Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет грамоталарын табыстады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайда өткен XIX жазғы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы спортшыларды жүлделерімен құттықтады. Сондай-ақ жуырда Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғанын еске салды.

Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8  спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды. Осы орайда Мемлекет басшысы спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.

Мемлекет басшысы жуық арада спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталды. Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби  спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.

Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.

Бұдан бөлек, Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының пікірінше, атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құрылысын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.

Мемлекет басшысы спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.

Сонымен қатар жиында 2023 жылғы XIX жазғы Азия ойындарының стенд атудан екі дүркін жеңімпазы және қола жүлдегері Әсем Орынбай, каноэ және байдарка есуден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері Сергей Емельянов, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, каратэден XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Нұрқанат Әжіқанов, нысана көздеу спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет грамоталарын табыстады.