Спорт

Ермахан Ибраимов «Шымбергенов пен жапониялық боксшының жекпе-жегі әділетсіз болды» деген пікірмен келіспейтінін айтты

Фото: YouTube

Ермахан Ибраимов боксшылардың өнеріне көңілі толмағанын әрі оларға әділетсіздік жасалды деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

Бокстан әлем чемпионы Ермахан Ибраимов Қытайда өткен Азия ойындарында боксшылардың көрсеткен нәтижесі туралы сөз қозғады, деп хабарлады  turkystan.kz.  

Ермахан Ибраимов Руслан Бақытжанға берген сұхбатта қазақстандық боксшылардың өнеріне көңілі толмағанын әрі оларға әділетсіздік жасалды деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

«Жеребе тастау сәтті өтсін деп жатамыз ғой. Ол да сәтті өтті, кейбіріне сәтсіз болған шығар. Дегенмен де мықты команда, мықты боксшы жеребеге де қарамайды», - дейді ол. 

Спортшы «Асланбек Шымбергенов пен жапониялық боксшының кездесуіндегі шешім әділетсіз болды» деген пікірмен келіспейтінін айтты.

«Асланбек Шымбергенов болсын, Махмұд Сабырхан болсын, баса-көктеп біздің жеңісті тартып алды, қатты қиянат жасады деп айта алмаймын. Менің бапкерім «Егер сенің қолыңды көтермесе, демек сен рингте жеңген жоқсың» дейтін. Неге Джалоловқа, Досматовқа әділетсіздік жасамайды? Мен жігіттерге «Азия ойындары төрешінің әділетсіздігі көп орын алатын орын, сондықтан ешқандай күмән болмайтындай айқын басымдықпен жеңіске жетіңдер» деп айтқанмын»,- дейді Ермахан Ибрамов.

Спортшы ұлттық құрамада қызмет еткісі келетінін жасырмады.

«Министрдің құлағына алтын сырға болсын. Қазақ ұлтынан шыққан Олимпиада чемпиондарының арасында ең үлкені мен екенмін. Кейбір комитетте әңгіме болып қалғанда сіз ең үлкенісіз, жеңіс талисманысыз, үлкен жарыстарға барып, балалардың алдында жарқырап  жүрсеңіз, сізге қарап рух алар еді деп айтты. Бірақ жеме-жемге келгенде, Азия ойындарына барарда бәрі қол бұлғап кете барды», - дейді спортшы.