Жаңалықтар

«Отандастар» форумына келген қандастар ұлттық ойындарды тамашалады

Бүгін Астанада өтетін «Отандастар» форумына қатысу үшін қырықтан астам елден 200-ге жуық қандас келді.

Отандастар қорының ұйымдастыруымен өтетін бұл форумның бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы келген қонақтарды ұлттық құндылықтарымызбен етене жақын таныстыру үшін бірқатар іс-шара өткізді.

Атап айтқанда, құсбегілік, қолөнер шеберлігі, ұлттық ойындарымыздан тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар қойылым көрсетілді.

Соңғы 7 жылда Кореяда тұратын Тұрлан Жанесенов қандастар арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейтін осындай іс-шаралар жалғасын табуға тиіс екенін айтты.

Орынборда қандастарды біріктіріп, төл мәдениетімізді насихаттап жүрген Сәуле Тайкешованың пікірінше, шетелдегі барлық қазақты біріктірген «Отандастар» форумы – қандастар арасында бұрын-соңды болмаған маңызды жиын.