Сұхбат

Тимур Бектұр: Digital дамуға дедлайн қоюға болмайды

turkystan.kz

ChatGPT сандырақтап кетеді.

Digital Bridge 2023 IT-форумының спикері, «Болашақ» халықаралық стипендиасының иегері, Бостон университетінің магистранты Тимур Бектұр Turkystan.kz сайтына эксклюзивті сұхбат берді.

– Жасанды интеллект көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Оның қарқыны алабөтен. Ол қауіпсіздікке, дербес деректердің құпиясына, галлюцинацияға, яғни сандырақтауға қатысты мәселелері бар екеніне қарамастан, өзіне тән ерекшелігімен қоғамға еніп үлгерді. Жасанды интеллект технологиясын қолданған кезде әр мемлекет, әр азамат оны қандай ауқымда пайдалана алатынын анықтайтын бір ереже болуы тиіс. АҚШ-та жасанды интеллектің көрнекті құралы ChatGPT пайда болып, жаппай қолданыла бастағанда білім беру мекемелері оны бұғаттап тастады. Өйткені оқушылар мен студенттер үйге берілген тапсырманы өздері емес, ChatGPT-ға орындата бастады. Кейін ChatGPT бұғаттан босатылды. Өйткені сарапшылар өскелең ұрпақ қалай болғанда да ChatGPT-ге және оның Google, Meta, Anthropi компаниялары жасаған баламаларына жүгінетінін түсінді. Сөйтті де білім саласында жасанды интеллекті қандай жағдайда қолдануға болады, қандай жағдайда болмайды деген ішкі ережелері мен қағидаларын бекітті. Тіпті компаниялар мен медиа ұйымдар да осы тәсілге көшті. Өйткені ChatGPT жазған мақаланы журналистің атынан ұсыну немесе қандай да бір компания қызметкеріне ChatGPT атқарып берген жұмысты қызметкер атқарды деу дұрыс емес деген байлам жасалды.

Digital Bridge 2023 IT-форумында Президент мырза жасанды интеллекттің қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау бастамасы арқылы Қазақстанда ChatGPT-дің қолдану аясы мен шеңберін бекітіп алуды ұсынды деп ойлаймын. Бұл жерде ChatGPT-ге толық сенім артамыз ба, артпаймыз ба деген сұрақ тұр. ChatGPT кейбір мәселелерге өте тамаша жауап бергенімен, кейбір мәселелерде кәдімгідей сандырақтап кетеді. Жасанды интеллектті қолдануға қатысты әлем елдерінің барлығында өзіне икемделген қағидасы болуы керек. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды және тыс қалуға тиіс емес.

– ChatGPT-дің қазақша контенті көңіл көншітпейді. Олқылықтың орнын кім толтыруы керек?

– Біз өзіміз, қазақтар толтыруымыз керек. Бұл бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман. Неліктен жаман? ChatGPT-ді қолдансаңыз, қазақша дені дұрыс жауап ала алмайсыз. Сосын қолды бір сілтейсіз де, тастай саласыз. Біз бұл өнімді америкалықтар жасағанын ескеруіміз керек. Олар ChatGPT-ді қазақтар үшін жасаған жоқ. Мысалы, Apple корпорациясының iPhone смартфонына қазақ тіліндегі пернетақта мен интерфейс соңғы 2-3 жылда ғана енгізілді. Бұған дейін бұл сұраққа ешкім бас қатырған жоқ. Себебі олар iPhone-ді өздері және дамыған мемлекеттер үшін жасады. Содан кейін ғана дамушы елдерге бет бұрды. Осы уақыт аралығында біз жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыра алмадық. Яғни жақсы технология жасауға берілген уақытты тиімді пайдаланбадық. Apple, Android смартфондарына, Wíndows операциялық жүйесіне бір мезетте қазақ тілі қосылғанда басқа дүние жасау қажет болмай қалды.

– Қалай ойлайсыз, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты орындалды ма?

– Мен бұған қандай да бір баға беретін құзіретті адам емеспін. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда әуелі компьютеризация, интернитизация, смартфонизация жүрді. Одан кейін әлеуметтік желінің дәурені басталды. Мобильді бағдарламалар жобасы жүзеге асырылды. Енді жасанды интеллект келіп жатыр. Цифрлық трансформацияны қандай да бір бағдарламаға, нормативтік актілерге байлап, матап қоюға болмайды. Ол үнемі және үздіксіз дамып отырады. Цифрлық технология экспоненциалды түрде ілгерілейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, ертегідегі Ертөстік сияқты күн санап емес, сағат санап өседі. Digital дамуға дедлайн қоюға болмайды. Мысалы қазір біз «Электронды үкімет». eGov порталымен мақтана аламыз. Бірақ ол дәл қазіргі қалпында қалатын болса, бірнеше жылдан кейін басқалар бізді басып озады.

– Әлемде eGov-тің баламасы бар ма?

