Жаңалықтар

Астанада алғаш рет «бүйрек және бауыр транплантациясы» бойынша Ашық есік күні өтті

ҰҒОО

Әлеуетті донорлар мен реципиенттер үшін қабылдауды білікті онколог-дәрігерлер, хирургтар, трансплантологтар жүргізді.

7 қазан күні Астанада «Республикалық транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету орталығы» ШЖҚ РМК ағзалар доноры күні шеңберінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықпен бірлесіп Ашық есік күнін өткізді.

Әлеуетті донорлар мен реципиенттер үшін қабылдауды білікті онколог-дәрігерлер, хирургтар, трансплантологтар жүргізді.

Трансплантаттау дәрігерлері 18 жастан асқан пациенттерге трансплантаттау бойынша тегін консультация береді. Республикалық трансплантаттау үйлестірушісі қайтыс болғаннан кейін ағзалардың донорлығы туралы ерік білдіруді бекіту, Күту парағына қою және жүргізу, сондай-ақ ағзалардың туыстық донорлығы мәселелері бойынша кеңес берді.

Мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы тек 4 мәйіттік донор 16 адамның өмірін сақтап қалған, ал 2023 жылы 4 мәйіттік донор 9 адамның өмірін жалғастыруға үміт сыйлаған.

Биылғы 10 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша, «Күту парағы» тізімінде 3 953 науқас бар, оның ішінде бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек және «жүрек-өкпе» кешеніне зәру адамдар бар.

2 жыл донор күтіп жүрген елордалық Қанат Байбатыровтың айтуынша, бiзде донор тапшылығы мәселесi өзектi, қоғам бұған әлi де дайын емес.

«2018 жылы менен поликистоз бүйрек ауруы анықталды. Ал 2021 жылы диализ диагнозы қойылды. Бұл тұқымқуалаушылықпен келген ауру. Қазіргі кезде бүйрек ауыстыруға донор күтіп жүрмін.

Жалпы елімізде донорлық ағзаның тапшы болуы басты проблемалардың біріне айналды. Сондықтан елімізде осы жағдайды көп насихаттау керек деп санаймын.

Реципиенттер үшін де әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған жөн. Мәселен Астанадағы онкология орталығы бірінші рет бүйрек және бауыр трансплантлогиясы бойынша Ашық есік күнін өткізді. Келіп, тегін кеңес алдым. Дәрігерлер міндетті өту керек анализдерді және трансплантациядан кейінгі болатын жағдайларды айтып берді. Мұндай іс-шаралар жалғасын тапса, біз секілді жандарға үлкен көмек», - дейді ол.

Хирург-трансплантолог Жәмиля Сапарбайдың айтуынша, 2012 жылдан бері  2475 науқастың ағзасы ауыстырылған.

«Биыл бірінші рет бүйрек пен бауыр транплантациясы бойынша Ашық есік күнін өткізіп жатырмыз. Жыл сайын өткізу жоспарда бар. Келген азаматтарға өз диагнозы жөнінде тегін кеңес беріп, тиісті ақпараттармен бөлістік. Жалпы трансплантацияны күту бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Науқас сақтандырылған болса, ота жасату МӘМС жүйесінде қаржыландыратын болады. Ал ағза мәйіттік немесе тірі донорлардан алынады. 

Негізгі процесс қалай жүзеге асатынын айта кетейін. Трасплантацияға бауыр циррозына шалдыққан науқастар зәру. Аталмыш диагнозбен емханада есепте тұрғандар хирургтарға жолдама алып, күту парағына қойылады.  Егер мәйіттік донор табылған жағдайда, оны кімге сәйкес келетінін арнайы компьютерлік жүйе анықтайды. Адамдардың қатысуынсыз жүзеге асуы – заңсыздықтарға жол берілмеуге кепілдік.

Компьютерлік жүйе мәйттік донорды қан тобымен салыстырады. Ал тірі донорлардан тек туыстары ғана өтінім бере алады. Себебі, бұл - ғаламтордағы ішкі мүшелерді заңсыз сату немесе алудың алдын алады», - дейді ҰҒОО дәрігері.

Айта кетейік, ағзалар доноры күні – Қазақстан халқын игі іс жасау мүмкіндігі туралы ойлануға және өмірді сақтап қалу жөніндегі маңызды қозғалыстың бір бөлігі болуға шақырады.