"Заң жобасы ең алдымен қазақ тілінде қабылдануы керек" – Үкімет жауап берді
Көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, нақты ұсыныстарыңызды Үкімет Сіздермен бірге талқылауға мүдделі екендігін жеткізеді, – деп жазылған жауапта.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері қазақ тіліндегі барлық құқықтық нормативтік актілердің түп мәтініндегі терминологиялық қолданудағы бірізділікке ревизия жүргізу қажет екенін айтып, мәселе көтерген еді. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты бұл сауалға Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жауап берді.
Депутаттар 30 жыл ішінде қазақ тілі заң тіліне айнала алмағанын, заң терминдерінде сыңаржақтық, калька аудармалар көп екенін алға тартқан. Осы уақытқа дейін тек 2 заң ғана қазақ тілінде әзірленіп, қабылданыпты. Олардың сөзінше, бұл мәселе құқық саласындағы күрделі мәселелерді туындатып отыр. Себебі заң ең алдымен орыс тілінде жазылып, артынша қазақ тіліне аударылады. Екі тілдің табиғаты әртүрлі болғандықтан, терминдердің бірізді болмауынан аударма қойыртпақ, түсініксіз мәтінге айналады. Депутаттар, ең алдымен заң терминдерін бір ізге түсіру керек екенін, екіншіден, олардың контексте қаншалықты қиысатынына ревизия жүргізу, үшіншіден, атқарылған жұмыстардың барлығының қорытындысын қайта талдап, анализден өткізу керек екенін айтқан еді.
ҚР Конституциясы 7-бабының 1-тармағында қазақ тілінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретіндегі құқықтық мәртебесі белгіленген. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңының 4, 6, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15 және басқа да баптарында мемлекеттік тілдің толық және еркін қолданысы құқықтық тұрғыдан реттелген. Осындай құқықтық мүмкіндіктер қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық қатынастардың барлық саласында толық қолдануға негіз болады. Мұндай заңдық нормалар мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты жүзеге асыруға, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға зор мүмкіндіктер береді. Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, конструктивті тіл саясатын іске асыруға бағытталған жұмысты әрі қарай жүргізетін болады. Сонымен қатар Министрлік Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар көзделген. Тұжырымдама жобасы ағымдағы жағдайды талдауға, халықаралық тәжірибеге шолуға, тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізуге, латын графикасына көшудің негізгі міндеттеріне, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданысын арттыруға, тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыруға арналған негізгі бағыттардан тұрады. Министрлік бекітілген терминдерге мониторинг жүргізуде, нәтижелері бойынша терминдерді біріздендіру және өзекті емес терминдер мен ұғымдарды айналымнан алып тастау жөніндегі шаралар іске асырылуда. Қазіргі уақытта қазақ тіліндегі терминдерді жасақтау, оның ішінде шет тілдерінен енген терминдерді игеру бойынша бірқатар мәселелер бар. Мамандардың пікірінше шет тілінен енген терминдерді жаппай аудару қазақ тілін тез, әрі тиімді оқытуға өз әсерін тигізеді. Сондықтан олардың баламасы болған жағдайда ғана қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ міндетті сипаттағы нормативтік терминологиялық сөздіктерді шығару мәселесі пысықталуда. Бұл сөздіктер бірінші кезеңде (болжам бойынша 2026 – 2027 жж.) Министрлік жанындағы Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) бекіткен терминдер негізінде әзірленетін болады. Комиссия туралы ережеге сәйкес салалық терминологияны дамыту және терминдерінің сапасын арттыру мақсатында Министрлік құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ғалымдар тартылатын салалық терминологиялық секциялар құру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл шара Комиссия бекітетін терминдердің сапасын арттыруға ықпал ететін болады. Терминологиялық секциялар кейіннен нормативтік терминологиялық сөздіктерді әзірлеу бойынша жұмысқа да тартылады. Министрлік мектеп терминологиясын дамыту, ресми құжаттардың стилистикасын жетілдіру, оқыту тіліне қарамастан жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Кәсіби қазақ тілі» пәнін енгізу, сондай-ақ қазақ тілінің ғылыми, ресми-іскерлік стильдерін дамыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін пысықтауда. Жалпы, аталған бағыттағы жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілетін Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында көзделген. Бұдан басқа, нормативтік құқықтық актілердің (бұдан әрі – НҚА) қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін әзірлеудің сапасы мен түпнұсқалылығын қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасында, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында көрсетілген және оларда мынадай іс-шаралар көзделген: 1) қазақ және орыс тілдеріндегі НҚА мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық базаға толығымен терең тексеру жүргізу (мерзімі – 2023 жылғы II тоқсан); 2) НҚА жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту (мерзімі - 2024 жылғы наурыз). Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметін бюрократиядан арылту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп міндетті түрде лингвистикалық сараптама жасай отырып нормаларды «артық регламенттеуді болдырмау» тұрғысынан заңдарға ревизия жүргізуде. Бұл жұмыстар да заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бірі болып табылады. Бұл ретте «артық регламенттеуді болдырмау» мәніне ревизия жүргізу көзделмеген НҚА (жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер) олардың жобалары мемлекеттік органдардың норма шығару қызметі барысында лингвистикалық сараптамаға түскен кезде қаралады. Аталған шаралар мемлекеттік тілдегі НҚА мәтіндері мазмұнының сапасын арттыруға ықпал етеді. Комиссия қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы оның құрамына терминтанушы ғалымдар енгізілді. Сонымен бірге терминология саласы бойынша қазақ тілінде дәріс оқып, ғылыми еңбектер жазып жүрген заң, экономика, техника салаларының ғалымдары мен мамандары, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің редакциялау бөлімдерінің меңгерушілері тартылды. Жалпы бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің ерекше бақылауында. Көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, нақты ұсыныстарыңызды Үкімет Сіздермен бірге талқылауға мүдделі екендігін жеткізеді, – деп жазылған жауапта.