– Балама көп қой. Мысалы, Оңтүстік Кореяның, Эстонияның электрондық үкіметі тамаша. АҚШ-та да электрондық үкімет бар, бірақ оларда сәл басқашалау. Қазақстан орталықтандырылған мемлекет. Президент тапсырма береді, Үкімет оны жергілікті атқарушы органға орындатады. Федеративті мемлекет болмағандықтан мұны жүзеге асыру оңай. АҚШ-та әр штат өзінің заңымен өмір сүреді. Сәйкесінше мемлекеттік қызмет көрсету үлгісінде де айырмашылық көп. Сондықтан оларда ортақ электрондық үкімет жоқ.

– Қазақстанда санаулы минутта жасатып ала қоятын банк карточкасын АҚШ-та жасату мен алудың машақаты көп екен ғой...

– Иә, біз бұл жағынан Америкадан озып тұрмыз. Алайда олардың бизнес процесі баяу болса да жұмыс істеп тұр. Америкалықтар жұмыс істеп тұрған дүниені қозғамайды. Мысалы, біз Қазақстанда қоғамдық көлікке мінсек, төлемді түрлі тәсілмен жасай береміз. Олардың қоғамдық көліктерінде күні бүгінге дейін қолма-қол ақша қабылданады. Біздегі банкоматтардың барлығында сенсорлы экран, ал оларда бұрынғы батырма. Дегенмен америкалықтар алдын-ала жоспарлауды әдетке айналдырған. Сондықтан үнемі жоспармен жүреді. Халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек болса, оны бір апта бұрын жоспарлайды. Ол жердегі шаруасының шешілуіне екі апта уақыт кететінін де алдын ала біліп отырады.

– Жасанды интеллектке күмәнмен, қорқынышпен қарайтын адамдар аз емес. Осыған не дейсіз?

– Жалпы, қазір 2 тарап бар. Олардың арасында жасанды интеллектінің «өкіл әкесі» атанып кеткен Джеффри Хилтон деген ғалымның орны ерекше. Осы кісі атом бомбасы пиғылы жаман адамдардың қолына түскенде жойқын қаруға айналатыны секілді, жасанды интеллекті ойы теріс адамдардың иелігіне өтсе, апатқа бастайды деп уайымдайды. Ал Меtа компаниясының жасанды интеллект бойынша вице-президенті Ян Лекун мен Стэндфорт университетінің доценті Эндрю Ын жасанды интеллектіден қауіптенудің қажет жоқ деп санайды. Олардың пікірінше, фантастикалық кинолардағы қорқынышты оқиғаларды айта берген дұрыс емес. Жасанды интеллект осы уақытқа дейін болған технологияның бір түрі ғана. Керісінше, жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласында жан-жақты қолдану керек.

– Жасанды интеллектіде алдын ала жасалған бағдарламадан тыс ойлану, шешім қабылдау қабілеті болмау керек қой...

– Негізі солай, бірақ бұл пәлсапалық сұрақ. Полемика осы сұрақ аясында болып тұр. Сары уайымға салынып жүрген ғалымдар осыдан қорқады. Жасанды интеллект адамдарға бағынбай кете ме деп қауіптенеді.

– Сіз қай тарапты қолдайсыз?

– Кәсіби қолданушы ретінде біз делитантпыз деп деп ұялмай айта аламын. Қарапайым қолданушыға қарағанда сәл артығырақ білуіміз мүмкін, алайда ғұмырын осы мәселеге арнаған адамдардың жанында жіп есе алмаймыз. Менің ойымша, бұл технологияға тосырқай қараудың қажеті жоқ. Интернет шыққанда да дүрлігу болған. Блокче́йн технологиясы мен биометриялық тану жүйесі пайда болғанда да «бұл не нәрсе?» дегенбіз. Шындап келгенде бұл да жасанды интеллектінің жемісі.

Жалпы, технологияның негізгі үш қабаты бар. Бірінші технологияны жасаушылар, инфрақұрылым қалыптастырушылар. Мысалы Меtа компаниясы facebook, Instagram, WhatsApp әзірлеп берді. Екінші қабатта контент жасаушылар. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары.

Үшінші қабаттағылар соқыр қолданушылар. Оларға әншілердің не ішіп, не жегенін аңдитын пассив қолданушылар. Бізге үшінші деңгейден екінші деңгейге өту қажет. Осыдан соң технология арқылы тілді дамытуға, адамдардың денсаулығын жақсартуға күш жұмсау керек.

– Илон Маск жасанды интеллектті дамытуды тоқтата тұруды ұсынды. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Америкадағы кәсіби мамандардың арасында Илон Масктың сөзі сөз емес. Өйткені ол бизнесмен. Иә, ол жақсы стартап жасаушы, ІТ-дан хабары бар адам. Алайда маман емес. Осыған дейін жасанды интеллектті зерттеген де емес. Бәлкім, керемет қолданушы шығар, бірақ Илон Маскты мықты  мамандар мойындамайды. Оның сөзін ғылыми академиялық тұрғыда дереккөз ретінде қолдануға болмайды.

