T-Newspaper

«Қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан!»

Ділда УӘЛИБЕК

Дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған қандас бауырлар Елорда төрінде, «Отандастар» форумында бас қосты.

Дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған қандас бауырлар Елорда төрінде, «Отандастар» форумында бас қосты. Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен, «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық масштабтағы бұл жиынға 40-қа жуық мемлекеттен 200-ден аса қандас қатысты.

Форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тық­тау сөзімен басталды. Жан-жақтан Атажұртына жи­­­налған ағайынға деген ізгі тілекті Президент кеңес­шісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиынға қатысушыларды ресми құттықтауы жарияланды.

– Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қа­зақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиын­да ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қа­зақ­тармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құн­дылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәсе­ле­лерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қай мем­лекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Ота­ны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұ­ра­тын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән бере­міз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағ­дай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәр­тебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шет­ел­дегі қазақ кә­сіп­керлері үшін «Ата жолы» кар­тасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқа­ры­луда. Қандастармен қа­рым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шара­лар жалғаса береді, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға әлемнің әр түпкірі­нен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі мей­ман­дарға алғыс айтып, аталған басқосуда алыстағы ағайын­мен байланысты нығайтуға септігін тигізетін са­ли­қалы ой, салмақты пікірлер айтылатынына сенім біл­дірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиын қатысу­шыларына зор денсаулық, бақ-береке тіледі.

Одан кейін сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы форумның маңызына тоқталды.

– «Отандастар қоры»  соңғы 2 жылда Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда қандастарымызбен келелі жүздесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға түрткі болды. Бүгінгі жиын соның атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар. Бұл басқосудың маңызы бөлек. Әлемнің төрт тарабын мекендеп, ұлттық болмыс пен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімі мен бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да болсын құрметке лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың қатары көп. Сондай-ақ бұған дейін тарихи отанына оралған отандастарымыздың бірқатары да бүгінгі жиынға қатысып отыр. Бұл да қуантарлық жағдай. Бұны қазақ халқының кең пейіліне, байтақ еліміздің қазіргі дауына тілеулестігі мен ыстық ықыласы деп білеміз, – деді Абзал Сапарбекұлы.

«Отандастар қоры» президенті форумның мақсаты барша қазаққа арналған диалог алаңын ұйымдастыруға себепші болу екеніне ерекше тоқталып өтті.

– Әлемнің сан тарапынан келген қандастарымызбен еліміздің түрлі сала өкілдерінің басын қосып, іргелі елдік мәселелерді талқылауына айналғалы отырған форумның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы алқалы жиынның басты мақсаты – отандастарымызға ортақ диалог алаңын ұсыну, іргелі елдік мәселені бірлесіп талқылау. Сырттағы қандастарымыздың әлеуетін ел дамуына пайдалану және тәжірибе алмасу. Бүгінгі басқосуда ордалы ойлар ортаға салынып, тың бастамалар көтерілетініне сенімдімін, – деді ол.

Іс-шараның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation»  қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов өзара ынтымақтастықтың маңызы туралы айтты.

– Біздің алдымызда шетелде тұратын бауырларымызбен қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, оларды сапалы жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының дамуы үшін де, шетелдегі қазақ диаспорасы үшін де тиімді әрі пайдалы болуы тиіс, – деді.

Исламбек Салжанов шетелге іссапарға шыққанда әрдайым отандастармен кездесуге тырысатынын және олардың әлеуетін еліміздің дамуы үшін қалай пайдалану керек екенін талқылайтынын айтты. Ол кәсіпкер ретінде отандастарымыздың өз елдерінде кәсіпкерлікпен айналысып, шетелдік бауырларымызды біріктіріп жүрген қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті. Өйткені тұрғылықты елдердегі отандастарымызды біріктіру үшін қажетті қоғамдық жұмыстар мен іс-шаралар, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық қашан да белгілі бір қаражатты талап етеді. Төраға, сонымен қатар еліміздегі жоғары оқу орындарына жас этникалық қазақтардың түсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауды және болашақта олардың өздері аяққа тұруы үшін Қазақстанда өз бизнесін ашуға көмектесуді ұсынды. Солайша бұл жастар ата-аналары мен туыстарын тарихи отанына өз күшімен көшіре алады. Спикердің пікірінше, қазақтарда егер бір үлкен отбасынан табысты кәсіпкер шықса, онда ол барлық туыстарының аяғына тұрып кетуіне көмектеседі.

