Сұхбат

Мақсат Халық: Үкімет заңға сүйенетін Робин Гуд болуы керек

ашық дереккөз

Үкімет қымбатшылықпен күресте дәрменсіздік танытып отыр.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық Turkystan.kz. тілшісіне сұхбат берді.

–  Елдегі қымбатшылықтан қалай құтыламыз?

– Соңғы кезеңде Америка мен Еуропада бұрын-соңды болмаған қымбатшылық байқалды. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Біз қымбатшылықты қалыпты құбылыс деп қабылдамауымыз керек. Себебі кейбір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер секілді Қазақстан ешқандай әскери іс-қимылға қатысып жатқан жоқ. Соған қарамастан Ресей мен Беларусьте инфляция деңгейі бізге қарағанда әлдеқайда төмен. Біз еліміздегі қымбатшылыққа сыртқы фактормен қатар ішкі фактор кері әсер етіп жатқанын мойындауымыз  керек.

Үкімет қымбатшылықпен күресте дәрменсіздік танытып отыр. Бұл – ішкі фактор. Министрлер кабинеті міндетін мінсіз атқарса: азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, отандық тауар өндірушілерге жағдай жасаса, инфляция қазіргі деңгейде болмайтын еді. Экономиканың монополиялық сипат алуы, қоғамда  олигополияның салтанат құруы, яғни 2-3 ірі компанияның нарықта үстемдік етіп, ойына келгенін істеуі экономиканы тығырыққа тіреп тұр. Жосықсыз бәсекелестік тамырын терең жайып алды. Үкімет қол қусырып, қарап отыруын жалғастырудан басқа жол таппаса, әлеуметтің жағдайы нашарлай береді. Азық-түлікті қарызға сатып алатындардың қатары көбейеді. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.

– Жәрдемақы мен зейнетақы өскенде айлық жалақыны да өсіруге бола ма?

– Біздің елде жалақы өсіру саясаты дұрыс қалыптаспаған. Еңбекақыны инфляцияға сәйкес индексациялау мәселесі де шешімін таппаған. Ең төменгі жалақы көлемі де күлкілі. Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы көлемін есептеуде өрескел қатеге бойалдырып отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігін ең төменгі жалақы деп бекіту қажет. Ең төменгі жалақы макроэкономикалық көрсеткіш болып саналады. Ол барлық төлемдердің өсуіне ықпал етеді. Ең төменгі жалақы 112 мың теңгеден асатын болса, ресми статистикада көрсетіліп жүрген 340 мың теңге көлеміндегі орташа жалақы да жоғарылайды. Нәтижесінде халықтың тұрмысы түзеледі.

Біздегі көптеген есептеулер Кеңес одағынан қалған. Күні бүгінге дейін ең төменгі күнкөріс шегі бекітіледі. Қазір осы көрсеткіш 40 мың теңгеден сәл асады. Айтыңызшы, осы ақшаға бір ай өмір сүру мүмкін бе? Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақ тағамтану академиясының есебінше мүмкін. Мұндағылардың мәлімдеуінше, 40 мың теңгеге бір ай күніне 3 мезгіл құнарлы тамақ жеуге болады.

Ең төменгі күнкөріс шегі еліміздегі кедейлікті жасыру үшін көтерілмей отыр. Өйткені ең төменгі күнкөріс шегінен төмен табыс табатын азаматтар кедей адамдардың санатына қосылады. Әлемдік деңгейдегі рейтингте әдемі болып көріну үшін біздегі статистикалық мәндердің барлығы қолдан жасалады. Ресми статистикада біздің елде кедейшілік деңгейі 5%-дан аспайды деп көрсетілген. Ал Дүниежүзілік банк Қазақстандағы кедейшілік деңгейі әлдеқашан 12%-дан асқанын алға тартып жүр.

Үкімет ауруын емдеумен емес, жасырумен айналысып жүр. Осыған дейінгі стратегиялық бағдарламалар нақты нәтиже бермеген соң Ұлттық жобаларды қолға алды. Маман ретінде Ұлттық жобалар шикі екенін айттым. Ешкім құлақ асып, шара қабылдамады. Қазір Ұлттық жобалар қайта қаралып жатыр.  

– Жалған сандар сөйлейтін жасанды статистикадан құтылу үшін қайтпек керек?

