Қоғам

Петропавлдағы құлағы нашар еститін балалар би тобы халықаралық сахнаны бағындырып жүр

Видеодан алынған кадр

Ұжым гастрольдік сапармен Еуропа елдеріне шығуға шақырту алған.

Петропавлдағы құлағы нашар еститін балалар би тобы талайды тәнті етіп жүр. Өнер ұжымы түрлі байқауларда топ жарып, халықаралық сахналарды да бағындырды. Қазір олар үшін жаңа маусым басталды, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

«SENSITIVE» би тобы 2006 жылы құрылған. Оның құрамында құлағында мүкісі бар балалар өнер көрсетеді. Олар бір-бірін ыммен түсініп, әуенді естімесе де, жүрекпен сезеді. 

«Би – менің өмірім. Осында өзімді бақытты сезінемін. Арманым – ұжым болып бүкіл әлемге танылу. Біз кәсіби биші емеспіз. Бірақ жанымызды салып өнер көрсетеміз», - дейді «SENSITIVE» би ансамблінің мүшесі Айнұр Саинова.

Бұл – еліміздегі құлағы нашар еститін балалардан құралған жалғыз би ансамблі. Олар – республикалық байқауларды айтпағанда, Италия, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария елдерінде өнер көрсетіп, үздік атанған өнер ұжымы. 

«Ишарат тілі өте әдемі. Ең алғашқы нөміріміз «Абай жаны» болды. Балалар ымдау арқылы билеп, көрерменге ұлы ақынның қара сөздерін жеткізді. Бұл да өнер», - дейді «SENSITIVE» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова.

Жаңа маусымда олар биден бөлек пластикалық спектакльдер қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ұжым гастрольдік сапармен Еуропа елдеріне шығуға шақырту алды.