Жаңалықтар

«Келінжаннан» асып түскен қойылым болды»: Дариға Бадықова ұтысқа тіккен көлігін танымал актерге сыйлады

Видеодан алынған кадр

Дариға Бадықова ұтыстың әділ өткенін айтты,

Танымал актриса Дариға Бадықова 3 333 теңгеге билет сатып алған көпшілік арасында ұтыс ойнатып, жеңімпазға көлігін беретінін айтты. Алайда актер Дәркен Есімбеков жеңімпаз атанды. Осы орайда актриса ұтыстың әділ өткенін айтып, желідегі парақшасында жазба жариялады, деп жазады turkystan.kz.

«Құдайдың алдында аппақпын. Арам пиғыл жасамадым. Бұйырған кетпейді! Қуаныштың көз жасы. Сенбей жатқан кісілерге айтарым, сенімсіздік өздеріңізден кетпесін. Дәркен тек игілігіңе мінші! Менің зәрем ұшты. Сырттай әдейі ұйымдастырылған сияқты көрінген болар. Бірақ мен Дәркеннің кім екенін білген жоқпын. Сенсеңіздер осы, сенбесеңіздер өздеріңіз біліңіздер. Төбемді бір Құдай», – деді ол.

Сондай-ақ Бадықова актердің билеті қалай таңдалып алғанын айтып берді.

«Дәркеннің атын көмекшім Дархан деп қателесіп жазыпты. Ал Дәркеннің Дархан деген марқұм ағасы бар екен. Естігенде денем тітіркеніп кетті. Ешқашан қате жібермейтін көмекшімнің көзін Алла бір сәтке жауып қойды. Ағасының әруағы қолдаған ғой. Сол үшін Дәркенді Дархан деп билетке енгізген. Билетті шам намазынан кейін алған екен. Оның үстіне 1 дана билет. Алла ұлық», – деді актриса.

Айта кетейік, танымал актердің жеңімпаз атанғаны оқырман арасында күмән тудырды.

«Билет алып қатыспағаныма қуанып отырмын, бекер шығын болудан Алла сақтап қалды», «Дәркен тап осы көлікке мұқтаж емес шығар», «Күшті қойылым, келінжаннан асып түсті», «Мұқтажға бұйыру керек еді, өмір әділетсіз екені білініп тұр», «Алған адамға бұйырсын, рахатына мінсін», – деп жазды желідегілер.