Әкбар МӘЖИТҰЛЫ,  Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы (Қытай):

Жан-жақта жүрген қазақтардың бірігу үшін осылай күш салуы – тамаша көрініс!

– «Отандастар» форумы өте жоғары дең­гей­де өтіп жатқанын мен сөйлескен қан­дас­тың бар­лығы айтып жүр. Қырық елден кел­ген қазақтың, оның ішінде халықаралық дең­­гейдегі мамандардың бар екенін көріп-бі­ліп, риза болдым. Бүгін пленарлық оты­рыс­та жасаған баяндамаларында барлығы елге көмектесу, тұрғындарға қол ұшын беру мүд­десін жоғары қойғаны аңғарылады. Жан-жақта жүрген қазақтардың бірігу үшін осылай күш салуы – тамаша көрініс! Мен форум аясында Еуропадан кел­ген адамдармен тілдестім. Бұрын танысып, кейін арамыз үзіліп қалған та­ныстарыммен қауыштым. Бір-бірімізді танып-біліп, бірден жақын тартып, ди­дарласып жүрміз. Айтарға сөзім жоқ. Бастан кешкен эмоцияны түсіндіре ал­маймын. Мұндай типтес жиындар жылына бір рет тарихи Отанда өтіп тұр­са, нұр үстіне нұр болар еді. Он жыл бұрын төрағамыз Си Цзиньпин Назарбаев университетінде Жаңа жі­бек жолын көркейту туралы ұсыныс айтқан-тын. Сосын «Бір белбеу – бір жол» жобасы жарық көрді. Он жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы дип­ломатиялық байланыс нығая түсті. Екі ел – мәңгілік көрші. Сол үшін мәң­гілік достық және одақтастық орнату екі жақ үшін де маңызды. Екі елдің пре­­зиденттері бірде Қытайда, бірде Қазақстанда кездеседі. Мұндай кез­де­су­лерде екі ел арасындағы мәдениет, экономика, ағарту ісіне ерекше ден қойы­лады. Төрағамыз Си Цзиньпин адамзат, бірлік тағдырын бәрінен биік санау ке­рек екенін айтты. Міне, бірлік тағдыры көршілес жатқан осы екі елдің маң­дайына жазылған. «Алыстағы туысыңнан жақындағы көршің артық» деген қы­тайдың бір мәтелі бар. Сондықтан екі тараптың да алдымен көршіңмен та­ту тұру керек дегенді естен шығармай жүргені көңіл қуантады. 

Бәкей АҒЫПАР,  Ұлттық Академия академигі, меценат, кәсіпкер (Моңғолия):

Форумға келгеніме сондай қуаныштымын

– Кейінгі төрт жылда дүниежүзін жай­ла­ған індетке байланысты елдер арасындағы қатынас тоқтап қалғаны баршаға белгілі. Со­ның ішінде әлемнің әр түпкірін мекен­де­ген қандастар да бір-бірімен байланыса ал­май қалды. Қазіргідей әлем тыншымай тұр­ған уақытта халықаралық қатынас ор­на­ту да оңай шаруа емес. Бұл форум­ның ерек­ше­лігі сол, түрлі жағдайға қарамастан қан­­дас­тардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, атажұртымызға ша­қырып, олардың кеудесінде кептелген сағынышы мен мауқын басуға мүмкіндік бе­ріп отыр. Екіншіден, бұл іс-шараны дәл «Отандастар қорының» өткізіп отыр­ғанында үлкен маңыз бар. Мәртебесі жоғары ұйым болғандықтан, бүгін тал­қыланған мәселелердің іске асуға ықтималдығы жоғары. Бейнелеп айтсам, «Отан­­дастар қоры» – әлем қазағы иық тірейтін бірегей ұйым. Сон­дықтан дәл осы қордың мұрындық болуымен өтіп жатқанына қуаныштымын. Ал форум­ның маңызын сөз етсем, мұнда бір-бірімізді көріп, көңіліміз орнымызға түсіп қана қоймай, қандастардың көкейтесті мәселелерін тыңдап, оларға көмектесу жолдары талқыланды. Бәрінен бұрын Президент Тоқаевтың құттықтауы оқыл­ған кезде қандастар мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарында еке­нін біліп, бір марқайып қалдым. Өзі бүгінгі жиынға қатыспаса да, бәрінен ха­бардар болып жүретінін, қандастарды қашан болмасын қолдап жүретінін се­зіндік. Мені таңғалдырған жайт – шетелде тұратын бауырлардың арасында «Та­рихи Отанымызға қалай қол ұшын беруге болады?, «Қандай тың дүние алып келсек болады?» дегендей сауалдар толғандыратыны. Та­ғы бір қуанып тұрғаным, қазақ жастары дұрыс бағытта өсіп-өніп келеді екен. Мысалы, бүгін ортаға шығып, баяндама жасағандардың білімі мен білігі ке­ліскен жастар екеніне көзім жетіп, ерекше күйге бөлендім. Заман ағы­мына іле­сіп, «Елдегі мәселені қалай шешеміз?», «Жастарды қалай байла­ныс­тыра­мыз?» де­ген сауалдарға нақты жауаптары мен қадамдары бар. Мүм­кін­діктері де бар екен. Бәрін жан-жақты қарастырған.  Біз Моңғолиядан жиырма беске жуық делегат келдік. Бүгін олардың бар­лы­ғы да келгеніне дән риза екенін байқадым. Қазір жол жүру оңай емес. Шы­­нымды айтсам, басында келу-келмеуім екіталай еді. Алайда қазір келгенім дұ­рыс болған екен деп отырмын. Сондай қуаныштымын. Форумда көп нәрсе тыңдадым. Ескі достарыммен жүз­дестім. Өзге елден келген бауырлармен таныстым. Есімнен көпке дейін кет­пейтін ерекше жиын болды.

