Сүндет тойда жылқыға қатыгездік көрсеткен тұрғын жауапқа тартылды
Тексеру нәтижесінде бұл жайт 8 қазан күні Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен сүндет той кезінде болғаны анықталды.
Cүндет тойда жылқыға қатыгездік көрсеткен Шымкент тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz. Қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторинг жүргізу барысында бірнеше ер адам орамалмен көзі байланған атты баспалдақтан төмен түсірмек болған бейнежазбаны анықтады. Тексеру нәтижесінде бұл жайт 8 қазан күні Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен сүндет той кезінде болғаны анықталды.
«Жылқының иесіне қатысты тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 407-1 бабы «Жануарларға қатыгездік көрсету» бойынша әкімшілік хаттама толтырды», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары жануарларды ұстау кезінде ұрып-соғуға, жануарды азаптауға, оның ішінде аштыққа, шөлдеуге және жануардың өліміне, жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіруге әкеп соқтырған немесе соқтыруы мүмкін басқа да зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін ескертеді.