Жаңалықтар

Түркі елінің ғалымдары Айтматов идеяларын талқылады

turkystan.kz

Түркияның астанасы Анкарада 9-11 қазан күндері түркі елдері ғалымдарының басын қосқан ғылыми симпозиум өтті.

«III Шыңғыс Айтматов күндері. XX ғасырға із қалдырған есімдер: Төреқұл Айтматов және Шыңғыс Айтматов» атты халықаралық шараға Германиядан, Әзербайжаннан, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстаннан және Қырғызстаннан зерттеушілер келіп, баяндамаларын жасап, келелі пікір алмасты. 

Діни және мәдени айырмашылықтар ұлттар мен ұлыстар арасындағы алауыздыққа әкелуі мүмкін екенін, туған тіл сынды басты құндылықтардың жойылу қаупін, табиғат пен адам  гармониясының бұзылу салдарларын өз шығармалары арқылы астарлап жеткізген сөз зергері бір кездері кей замандастарының сынына да ұшыраған болатын. Алайда, сол идеялардың өміршеңдігі  ғана емес, өзектілігін де бүгінгі күн шындығы дәлелдеп отыр. 

Жиналған ғалымдар әкелі-балалы қоғам қайраткерлерінің тағылымды өмірінен қызықты, әрі тың деректер келтірді. Мәселен, жазушының 86 жастағы қарындасы Роза Төреқұлқызының айтуынша, Бішкектегі әуежайдың ашылуына тікелей мұрындық болған — Төреқұл Айтматов еді, ал оған Манас атының берілуіне ықпал етіп, негіздеп публицистік мақала жазып, Мәскеуді сендіріп, көндіре білген — Шыңғыс Төреқұлұлы. Ташкенттен келген аудармашы ғалым Зухриддин Исомиддиновтың пікірінше, Кеңес одағының қылышынан қан тамған саясатының өзі планетарлық дәрежедегі қаламгердің батыл идеяларына бөгет бола алмады. Оның ізашарлығымен сол кездегі өзбек қаламгерлері бұрын-соңды қозғалмаған тарихи, ұлттық тақырыптарға батыл қалам тербей бастаған. 

Қырғыз АССР-нің халық комиссары болған Төреқұл Айтматовтың елі үшін сіңірген еңбегі мен жазықсыз репрессияға ұшырауы туралы сөз болғанда, бүкіл түркі мемлекеттерінің сол кездегі зиялылары ұшыраған қуғын-сүргін тақырыбы қозғалды. Қырым татарлары, әзербайжан, өзбек, қырғыз, түрікмен және қазақ зиялылар қауымын лек-легімен ату жазасына кесу барысында сот үкімі шығардан бір күн бұрын үкім орындалып қойған деректер де тыңдаушылар назарын бұрды. Түркияда ұзақ жылдар қызмет ететін беделді қазақ ғалымы,тарих ғылымдарының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласунның “Түркі дүниесіндегі репрессия құрбандары” атты баяндамасын зерттеушілер мен білім алушы жастар зор ықыласпен тыңдады. Ал Қазақстаннан шақырылған PhD ғылым докторы, MNU Халықаралық журналистика  мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы “Ш.Айтматов феноменінің қазақ дүниетанымы мен ұлттық медиакеңістігіндегі рөлі” тақырыбын талқылау барысында қазақ қоғамына әсер еткен “мәңгүрттік феномені” және оның қайнарлары мен заманауи көріністеріне талдау жасады.

Астанадан, сондай-ақ, Ассамблеяға қарайтын Қырғыз этномәдени орталығының жетекшісі Шавкат Исмаилов та барып, ҚарЛаг қабырғасындағы қазақ-қырғыз аманаты туралы әсерлі, деректі оқиғамен бөлісті.

Бірнеше мемлекеттен жиналған 33 ғалымның әр баяндамасы “Адамзаттың Айтматовы” атанған тұлғаның басты ұстанымдарының аясында түркі бірлігі идеясының  өзектілігін зерделеуге жол нұсқап тұрды.  Айта кетерлігі, Ш.Айтматовқа арналған бірінші симпозиум 1994 жылы жазушының өзінің қатысуымен дәл осы Анкара университетінде өтсе, екінші симпозиум 2009 жылдың 12-14 қазанында болған.

Бұл жолғы ғылыми іс-шараның ұйымдастырушылары — Анкара университеті, “Түрксой” түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы, Түркі ынтымақтастығы мен үйлестіру агенттігі (TİKA), Түркиядағы Қырғыз елшілігі, Қырғыз ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов тіл және әдебиет институты.

Түркияда 200-ден астам ЖОО болса, солардың 20 шақтысында түркі тілдері мен мәдениетін оқытатын бөлімдер бар. “Ал Анкара уриверситетінің Тіл, тарих және география факультеті сол түркі бірлігіне қызмет ететін оқу ордаларының ішінде өзіндік тарихи мәнге ие. Біріншіден, бұл факультетті 1935 жылы Мұстафа Ататүріктің өзі ашқан. Екіншіден, мемлекет болу үшін қажет үш алғышарт — тіл, тарих және жер деген үш ұғымды тоғыстырып атауға нұсқау берген”, деген маңызды деректі келтірді өз сөзінде осы шараның басты ұйымдастырушыларының бірі, қырғыздың ғалым қызы, профессор Гүлзура Жумакунова.

Дүниеден озғанына 15 жыл өткен қарымды қаламгер, ойшыл жазушы Шыңғыс Айтматов 95 жасқа толар еді.  Биылғы шара сондай-ақ қырғыздың көрнекті мемлекет қайраткері Төреқұл Айтматовтың 120 жылдығына тұспа-тұс келіп тұр.

Айтматов күндері аясында қырғыздың қолөнер көрмесі, Айтматовтар туралы жаңа кітаптардың презентациясы, өнерпаздар концерті, тарихи ескерткіштерге тағзым сынды шаралар да өтті. Екі күнге созылған симпозиумның қорытынды сөзін ұйымдастыру кеңесінің атынан Анкара университеті Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының меңгерушісі, профессор Ф. Сема Барутчу Өзөндер ханым алып, барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп,  арыстар аңсаған жарқын даму жолында бірлік пен рухани негізге сүйенуге шақырды.

А.САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист,

Түркия, Анкара қаласы