Татьяна ПОЛТАВСКАЯ,  Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (Ресей):

Мәскеуге көшкеніме отыз үш болса да, қазақ тілін ұмытпадым

– «Отандастар» форумы дер кезінде өтіп жа­тыр. Әрі қазіргідей уақытта бұл іс-шараны өткізу өте өзекті қадам деп айтар едім. Бүгін көп елде түрлі салада істеп жүрген қазақтар өз ойын ортаға салды. Мысалы, мен мәдениет туралы сөз қоз­ғадым. Көп жағдайда мұнда қазақ тілін сақ­тап қалу мәселесі айтылды. Өз тәжірибем туралы айтар болсам, мен Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында туып-өстім. Онда маған қазақ тілін үйренуге қолайлы орта жасалды. Одан бөлек, ынта мен мүмкіндік болды. Осы үш фактор болса, кез келген адам тілді тез үйренеді. Тіл – тірі организм. Оны суғарып, күтіп ұста­масаң, ол өліп, солып қалады. Мен бүгін мінберде маған бұл мүмкіндікті берген киелі Жаркент жеріне, тіпті ойнақтап өскен көшеме дейін алғысымды ай­тып, қатты толқыдым. Панфилов ауданы – менің күш алатын жерім. Бұл – менің бастауым. Мен оны ұмыта алмаймын. Үнемі түсімде көремін. «Отандастар қорының» қызметкерлері форум туралы ролик жіберген кезде, көз жасымды тыя алмадым. Шынымен көп жыладым. Сол кезде «Анам мен күйеуім ауырып жатқанда форумға қалай барамын?» деп басым қатты. Туған жерге деген сүйіс­пеншілігім бар екенін білетін анам: «Бізге қарама. Бар. Бармасаң, жылайсың. Бармақ тістеп, өкінесің» деп қолдау білдірді. Анамның айтқанына құлақ асып, Астанаға келгеніме қуаныштымын. Ресми өкілдерден бөлек, қарапайым тұрғындардың ерекше ықылас танытып, асты-үстіме түсіп жатқанына қуаныштымын. Олар «Сексенінші жылдардағы Таня Полтавскаяны» әлі біледі екен. Төбем көкке бір елі жетпей жүрді. Аға буын мен орта буын «Сізді менің ата-анам таниды» дегенде жүрегім елжіреп сала берді. Мен тарихи Отанымды баға­лаймын. Ерекше құрметтеймін. Туған жерден артық ешқандай жерді көр­медім. Ресейге көшкеніме отыз үш жыл болса да, қазақ тілін ұмытпадым. Бәрі «Бұл қалай?» деп сұрайды. Мен қазақша ойланамын, сосын қазақша сөйлеймін.  Форум кезінде көп адаммен таныстым. Қытайдан келген режиссер қазақ әйел ерекше әсер етті. Кеше дастарқан басында бірге отырғанда бауырсақты алып «Мынаны қарашы. Иісі қандай керемет! Ана қазының дәмін айтсаңшы. Сендер Қытайда осындай әзірлейсіңдер ме?» десем, «Иә» дейді. «Лағман жасайсыңдар ма?» десем, «Әлбетте» дейді. Екеуіміз ортақ әңгіме айтып, біраз шүйіркелестік. Бұйырса, Қытайда кездесеміз деп келістік. Сондағы қазақтардың арасына барып өнер көрсеткім келеді. Мен Қазақстанда жиған-тергенімді әлі күнге дейін азық етіп келемін. Ресейге кетсем де, мамандығыма адалмын. Білім беру ісіне адалмын. Одан бөлек, Мәскеуде қазақ ән мәдениетін насихаттаумен айналысып жүрмін. Оған қоса, халықаралық достық үйіне жетекшілік еттім. Мәдени-гуманитарлық миссия атқардым. Сөйтіп жүргенде қазақ диаспорасымен етене араластым. Үнемі олардың қасынан табылдым. Қазақстаннан көшсем де, ештеңе жоғалтпадым. Мәскеуліктер мені қазақ диаспорасының мүшесі ретінде қабылдайды. Түр-әлпетім қазаққа ұқсамаса да, қоныс аударғаныма отыз үш жыл болса да, мені қазақ деп қабылдайды.

