Қоғам

Атырау облысында мемлекеттік Ту қоқысқа тасталған (ВИДЕО)

Туды жұмысшылар қоқыстың арасынан жинап алған.

Атырауда бірнеше Туымыз шетелдік компанияның қасындағы қоқыста жатыр. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.

Видео кеше, 7 қазанда түсірілген. Шетелдік компания базасының аумағында қоқыс үйіндісі жиналған. Ағаш қалдықтарының арасында мемлекеттік Ту жатыр. Туды жұмысшылар қоқыстың арасынан жинап алған.

Қоқыс алаңының жанында шетелдік компанияның атауы жазылған ғимарат тұр. Соған қарағанда, бұл өндірістік база болуы мүмкін.

Осыған байланысты облыстық ПД баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда тергеудің қай компанияға қатысты жүріп жатқанын нақтылаған жоқ.

Елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлауға байланысты Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жоғарыда аталған бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген.

Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.