Жаңалықтар

Жасанды интеллект ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды – Президент

Akorda

Бүгін Астана қаласында 300-ден астам IT компанияның өкілдері қатысып жатқан Digital Bridge форумы өтіп жатыр.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Кейінгі бес жылда бұл форум IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаңға айналды.

Биыл Digital Bridge форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар.

Әдеттегідей Форумға қызығушылық жоғары. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші әрі маңызды цифрлық және қаржылық технология хабы екенін тағы да нақтылай түседі», - деді Тоқаев.

Президент шараның тақырыбы өте өзекті екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды.

Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.

Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады.

Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар

Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», - деді Президент.