Расул КӨШЕРБАЕВ,  Олий Мәжілісінің заң шығару палатасының бұрынғы депутаты, Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі (Өзбекстан):

Мұндай жиындар жылына бір рет емес, екі рет, тіпті бірнеше рет өтсе деймін

– Бұл форумның маңызын бір сөзбен қайыру мүм­кін емес. Ең алдымен, бүгінгі жиын көп адам­мен таныстырып, табыстырған ерекше алаңға ай­налды. Моңғолияда тұратын қандас бауыр­лар­мен танысып, телефон нөмірлерін жазып алдым. Болашақта уақыт тауып, Моңғолияға арнайы ат басын бұрып, ондағы бауырлардың қалай тұрып жатқанын көргім келеді. Онда­ғы ағайындардың құшағын кең жайып, күтіп алатынына еш шүбәм жоқ. Мен бес жыл бұрын бір форумға келгенмін. Содан бері биыл ғана келіп тұрмын. Мұн­дай жиындар жылына бір рет емес, екі рет, тіпті бірнеше рет өтсе деймін. Жалпы, өту жиілігіне шекара қоймау керек. Мүмкіндік болып жатса, бес-он рет өтсін. Неге олай деймін, өйткені арадағы байланыс үзіліп қалып жатыр. Бір-бірімізден қол үзіп қалып жатырмыз. Ал мұндай платформалар бізді танытады, өзара жа­­­қындастырады. Осындай форумдар арқылы қандастардың қайда, не істеп, не әрекет етіп жүргенінен хабардар болып отырамыз. Қазір бір-бірімізбен сөй­лесіп, ортақ идеяларымыз бар екенін аңғардық. Бір-бірімізден үйренеріміз көп екенін түсініп, байланыс орнатуға барымызды салып жатырмыз. Көпшілік қа­зақ­тардың басын қосуға қызығып отыр. Ал бұған күш жететін жалғыз мемле­кет ол – Қазақстан. Сондықтан мұндай жиынды жиі ұйымдастырған абзал. Мен 2017 жылы Астанаға келгенде құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жат­қан-тын. Кеше қала ішін аралағанда әдемі ғимараттар бой түзеп тұрғанын кө­ріп, бас қаланың көркіне тамсандым. Бұрын жасы үлкен кісілер белсенді еді, ал қазір жастардың алдыңғы шепте жүргенін байқадым. Сосын тағы бір бай­қа­ғаным, мен бес жыл бұрын келгенде орысша сөйлейтіндер көп еді. «Астанада орыс­ша сөйлесетіндер көп тұрады» дегенді талай естіген едік. Кеше дүкен, дәрі­ханаға кіргенімде, айналамдағылардың тек қазақша сөйлескенін байқадым.  Мен Өзбекстанда тұратын қандастарға заң жағынан қолымнан келгенше та­лай рет көмектескенмін. Алдыма мәселесін айтып, көмек сұраған адамның ұлты­на қарамай көмек қолын созуға тырысамын. Өз қазағың мұңын айтып кел­се, әлбетте, жүрегің ауырады. Мейлінше құр қол қайтармауға, көмектесуге ты­ры­самын. Көмектестік те. Мысалы, қазақ тілінде маман даярлайтын фа­куль­тет жоқ деген мәселе көтерілген кезде, бәріміз бірлесіп ашып, ақырында қазір факультеттер саны көбейді. Кейде қандастарды алаңдатқан мәселелердің бірін біліп, бірін білмей қаламыз. Алайда ең қуаныштысы, өзбек ағайындардың бізге қарым-қатынасы, көзқарасы өте жақсы. «Сен – қазақсың» деп шеттету, бөлектеу деген мүлде болмаған. Сондықтан барлығымыз татулықта өмір сүріп жатырмыз деп нық айта аламын.

