Жаңалықтар

Токио Мәскеудің әскер орналастыру жоспарына қарсы

ашық дереккөзі

Токио Мәскеудің әскер орналастыру жоспарына қарсы

Жапония үкіметі Ресейдің қорғаныс министрлігінің бір жылдың ішінде Курил аралдарына әскер орналастыру жоспарына қарсылық білдірді. Бұл жөнінде Жапонияның министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суганың сөздеріне сілтеме жасап ТАСС хабарлайды. Ол Курил тізбегіндегі төрт аралға Ресей әскерінің орналасуы Жапонияның ұстанымына сәйкес келмейді деп атап өткен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресей тартып алған Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомаи аралдарын Жапония билігі қайтарып алғысы келеді. Таяуда Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу 2017 жылдың соңына дейін жаңа төрт дивизия құрылатынын айтқан. Оның біреуі Курил аралдарында орналасады деген. Былтыр қараша айында Ресей Итуруп пен Кунашир аралдарына «Бал» және «Бастион» зымыран комплекстерін орналастырған. Курил тізбегіндегі төрт арал Жапония мен Ресей арасында бейбіт келісім орнатуға кедергі болып отыр. Токио Курил аралдарының кімге тиесілі екендігі түбегейлі шешілмейінше, құжатқа қол қою мүмкін емес дейді.