– Статистика комитеті жұмыс істемейді деп айтудан аулақпын. Ол жақтағы мамандар өздерінің қызметін атқарып отыр. Десек те аталмыш комитет ұзақ жылдар бойы Ұлттық экономика министрлігінің қарамағында болды. Министрліктің мүддесіне сай әрекет етті. Статистикалық сандар қолдан жасалды. Статистика комитеті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінінің қарамағына өткеннен кейін ғана инфляцияға қатысты көрсеткіштер шынайылыққа жақындай бастады. Біз бұған дейін ресми статистикада 20% инфляция дегенді естімейтінбіз. Нақты көрсеткіш жасырылып, елдегі инфляция деңгейі үнемі 7-8% деп жарияланатын.

– Байлар көп, кедейлер аз салық төлесін деген ұстанымға қалай қарайсыз?

– Мұның өзінің теңгерімділігі бар. Байлар көп салық төлеуге тиіс екен деп оларға өте үлкен салық жүктемесін артып қоюға болмайды. Мұндай жағдай орын алатын болса, ауқатты адамдар жан-жаққа қашады. Елден капитал жылыстайды. Салдарынан экономикаға ауыр соққы тиеді. Әлемде өз еліндегі шектен тыс салық жүктемесін көтергісі келмеген актерлер мен спортшылардың басқа мемлекетті паналауға мәжбүр болғанына, тіпті азаматтығын ауыстырғанына қатысты мысалдар жетерлік.

Экономикада салық жүктемесін Артур Лаффер деген ғалым зерттеген. Оның  салықты төмендету мен салықтық түсімдер арасындағы сауданы сипаттайтын «Лаффер қисығы» деген теориясы бар. Осы теорияда Үкімет салықты көбейткен сайын бюджетке көп кіріс кіреді деп ойлайтыны, алайда салықтың  көлемі көбейген сайын көлеңкелі экономика қанат жаятыны ескерілмейтіні түсіндіріледі. Бұдан салық жүктемесі ешкімге шектен тыс салмақ салмауға тиіс деген қорытынды шығады.

Үкімет заңға сүйенетін Робин Гуд болуы керек. Яғни бай адамдарға салған салық есебінен әлеуметтің осал тобын салықтан босатуы тиіс. Ал салық мәдениетін жоғалтып алмау үшін әлеуметтік жағдайы нашар азаматтарға  шартты түрде 1% ғана салық салуы керек.

– Неге Үкімет инфляцияға тосқауыл қоя алмай отыр?

– Қабылдап отырған шешімдерінде кемшілік көп. Үкімет әбден шатасты. Араласатын жерге араласпай, араласпайтын жерге араласуды әдетке айналдырды. Бұрын «бағаны нарық реттейді, Үкімет араласпайды» деп құтылатын, қазір керісінше, кәсіпкерлерге киліге береді. Мәселенің себебімен емес, салдарымен күреседі. Қазір алыпсатарлыққа бой алдырып, бағаны қолдан өсіріп жүрген делдалдардың дегені болып тұр. Оларды ақылға шақырып, тезге салып жатқан Үкімет жоқ.

– Ұлттық банктің қазіргі ақша-несие саясаты дұрыс па?

– Дұрыс! Қаржы реттеушісі инфляциялық таргеттеу деген саясатты ұстанып отыр. Бұл - арнайы дәліз ішінде инфляцияны ауыздықтап, нысаналы дәрежеге дейін төмендету деген сөз. Ұлттық банк елде 2025 жылға дейін 4%-дан аспайтын инфляция қалыптастырғысы келеді. Мақсатына жете ала ма, жете алмай ма, бұл басқа мәселе. Негізі осы көрсеткішке 2020 жылға дейін жетуге тиіс едік. Пандемия сыныққа сылтау болып, 4%-дан аспайтын инфляция қалыптастыру мерзімі 2025 жылға шегерілді. Қымбатшылықтың қазіргі қарқыны басылмаса, Ұлттық банктің 2025 жылға дейін инфляцияны өзі қалаған деңгейде қалыптастыруы қиынға соғады.

– Базалық мөлшерлеменің қайта-қайта құбылуын қалай қабылдайсыз?

–  Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы экономика үшін тиімді емес. Бұл көрсеткішті төмендету үшін инфляция төмен болуы керек. Инфляция жоғары болған жағдайда базалық мөлшерлемені қатты төмендетуге болмайды. Мұндай жағдай Түркияда орын алды. Президент Режеп Тайип Ердоғанның тапсырмасымен инфляцияның шарықтап тұрғанына қарамастан, базалық мөлшерлеме төмендетіліп, кәсіпкерлерге арзан несие берілді. Салдарынан Түркиядағы  инфляция деңгейі 80%-ға жетті.