Оңайша МАНДОКИ,  «Барыс» қорының құрметті мүшесі (Венгрия):

«Отандастар қорының» ұстанған бағыты да ерекше

– Мұндай форматтағы форумға қатыспаға­ны­ма көп жыл болыпты. Бұрын белгілі жазушы Қал­дарбек Найманбаев бастаған бір топ азамат өт­кізген жиынға қатысқан едім. Қазір заман өз­гер­ді. Көзқарас та басқаша. «Отандастар қорының» ұстан­ған бағыты да ерекше. Мен Еуропада туып-өс­кенім жоқ, сонда Қазақстаннан барған қазақ­пын. Кәрі құрлықта жүрген қырық жылдан астам уа­қыттың ішінде қазақ тілін оқытып, қазақшы­лық­ты сақтап, салт-дәстүрімізді насихаттап, әлі күнге дейін университетте са­бақ беремін. Бізді елеп-ескеріп, осы форумға шақырғандарына риза болдым. Қы­тай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда тұратын қазақтар өз жерінде отыр ғой. Қ­а­зақтың бұрынғы жерін мекен етіп жүр. Оларға ерекше мән беруіміз керек. Неге дәл оларға бет бұруымыз керек дейсіз ғой? Жасыратыны жоқ, Қазақстанда орыс­ша шүлдірлейтіндер көп. Ал Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда тұратын бауыр­ларымыз қазақы қалпынан танбай, тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалған. Олардан көп нәрсе үйренуімізге болады. Сондықтан ол жақта ұлттық болмысынан ажырамауды ту еткен қандастарды Қазақстанға көшіріп әкелсе, тұрғындардың қазақилығы күшейеді. Оларды әсіресе орысша сөйлеуді сән көретін қазақтардың арасына қоссақ, ортамыз көгеріп, көктейтіні сөзсіз. Бүгінгі жиынның бір құндылығы – шекарадан тыс жерді мекендеген қазақтардың жалғыз емес екенін сездіру. Мен Еуропада жүрсем де, азаматтығым жүрегімде сақтаулы, қазақилығым өзіммен бірге «ілесіп» келеді. Еуропаша өмір сүріп кеткен түгім жоқ. Ол жақта нағыз қазақ болып, сыйлы болып жүрмін. Ал бүгінгідей жиындарда рухымыз көтеріліп, мерейіміз тасып, жігеріміз қайралады.

Сәдия СҮРЕР,  Кельн қазақ қауымдастығының  төрайымы (Германия):

