Қоғам

Екібастұзда күйеуін абайсызда өлтіріп алған әйелге сот үкімі шықты

Фото: egemen.kz

Қылмыстық іс материалдарында күйеуі әйелдің қызмет орнына келгені айтылған.

Екібастұзда өзара жанжал кезінде күйеуін өлтіріп алған әйелге сот үкімі шықты. Олар қаладағы балабақшаның бірінде ұрысып қалған, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға осы жылдың 8 мамырында, шамамен сағат 4:55-те болған. 

Қылмыстық іс материалдарында күйеуі әйелдің қызмет орнына келгені айтылған. 

«Ол мас күйінде болған. Жанжал басталып, жұбайы аяғы ауыр әйелін ұра бастайды. Ол өзін қорғау мақсатында қолына пышақ алып, күйеуінің бірнеше жеріне жарақат салған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Тергеу барысында айыпталушыны бұған дейін де марқұм күйеуінің бірнеше рет ұрып-соққаны анықталды әрі әйел қыркүйек айында босанған», - делінген хабарламада.

Сот үкімі бойынша ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша әйел кінәлі деп танылды. ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Алайда әйелдің жаңа туған нәрестесі барын қаперге алған сот ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде тағайындалған жазаның орындалуы 5 жылға кейінге қалдырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.