Жаңалықтар

Петропавл тұрғыны қаланы «жарып» жібермек болған

polisia.kz

Қала тұрғыны бұрын бірнеше мәрте сотталған.

9 қазан күні Петропавлдың 44 жастағы тұрғыны қаланы жарып жіберемін деп қорқытқан, деп хабарлады turkystan.kz.

ІІМ мәліметінше, түскі сағат 13:40 шамасында Қазақстан Конституциясы және Казахстанская правда көшелерінің қиылысында тұрған «SOS» дабыл батырмасын басқан белгісіз ер азамат «102» пультіне қоңырау шалып, қаланы жарып жіберемін деп қорқытқан.

Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел арнаға хабарласқан ер адамды тез арада ұстады.

«Ол Өскемен қаласының бұрын бірнеше мәрте сотталған 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Оның айтуынша, бұл әрекетіне өміріндегі жеке мәселелері себеп болған», – делінген хабарламада.

Аталған факті ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тергеу барысында ер адамның осындай әрекетке неліктен барғаны анықталатын болады.