«Отандастар форумы» бір күнге емес, екі күнге жалғасса екен

– Еуропадан елге көшкісі келетін бізде ғана мә­селе бар деп ойласақ, қателеседі екенбіз. Бүгін жан-жақтан келген қандастар мен Германиядан келген бізді алаңдататын мәселеміз ортақ екенін тү­сіндім. Бұл – «Ата жолы» картасын алу мәселесі. Бү­гін бәрі айқын болды. Бәрібір бұл мәселе алдағы уа­қыт­та шешімін табады. Мен Түркия, Германия­дан елге қоныс аударғысы келетін қандастарға ға­на қиын деп ойласам, Моңғолия, Қытайдан көшкісі келетін ағайындар да «Ата жолы» картасын жеңілдету қажет екенін айтып жүр екен. Қазір біз тек бір параграфқа тіреліп қалдық. Ол – қазақ екенімізді дәлелдеу. Қазақ екеніміз бет-әлпетімізден-ақ көрініп тұр. Басқаша қалай дәлелдесек болады? Еуропада қазақ мәдениетін дәріптеп, белсенді болып жүргендіктен осы күнге дейін көп форумға қа­тыстым. Толғандырған мәселемізді айтамыз, шешімі сол жерде айтылады. Со­сын ұмыт қалады. Ал бұл форумның жайы бөлек. Бұл жиынның сипаты бас­қаша. «Болашақта емес, дәл қазір не істей аламыз?», «Қолымыздан не келеді?», «Та­ғы басқа қандай жолы бар?» деген сауалдардың нақты жауабы айтылды. Сөз­ден іске көшетіндер бас қосқан ерекше жиын болды. Кешеден бері қырық елден келген белсенді, еңбекқор қандастармен кез­де­сіп, көзайым болып жатырмыз. Үзіліс уақытында отырып сөйлесіп, бай­ла­нысуға уа­қыт жетпей қалды. Сондықтан форум бағдарламасын ұзартып, оны бір күн емес, екі күнге созса деген тілегім бар. Былайынша, форумнан алған әсерім кере­мет. Атажұртта осындай игі іс-шара өткізілгеніне мақтанамын. Расымен «Отан­дастар қоры» біз бен атажұрттағы бауырларымыздың арасында алтын кө­пір болып тұр. «Отандастар қоры» болмаса, атажұртпен байланысты қалай, кім арқылы орнатар едік? Сондықтан бұл қордың рөлі орасан.  Кеше ипподромға барып, ұлттық спорт ойындарын тамашаладым. Бұрын мұн­дайды тек теледидардан көретін едім, ал кеше бетпе-бет көргенде ерекше сезімде болдым. Астанада жаңадан ашылған мешітке барып, көңілім толқыды. Атамекенге деген сағынышым асып-тасып, әрең жүрген едім. Кеше елге табаным тигенде жүрегім езіліп, жылағым келді. Әлі де толқып жүрмін. Басында келе алмаймын дегенмін. Сосын райымнан қайтып, келісімімді бердім. Дұрыс шешім қабылдаппын. Атажұрттан жер сатып алып қойдым, бұйырса кішігірім үй сал­мақпын. Мен көшсем, аналарын іздеп балаларым да соңымнан келер. Қазақ­ша­сын жетілдірген үлкен ұлым осында көшкісі келеді. Бірақ жоғарыда айтып өткен «Ата жолы» картасындағы ережелер кедергі болып тұр. Еуропада тұратын қандастар «Германиядан артық жер жоқ», «Түркиядан артық ел жоқ» деуі мүмкін. Алай­да жер бетінде ондай бір жер, бір ел бар. Ол тарихи Отанымыз – Қазақстан. Ол үшін атамекенге бір рет болса да келіп көруі керек. Мен төрт баламды кішкене ке­з­дерінде осында талай рет алып келгенмін. Сосын сәті келмеді. Үлкенім Бө­кейхан былтыр «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Семейге барып қайт­қан еді. Сол сапардан соң бір айдан кейін билет сатып алып, Қазақстанға қай­та барды. Қазір еңбек демалысына шықса болғаны, бірден Қазақстанға «тайып» тұрады. Тәубе деймін.

Әсет ӘБДУӘЛИЕВ,  Digital Nomads IT қоғамдастығының төрағасы, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас атқарушы директоры (АҚШ):

«Отандастар» форумының берері көп

– «Отандастар» форумының берері көп. Өйт­ке­ні маған әлемнің әр бұрышын мекен еткен қа­зақ­тардың пікірін тыңдау, идеясына құлақ түру қы­зық. Сондай-ақ оларды өзім атқаратын істер­ден де хабардар еткім келеді. Ертең осында ІТ са­ла­сын талқылайтын форумға қатысамын. Алай­да бұл форумның жөні бөлек. Өйткені біз тек Қазақ­стандағы қазақтарға емес, дүниежүзінде дамып жатқан қазақтарға ІТ ком­пания құру, венчурлік инвестиция жағынан көмектескіміз келеді. Өкініштісі сол, Қазақстанда стартапқа күш салатын инвесторлар өте аз. Қазақстанда бір­де-бір адам стартап жобадан жиырма немесе елу миллион доллар ақша табыс тап­паған. Ерекше атап өтетін мәселе, біз шетелдік нарыққа шығу стратегиясын біл­мейміз. Сондықтан ақпараттық теңсіздікті жоюымыз керек. «Қазақтың миы шет­елге кетіп жатыр» деу – ағат пікір. Керісінше, дарынды қазақтарды шетелге жібе­ріп, Apple, Google, Microsoft секілді алпауыт компаниялардан тәжірибеден өткізуіміз қажет. Тіпті, бір қазақ Америкаға барып, өз күш-жігерімен бір миллиардтық табысы бар компания басқарса, ол тамырынан ажырамай, түбі Қазақстанға көмектеседі. Көмегін аямайды. Сол үшін біз Кремний алқабы мен Орталық Азия аймағының арасында алтын көпір болғымыз келеді.  Мен «Отандастар қоры» туралы көп естимін. Жұмыс барысымен бірнеше елге барған кезде сонда тұратын қазақтармен бас қосамын. Сол кезде олар «Отандастардың» жұмысы, көмегі, жобалары туралы айтады. Бүгін олардың жұмысымен бетпе-бет танысу мүмкіндігі туындады. Расында, қандастардың мүддесін ойлаған бірден-бір ұйым екеніне көзім жетті. Бүгін форумда Еуропадан, әсіресе Түркиядан келген бірнеше қазақпен танысып, бірлесіп жоба істеуге келістік. Форум ұйымдастырушыларының көздегені де осы деп ойлаймын.

