Мұрат Бекмұратов: «Отандастар» форумының берері көп
Алтай өлкесіндегі «Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының төрағасы Мұрат Бекмұратов «Отандастар» форумынан көп нәрсе күтетінін айтады.
Ертең «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен екі жүзге жуық шетел қазақтарының басын қосатын «Отандастар» форумы өтпек. Шоқтығы биік бұл жиынға арнайы шақырылған қонақтардың арасында Алтай өлкесіндегі «Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы» өлкелік қоғамдық ұйымының төрағасы Мұрат Бекмұратов та бар. Мұрат Серікұлы бұл форумның көп нәрсе күтіп отырғанын айтады.
«Негізі, бұл форумнан күтерім көп. Сыртта жүрсек те бізді атажұртымыз – Қазақстанда ұмытпай, бәріміздің басымызды бір алаңға қосып жатқан осындай қордың барына шүкір дейміз. Форум ұйымдастырушылары өз ойларын ортаға салады, біз өз діттегенімізді, өз мәселелерімізді бөлісеміз. Одан бөлек, әлемнің әр бұрышында тұрып жатқан қандастармен аралас-құралас болатыны көңіл қуантады. Кім қалай өмір сүріп жатыр? Кім қалай тілімізді, мәдениетімізді сақтап жүр? Жан-жақтан келген соң, бәрімізге осы қызық. Сондықтан ертеңгі форум өте қызық болады деп ойлаймын», – дейді ол.
Мұрат Серікұлы форум аясында Қазақстанда бірқатар жобаларды пысықтап, ынтымақтастық орнатқанын айтады.
«Бүгін Еуразия ұлттық университетінің профессорларымен кездесіп, ынтымақтастық орнату мәселесін талқыладық. Біз ол оқу орнынан бөлек, Павлодар педагогикалық университетімен, Шәкәрім университетімен бірлесе жұмыс істейміз. Болашақта балаларымыз тарихи Отанымызға барып оқысын, азамат ретінде өсіп-өнсін, қазақтың мәдениеті мен тілін бұрыңғыдан бетер білсін, осында оқып, осында қалсын деген мақсатты көздейміз. Бұл мақсатта бізге елдегі көп университет қолдау көрсетіп, тегін гранттар бөліп жатыр», – дейді М.Серікұлы.
Ұйым төрағасының айтуынша, Алтай өлкесін мекендеген қазақтарға «Отандастар қорының» көмегі көп тиді.
«Биыл жаз айында «Отандастар қоры» бізге Қарағандыдан қазақ ұлттық оркестрінің өнерпаздарын алып келіп, үлкен концерт қойды. Қазақтар көп жиналып, тіпті көзіне жас алып, оркестр өнерпаздарын жібергісі келмей, көп уақыт бойы тұрып алды. Ерекше құрмет көрсетті. Одан бөлек, қор өкілдері біздің «Нұр Алтай» атты өнер тобымызға он костюм тарту етті. Сосын екі домбыра сыйлады. Қазір тағы бес домбыра болса деп сұраған едім. Себебі біздегі домбыралар ескіріп, сынып қалды. Қор бұл істе көмектесеміз деді. Мұны естіген балалар да, мен де қуанып қалдым. Домбыра – біз үшін киелі аспап. Домбырасыз қазақ қазақ бола ма?!», – дейді ол ағынан жарылып.
Сонымен қатар ол Алтай өлкесінде қазақ тілі мен мәдениетін сақтауды көздеген көп іс-шара өтетінін баса айтып өтті.
«Алтай педагогикалық университетінде қазақ тілі мен мәдениет орталығы бар. Онда жеке кабинетіміз, екі аудиториямыз бар. Балалар онда ән айтады, би билейді. Тоғызқұмалақ ойнайды. Салт-дәстүрді насихаттайтын көрініс көрсетеді. Демалыс күндері отызға жуық адамға қазақ тілінен сабақ өткізіледі. Олар бір жыл ішінде қазақшаға судай болып шығады. Біз оларға арнайы сертификат табыстаймыз. Биыл біздің орталығымыздың құрылғанына – он жыл. Одан бөлек, Алтай өлкесі автномиясына он бес жыл толады. Соған орай өтетін есеп беру кешін өткізіп, төл өнеріміз бен салт-дәстүрімізді насихаттаймыз», – деді ол.