Жаңалықтар

Баян Қажынәбиева: Анна Каренинаны сомдағым келіп жүр

ашық дереккөзі

Баян Қажынәбиева: Анна Каренинаны сомдағым келіп жүр

Еңлік, Қарагөз, Қамар, Тоғжан, Ажар... Ол сомдаған арулар легі мұнымен аяқталмайды. Сахнаға қазақ және әлем классикасындағы ең жарқын кейіпкерлерді алып шыққан актриса бүгінде аналар, жеңгелер образына ойысқан. Театр сахнасында кезекті рөлін сәтті ойнап шықаннан кейін М.Әуезов театрының әртісі, «Серпер» сыйлығының лауреаты Баян Қажынәбиевамен әңгімелесудің сәті түсті. – Баян Алысқызы, әртістердің көпшілігі әу баста өнерге келуіне ата-анасы қарсы болғанын, соған қарамастан осы жолды таңдағанын айтып жатады. Сіздің де актерлік жолыңыз осы «сценарийден» басталды ма? – Жоқ, өнерге келуіме ата-анам қарсылық білдірген жоқ. Негізі әу баста актриса болуды армандамағанмын. Туып-өскен жерім – Торғай облысы, Амангелді ауданы, Крупская совхозында театр деген атымен жоқ еді. Анда-санда гастрольдік сапармен ауылға әншілер келіп тұратыны болмаса, актер атаулыны көрмегенбіз. Сондықтан бала кезімізде театр дейтін өнер ошағының барын, онда әртістер қызмет ететінін білмей өстік. Ес білген шағымда ауылымызға М.Әуезов театры келіп, спектакль қойды. Бірақ ол кезде театр мені бірден баурай қойған жоқ. Бибігүл Төлегенова секілді әнші болсам деп жүретінмін. Сол арманның жетелеуімен 1993 жылы 9-сыныпты бітіріп, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне бардым. Дәстүрлі ән бөліміне, Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылданғым келді. Даусымды ұната қоймады ма білмеймін, әйтеуір ондағылар «Мұндай жаста дауысқа күш салуға болмайды, сені оқуға қабылдай алмаймыз» деп шығарып салды. Оқуға түсем деп мектептен кетіп қалған соң, ауылға қайтып барғым келмеді. Сол жылы ең алғаш рет тәжірибелік актерлік курс ашылып жатыр екен. Әзірбайжан Мәмбетов 9-сыныпты бітірген жастарды сол курсқа қабылдап жатқанын естідім. Барып көріп ем – ұнады. Содан өнер жолындағы тәй-тәйымыз басталды. 2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірдім. Еңбек жолымның Сәбит Мұқанов атындағы театрдан басталу себебі, 4-курсты бітіретін жылы біз Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Оған дейін Петропавлда қазақ театры болмаған екен. Театр ашу мақсатында біздің курсты сол жаққа жіберді. Біздің курстан басқа актерлер алынған жоқ. Қызылжарға желтоқсан айында аттандық. Актерлік шеберліктен өткізілетін сабақтардың барлығы сонда өтті. Театр маусым айында ресми ашылғанымен, қаңтар айынан бастап спектакльдер қойыла бастады. Шымылдығымызды «Қарагөз» спектаклімен аштық. Қарагөздің рөлі маған бұйырды. Бұл рөл менің дипломдық жұмысым еді. Түлектерге диплом табыстау салтанаты солтүстікте өтті. Ең қызығы, театрдың ресми ашылуына қатыса алмадым. Алматыға келген соң, көркемдік кеңес сынақпен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабылдады. Содан бері қарашаңырақ сахнасында қызмет етіп келеміз. – Өнер жолында алған асуларыңыз, бағындырған белестеріңіз үшін кімге қарыздарсыз? – Ата-анам, ұстаздарымның алдында борыштымын. Эстрада-цирк колледжінде оқып жүргенімде Бәйтен Омаровтай ұстазға шәкірт болу бақыты бұйырды. Одан кейін Татьяна Наурызбаева, Талас Өмірзақов, Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахымов, Төлеубек Аралбай сынды ұстаздардың тәлімін алдым. Бұл кісілерге анықтама беріп жату артық, аттарының өзі-ақ қандай азаматтар екенін айтып тұр. Бүгінгі жеткен жетістіктерім осы ұстаздардың берген білімі мен бойыма сіңірген тәлім-тәрбиесінің арқасы деп білемін. – Шығармашылығыңыздың шарықтау шағы деп қай кезеңді айтар едіңіз? Әлде ондай шақ әлі алда ма? – Актерлік жолымның шарықтау кезеңі мынау деп шығармашылығымдағы жемісті жылдардың бірін атап көрсетер болсам, алға қойған биік мақсаттарым мен үкілі үміттерімнің бәрін жоққа шығарғандай болармын. Ондай шақ алда деп ойлаймын. Театр табалдырығын аттағаннан бастап бүгінгі күнге дейін сахнаға талай кейіпкерді алып шықтым. Басты рөлдерден құралақан емеспін. Кез келген актрисаға бұйыра бермейтін Қарагөз («Қарагөз», М.Әуезов), Еңлік («Еңлік-Кебек» – М.Әуезов), Тоғжан («Абай-Тоғжан» – И.Сапарбай), Қамар сұлу («Қамар сұлу» – С.Торайғыров), Ажар («Абай» – М.Әуезов) секілді аруларды сомдадым. Қазір бұрынғыдай 17-18-дегі қыздарды ойнамайтыным белгілі. Бірақ өз жасыма лайық басты рөлдерім баршылық.