Иешим САВАШ,  Крей қаласы әкімінің орынбасары (Франция):

Мені Атажұртта бұлай қарсы алады деп ойламадым

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Келесі жылы мұндай іс-шараларға қатысу үшін емес, қыдырып келемін деп жоспарлап отырмын. Ел ішін аралағым келеді. Зерттеп, зерделегім ке­ле­ді. Қазіргідей үш күнге емес, үш аптаға келсем дей­мін. Астананы аралап үлгермедім, бірақ зама­науи қала екенін бір көшеге қарап түсінуге бола­ды. Әрі Астана – өте жас қала. Жаңылыспасам, бас қала болып бекітілгеніне жиырма бес жыл болды. Әлі де көркейе түсетініне се­нім­дімін. Алдағы уақытта барған адам табиғатын ауызынан тастамай айтып жүр­ген Алматы, Көкшетау, Түркістан секілді қалаларға барғым келеді. Содан соң, әл­бет­те қазақшамды жетілдіруді көздеп жүрмін. Ол үшін қазақ тілі курсы өтетін Парижге баруым керек. Ол қиынға түседі. Алайда бұл сылтау емес. Келесі жылы үйренемін деп өз-өзіме уәде бердім. Қазақшасы жетік анам менімен түрікше сөйлессе, «Неге қазақша сөйлеспейсің?» деп ашуланамын. Бұйырса, анамның көмегімен ана тілімді дамытамын деп сенемін. Осында жүрген үш күн ішінде көп жақсы сөз, жылы лебіз естідім. Мені жа­қын тартып, құшақ жая қарсы алғанына риза болдым. Көпшілік мені мақтан тұта­тынын сездім. Үлкен отбасыммен қауышқандай сезімде жүрмін. Францияға бар­ған соң ондағы қазақ туыс-достарыма «Қазақстанға барыңдар! Шынымен көп рет естігенше, бір рет барып көру керек екен!» деп айтып баратын болдым.  Францияда қазақ ұлтының өкілі болу – мен үшін мақтаныш. Әсіресе, саясатқа араласқан қазақ қызы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі әйелдерге, жастарға көп мүмкіндік беріп жатқанын естіп-біліп отырамын. Сон­дықтан атажұртта мен секілді жауапкершілігі жоғары қызмет атқарып жүрген қазақ әйелдерінің көп екені көңіл қуантады. Үш жыл бұрын сіздердің басылымдарыңызға берген сұхбатымнан кейін Қа­зақстанда мені іздеушілер, қолдаушылар қатары көбейді. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаларыма достық жіберіп, хабарлама жібереді. Сол кезде көпшілік тікелей байланысқа шығып, онлайн сөйлескісі келетінін айтқан еді. Ал бүгін бетпе-бет, бір дастарқан басында шүйіркелесуге мүмкіндік туындады. Керемет емей немене?! Шынымды айтсам, мені елде осылай қарсы алады деп ойламадым. Әсіресе, жур­налистер қаумалап алады деп күтпедім. Басқа елден келген қандастармен бай­ланыс орнатып, визит карточкамды бердім. Алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде жоба жасау туралы ойымды ортаға салдым. Жалпы, осы үш күн ішінде маңызды қадамдар мен кездесулер болды. 

Жанымхан ЖАҢАЛТАЙ,  «KazDer» қазақ мәдени ұйымы басшысының орынбасары (Түркия):

