамдар болды. Сондықтан олар билікке ықпал етті. Олар биліктің ең жоғарғы сатыларында бол­ды. Өздерінің адамдары отырған соң олар­ға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа бол­­мады. Олар біздің ұлттық көзқарасы­мыз­дың та­мырына балта шауып, өздерінің идео­ло­гия­сын кіргізуге тырысты. Бұл жат ағым­дар­дың барлығының түпкі мақсаты – мис­сио­нерлік пиғылдарын іске асыру. Бізді ұлт­тық келбетімізден, қасиетімізден айы­рып, өздерінің идеологиясын тықпалады. Сон­дықтан енді біздің бұл мәселе жөніндегі әрбір қабылдайтын шешіміміз нақты және қатаң болғаны дұрыс. Бірінші кезекте, біз бұған заңнамалық тұрғыда нақты тыйым салуымыз керек.  – Ол мүмкін бе?  – Мүмкін. Бүгін ғана осы мәселе бойын­ша Вице-Премьер Тамара Қасымқызына сұ­рақ қойылды. Ол кісі көп кешікпей бұл заң жобасы Парламентке ұсынылатынын айт­ты. Алдағы уақытта келеді деп күтіп отыр­мыз. Сол кезде осы уақытқа дейін жі­беріп алған қателіктің барлығының жолын кесу үшін нақты нормаларды енгізуіміз керек. Бұл мәселеге осылай заңмен шектеу қой­масақ, оған басқаша нәтижелі тойтарыс бере алмаймыз. Қазақстандағы мұсылман­дар бір ғана діни ұстанымда болу керек. Се­бебі Абай айтқандай, «Бас-басына би бо­лып», түрлі ағымның көңіліне қарап жүре­тін болсақ, онда еліміз тоз-тоз болып ке­те­ді. Бірлігіміз бен татулығымыз әлсіреп, ұлт­тық тұтастығымыздан айырыламыз. Біз өзі­міздің ата-бабаларымыз ұстанған Ха­на­фи мәсхабындағы дәстүрлі исламды қол­дап, оның әрі қарай дамуына мүмкіндік жа­сауымыз керек. Мүфтиятымыз бен Діни бас­қармамыз бар. Олардың негізгі бағыты осы дәстүрлі исламның ханафи мәс­ха­бы­мен үндеседі. Ал енді осыған дейінгі ор­та­мыз­ға келіп ойрандап, ішімізге келіп іріткі сал­ған діни ағымдардың барлығына заң­мен тыйым салу керек. Бұл басы ашық, нақ­ты менің ұстанымым. Бұл мәселеге осы­­­­лай қатаң тыйым салмаса, елдің ертеңі үшін өте қауіпті. Күнделікті көшеге шық­саңыз қара жамылып, пәранжа киіп алған қыздарды көргенде, болмаса сақалына қай­шы тигізбей жалбыратып, балағын шорт кесіп, көзі қанталап келе жатқан жас­тар­ды көрген кезде жаның түршігеді. Құ­дай-ау, елдің ертеңі не болады, біздің мына Ұлы далаға ие болған ата-бабамыздың ама­­натын ертең кім арқалайды, тәуелсіз мем­­лекеттің болашағын кімдерге тап­сыра­мыз деген сұрақ жан-жүрегіңді мазалайды. Елдің ертеңін ойласақ, адасқан жастардың дұрыс жолға түсуіне ықпал етуіміз керек. Со­сын бұл мәселе тек заңнамалық тұрғыда ғана емес, идеологиялық жағынан да қатар жүр­гізілуі керек. Бұған қатысты құзырлы мем­лекеттік органдар білек түріп, бел ше­шіпкіріспесе нәтижеге жету оңай емес. Со­нымен бірге мына соңғы кездегі қоғам ара­сындағы ахуалды саралап қарасаң, әсіре­се, әлеуметтік желіде дінсіздік деген де өте қауіпті үрдіске айналып барады. Біз ке­шегі жетпіс жылда атеистік қоғамда неге жеттік? Содан сабақ алуымыз керек. Қазір дін­ге түбегейлі қарсы адамдар да көбейіп бара жатыр. Бұл да қауіпті.  – Сіз – өнер адамысыз. Кешегі сал-се­рі­лер сияқты үкілі домбыраңызбен ха­лық алдында өнер көрсетуге Мәжі­ліс­тің қауырт жұмысы сізге мүм­кін­дік бере ме?  – Саясаткер ретінде қадам жасап, Пар­­ла­мент депутаты болуым әкенің қа­нымен, ана­ның сүтімен бойыма да­рыған өнеріме зия­ны бола қоймайды деп ойлаймын. Өйт­кені ол шығарма­шы­лық. Мен Парламент де­путаты бол­сам да, университет оқы­ту­шы­сы бол­сам да шығармашылығымды тоқ­тат­­паймын. Жалпы, ізденген адам ешқа­шан то­қырауға ұшырамайды. Парламент­тегі қауырт жұмыстан белгілі бір деңгейде уа­қыт жағынан кішкене тапшылық болуы мүм­­кін. Бірақ шығармашылықты тоқыра­тып алмаймын деп ойлаймын.  – Айтысқа шақырса барасыз ба? – Қазір «Айтыс ақындары мен жыршы-тер­­мешілердің халықаралық одағы» бас­қар­ма төрағасының бірінші орынбасары­мын. Бұл – қоғамдық жұмыс. Бұдан ешқан­дай жалақы алмаймын. Одақ төрағасы Жүр­сін Ер­ман ағамыз қазір ауырып жатыр. Сон­дық­тан да, қазір одақтың жұмысы – ме­нің мойнымда. Құдайға шүкір, отыз жыл ай­тыстық қой. Енді алдағы уақытта осы ай­тысты ұйымдастыру, жастарды қолдау, одақ­тың жұмысын әрі қарай дамыту, жал­ғастыру мәселемен айналысамын. Жалпы, ақын­дардың ортасында, ішінде болып, ай­тысты ұйымдастырудың басы-қасында жүремін деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан  Бейбіт Тоқтарбай