Ақша-несие саясатында Президенттің немесе Үкіметтің үстемдік жүргізуіне жол беруге болмайды. Түбінде бізге базалық мөлшерлемені төмендету керек. Бұл көрсеткіш жоғары болса, банктер табыс табады. Олардың өз арасында «Репо» дейтін қаржылық операция бар. Банктер соған жүгініп, қаражатты көбейтіп отыра береді. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы іскерлік белсенділікті төмендетеді. Себебі бизнесмендер жоғары пайызбен несие алмайды. Ал 18-20%-бен  ипотекалық несие рәсімдейтін адамдардың қаржылық сауаты төмен немесе олардың бұдан басқа амалы жоқ. Негізі бұл қадамға барған адамдар отбасын үлкен шығынға ұшыратады.

– Шикізатқа тәуелді экономикадан құтылу үшін қайтпек керек?

– Тәуелсіздік алғаннан бері елге 370 млрд доллар инвестиция тартылды. Осы қаражаттың 90%-ы шикізаттық секторға жұмсалды. Норвегияда да осындай жағдай орын алды. Бірақ ұлтының әлеуеті, өмір сүру сапасы бізбен салыстырғанда мүлдем басқа деңгейде. Негізінде шикізатты ел бола отырып, халықтың дәулетті өмір сүруіне ықпал етуге болады. Бізде осыған дейін түрлі индустрияландыру бағдарламалары жүзеге асырылды. Екінші Сингапур боламыз деп жаһанға жар салдық. Өзге елдердің бағдарламаларын бірінен соң бірін көшіре бастадық. Алайда бағдарламалардың орындалуына басымен жауап беретін тұлғалар болмады. Тіпті ондай премьер-министр де болған жоқ. Жауапкершілік жүктелмеген соң, әркім ойына келгенін істеді. Бөлінген ақша желге ұшты. Бізге шикізатқа тәуелді экономикадан құтылу үшін жаңа әрі тиімді экономикалық саяси-әлеуметтік жүйе құру қажет.

– «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының соңы сұйылып кетті. Себебін айта аласыз ба?

– Бұрынғы Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылған бағдарламаға Ұлттық банктің еншілес ұйымының оператор болуы әу бастан қате шешім болды. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Данияр Ақышев қалай болғанда да осы бағдарламаны жасауға тиіс еді. Обалы не керек, бағдарлама өте жақсы жасалды. Мұнда секьюритизация болды. Яғни барлық ипотекалық келісімшарттардың пулы жасақталып, облигация түрінде сатылды. Осылайша сырттан қосымша қаржы тартылып, жинақталған қаражат есебінен ипотекалық бағдарламаны жалғастыруға мүмкіндік берілді. Еліміздегі бағдарламалардың бірде-біреуі бұлай жасалмаған. Бұған дейінгі бағдарламалар жыл сайын бюджеттен бөлінетін 390-400 млрд көлеміндегі қаржыны екінші деңгейлі банктерге төмен пайызбен үлестіру үшін жүзеге асырылып келді. Қазір бізде дені дұрыс ипотекалық бағдарлама жоқ. Әр қалада жастарға төмен пайызбен ипотекалық несие беретін бағдарлама іске қосылған. Бірақ оның белгілі шегі бар, яғни бағдарлама барлық жастарды қамтымайды. Елімізде 2000-шы жылдардың басында «Бэби-бум» болды. Қазір сол кезде дүниеге келген 350-400 мыңға жуық адамға үй қажет.

– Елімізде тұрғын үй нарығы тұралап тұр. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Қазақстанда ғана емес, Қытай мен Ресейде де құрылыс компаниялары салған үйлерін сата алмай отыр. 2008 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыста осындай жағдай болған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинаққа үй сатып алуға берілген мүмкіндік тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне түрткі болды. Ресейдегі мобилизациядан қашқан азаматтар Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің жалға беру ақысын шарықтатып жіберді. Бұл жағдай қалталы азаматтарды үсті-үстіне үй сатып алуға ынталандырды. Уақыт өте келе мұның барлығы басылды. Бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй саудасы күрт төмендеді. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үй нарығы теңселіп тұр. Сондықтан әзірше әліптің артын баға тұрғанн дұрыс. Яғни үй сатуға немесе сатып алуға асықпау керек.

 – Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Қанат Махамбет