Бұл форум – Қазақстанның саяси жағдайын өзгертетін ерекше іс-шара

– Шетелде тұратын қазақтардың атамекенге де­ген көзқарасы осындай форумдар арқылы артады. Бұл бір жағынан шетел қазақтарына де­ген айрықша құрметті көрсетеді. Мысалы, мен Түр­кия­дан келіп отырмын. Форумға қатысу туралы шақыру алған кезде Қазақстанның бізді қоғамдық ұйым ретінде мойындап, құрмет көрсеткені деп біл­дік. Бұл – біз үшін мақтаныш. Ертең Түркияға барғанда ондағы жастарға «Қазақстан – біздің тарихи Отанымыз. Қазақ үшін деп қарқынды жұмыс істесек, Қазақстан тарапы бізді байқап, біздің пікірімізбен санасып, бізді ерекше көреді» деп айтамын. Біз бұл форумды той ретінде емес, шынымен Қазақстанның саяси жағдайын өзгертетін ерекше іс-шара ретінде қабылдаймыз.  Біз әр елде тұратындықтан, бір-бірімізді күн сайын көрмейміз. Мысалы, мен Германиядан, Әзербайжаннан келген туыс-таныстарыммен қауышып, бір мар­қайып қалдым. Сосын Моңғолиядан келген қазақтармен таныстым. Қа­зақ­стан­да тұратын ағайындармен де жүздесудің сәті түсті. Біз қазақ көп тұратын Ыстанбұл қаласында Жаңа Қазақстанның саясатына сәй­кес игі істер атқарып жатырмыз. Атап айтсам, «Отандастар қорының» де­меу­шілігімен қазақ тілі курстарын бастадық. Халықтың түгелі сол курста бас қо­са­ды. Арасында жастар, орта жастағы әйелдер де бар. Мысалы, менің елу бес жас­тағы бір тәтем сол курсқа қатысып, тіл үйренгенін мақтан тұтып жүр. Одан бө­лек, домбыра курстары есігін айқара ашты. Басында домбыра жетіспегендіктен, курс аша алмай жүрген едік. Түркияда домбыра таппайсың, ал Қазақстанда ол аспап қымбат тұрады. Бірде «Тіл-қазына» орталығының жетекшісі Мақпал Жұ­мабай бізге келіп, сынық домбыра тартып отырған бауырларын көргенде көмектескісі келетінін айтып жеткізді. Сосын жанашыр жандардан ақша жинап, ақы­рында сексенге жуық домбыра дайындап қойыпты. Қазір Алматыдан Ыстан­бұлға жеткізу жағын ойластырып жатырмыз. Домбыра – қазақшылықты үйре­тетін бірегей құрал. Оны үйренемін деп алға ұмтылып тұрған балалардың бетін қақ­пай, қайта белін буып, мүмкіндік жасау – біздің міндетіміз. Қазір біз «Жастар үшін не істей аламыз?» деп бас қатырамыз. Солардың мүддесі үшін қолымыздан кел­генін істеп жатырмыз. Бәріне ортақ математика курсын аштық. Өткен айда ал­ғаш рет «Қазақ спорты» клубын құрдық. Онда волейбол, баскетбол, үстел тен­нисі, семсерлесу, күрес, бокс, таэквондо секцияларын аштық. Енді бізге бұл игі істе бір жағымызға шығысатын демеуші керек болып тұр. 

Мерей АМАНБАЕВА,  Науаи қаласы әкімінің орынбасары, Зульфия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері (Өзбекстан):

Мұндай форумды Өзбекстанда да өткізсек деймін

– Сөздің шыны керек, бұл форум осындай жоғары деңгейде өтеді деп ойламадым. Кешеден бері қандастармен әңгімелесіп, идея алмасып, қызу талқылау жүргізіп жатырмыз. Форумға келген қандастардың ерекше әсерде жүргенін байқадым. Өзім де айрықша көңіл күйде жүрмін. Мұндай шоқтығы биік іс-шара жылына бір рет емес, бірнеше рет өтсе деген тілек бар. Сосын бұл тек Қазақстанда емес, шетелде қазақ көп шоғырланған аймақта да өтсе жақсы болар еді. Өйткені ол аймақты мекен еткен қазақтардың түгелі бірден Астанаға келуі мүмкін емес. Сондықтан олар да осындай қандастардың басын қосатын форум болатынын көрсін, білсін. Бүгін пленарлық отырыста жасаған баяндамамда бұл форумды келесі жылы Өзбекстанда өзім туып-өскен Науаи қаласында өткізсек деген ұсыныс тастадым.  Атажұртта «Отандастар қоры» секілді бауырларды іздейтін ұйымның бар екенін естіп-біліп, жұмысымен танысқан кезде таңғалғаным бар. Ал бүгін елге келіп, олардың жұмысын өз көзіммен көрген кезде таң-тамаша болдым.  Шетелдерде беделді ұйымдарда еңбек етіп жүрген қандастармен байланыс орнаттым. Бірінің ақылын, енді бірінің ұсынысын естіп, көп нәрсені ойға түйіп алдым.  Жақын күндері бизнес-инкубаторға жетекшілік ететін басқа лауазымға тағайындалмақпын. Сол кезде Қазақстан мен Өзбекстанның жас кәсіпкерлері арасында форум өткізу үшін әрекет жасаймын. 

Бетті әзірлеген  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ  

Фото: Ділда УӘЛИБЕК