Илон Маск компанияларының капитализациясын арттыру үшін нарыққа манипуляция жасауды әдетке айналдырып алған. Мысалы, крипто валюта тұрғысынан алайық. Ол өзінің әлем жұртшылығы алдындағы беделін біле отырып, құнды қағаздардың, компаниясының бағасын арттыру үшін кейде батылдау сөйлейді. И.Маск жасанды интелектіні тоқтата тұруды алға тарта отырып, өзі Euro Link деген жасанды интеллекттің чипін адамның миына қондыру жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол екі сөйлеп отыр. Егер жасанды интеллект, ол айтқандай, қауіпті әрі оны дамытуды тоқтата тұру қажет болса, бизнесмен өз жобасын ілгерілетпес еді. Мамандар И.Масктің Euro Link жобасы жасанды интеллектен кенже қалғанын, И.Маск өз жобасын жасанды интеллект деңгейіне жеткізіп алу үшін жасанды интеллекті тоқтата тұру бастамасын көтеріп отыр деп санайды. Жалпы, Дональд Трамп пен Илон Масктан барлығын күтуге болады.

– Марсқа адам қондыруды ұсынған Илон Маск емес пе еді?

– Сол ғой, айтып отырмын ғой, И.Маск жасанды интеллектті қолдану арқылы адамның миына имплантация жасайтын чипті өндіріске енгізіп жатыр. Марс планетасын бағындыруды жоспарлап жүр. Сөйте тұра жасанды интеллектті дамытуды тоқтата тұру туралы пікір білдіреді. Сөзі мен ісі бір-біріне қарама-қайшы ғой.

Америкада федералдық агенттік бар. И.Маск осы агенттіктен адамның миына чип енгізуге рұқсат алды. Ол ақшасын, беделін салып, жасанды интелектті ілгерілетуге күш жұмсап жатыр. Бірақ көпшілікке басқа сөз айтады.

– АҚШ-та И.Масктың пікірін қолдап жүргендер бар ма?

– Аудитория екіге бөлінген. Біріншісі, делетанттар, яғни көзсіз сенетіндер, фанаттар. Екіншісі, сыни көзқараспен қарайтындар.

И.Маск инфлюенсер. Ол осыны біледі және оны өзінің бизнесінде, ісінде, саяси мақсатында өте шебер қолданады. Мұнысынан ұялмайды. Себебі өзінің фанаттары көп екенін біледі. Ол қажет болған жағдайда «жасанды интеллектті дамыту қажет, мен қателескен екенмін» дей салуы мүмкін. И.Маск айтқан сөзінен тайқып кетуден қорықпайды.

– Нейрожүйе жайлы не айтар едіңіз?

– Нейрожүйе деген сөзді қолданғанды ұната бермеймін. Бұл сөз бізге ресейлік блогерлерден енді. Негізі нейрожүйе жасанды интеллекттің бір саласы, түпкі тармағы ғана. Америкада ешкім бұлай айтпайды. Жай ғана жасанды интеллект дейді. Мысалы ChatGPT нейрожүйеден жоғарпы тұрған күрделі дүние.

– Digital Nomads Kazakhstan IT қауымдастығы қалай құрылды?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, министр Бағдат Мусиннің ұйымдастыруымен IT саласы мамандарының басын біріктіретін топ пайда болды. Қазір қауымдастық қатарында АҚШ-та, Еуропада, Шығыс Азияда IT саласы бойынша білім алып, әлемге әйгілі алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген 500-ден астам адам бар. Қауымдастық құрамындағы қыздар мен жігіттер топқа бөлініп, түрлі бағытта жұмыс істейді. Мен технологияны қазақша сөйлету, аударма жасау, қазақ қоғамына жаңа трендтерді түсіндіру бойыша кітап жазу, түрлі кездесулер ұйымдастырып, дәріс оқу міндеті жүктелген топ құрамындамын. Бұл қаржыландырылмайтын жоба. «Қазаққа болсын, қазақ білсін!» деген ұстанымен жұмыс істейтін еріктілердің ортасы десе де болады.

– «Жасанды интеллект адамдарды жұмыссыз қалдырады» деген қорқынышты қалай сейілтер едіңіз?

– Жақсы сұрақ. АҚШ-та «жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды» деген сөз бар. Шындығында жасанды интеллект адамды дамымаған, тоқыраған, ізденбеген жағдайда ғана алмастыра алады. Технологияны меңгерген кәсіби маман қай кезеңде болмасын жасанды интеллекттен бір саты жоғары тұрады. Бірақ бұл үшін қатты тырысу қажет. Себебі жасанды интеллект өте ақылды. Ол жауапкершілігі жоқ, маубас, жалқау, шаруаны соңына дейін жеткізбейтін ортаңқол мамандарды 100% жұмыссыз қалдырады. Қазір адам мен жасанды интеллект таласқа түсіп жатыр. Біз технологияның авторы ретінде жасанды интеллекттен биік тұруымыз керек. Алайда тоқмейілсіп, тоғышарлыққа салынсақ, жасанды интеллекттен ұтыламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қанат МАХАМБЕТ