Жаңалықтар

Дұға үшін ақы сұрау ислам дініне жат: мүфтият Меккеде ақша үшін дұға жасамақ болған блогердің әрекетін құптамайды

Мүфтияттың өкілдері қасиетті мекенде әр адам бес парыздың бірін өзі өтеп, құлшылықты да өзі үшін жасайды дейді.

Меккеге барып, ақша үшін дұға жасамақ болған танымал блогер Балқия Балтабайдың әрекетіне қатысты ҚМДБ пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Психолог, коуч ретінде танылған блогер желіде банк нөміріне ақша салып, содан кейін дұғасын жазып жібергендерге қағба алдында тұрып ғибадат ететінін айтты.

Мүфтияттың өкілдері қасиетті мекенде әр адам бес парыздың бірін өзі өтеп, құлшылықты да өзі үшін жасайды дейді. Сондай-ақ көпшілік тарапынан күмән тудыратын бұндай бастамалардан аулақ болуға шақырады.

Алайда блогерге сеніп, садақа салғандар да, оның әрекетін сынға алғандар да табылды. Ал коуч ретінде танымал Балқияның өзі гу-гу әңгіменің нүктесін қою үшін даулы видеосының себебін түсіндірді.

 Оның сөзінше, жиналған қаражаттың бір бөлігіне Меккедегі мешітке Құран кітаптар кіргізіп, қалғаны Арыс қаласындағы мешіт пен медресе құрылысына жұмсалады.

Дінтанушылар Ислам дінінде Құран оқыту үшін де, дұға тілеу үшін де ақы сұралмайтынын айтады. Құранда құлшылық, ғибадаттың барлығы Құдайға арналуы керек. Сондықтан қарапайым адамдар түгілі, діни қызметкерлердің де оқыған Құранға ақша талап етуге құқы жоқ екен.