Кеншілер қаласында керемет айтыс өтті
Жақында Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай «Кен қазған құтты мекенім!» атты республикалық айтыс өтті.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтыс өнерінің ерекшелігі туралы: «Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі, жұртындағы міндерін айтып тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағының әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету, халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін нәрсе», – дейді. Атамұра өнердің басқа көркемдік қырларын айтпағанның өзінде, оның көпшілікке таптырмас тәрбие құралы екенін Ахаң дөп басып жазған. Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Есмағанбет Ысмайылов, т.б. ғалымдардың көркемдік ерекшелігін, тәрбиелік сипатын жоғары бағалаған ұлттық мұрамызға қазіргі кейбір зиялы деп жүрген азаматтарымыздың кейде тасада жатып тас ататыны қынжылтады. Кім не десе де, айтыс қазақ деген халық барда ғасырлардан ғасырларға жететін жасампаз өнер екені айдан анық.
Жақында Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай өткен «Кен қазған құтты мекенім!» атты республикалық айтыста қазылар алқасының құрамында болдым. Екі күн бойы алты жүз орындық зал аузы-мұрынынан шығып, лық толы отырды. Сөз додасын бес-алты сағаттан тапжылмай көрген көрерменнің ұйымдастырушыларға ризашылығына куә болдық.
Ғұлама Қаныш атамыздың атындағы қазыналы қалада бұл айтыс сегіз жыл қатарынан республикалық жастар айтысы ретінде өткізіліп келеді екен. Игі дәстүр белгілі айтыс ақыны, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтайдың бастамасымен жүйелі түрде жолға қойылыпты. Шәкірті, айтыскер ақын Өміржан Көпбосын екеуі жыл сайын дүбірлі доданың өтуіне мұрындық болып, биыл шаһардың жарты ғасырлық мерейтойында халыққа сақа ақындардың сөз сайысын сыйға тартқан екен. Енді сол айтыстың өту барысын талдап көрейік.
Бұл айтыста еліміздің әр өңірінен келген он төрт ақын бақ сынады. «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда), «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қамиев (Қарағанды), республикалық айтыстардың жүлдегерлері Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Жарқын Жұпархан (Қызылжар), Мұрадым Мирланов (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Рауан Қайдаров (Екібастұз), Нартай Тілеуқұл (Астана), Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе). Айшолпан Тілеутай (Семей), Абзал Мақаш (Сәтбаев) және айтыстың жас қарлығаштары Айым Асылбекқызы (Алматы) мен Алина Айдаралы (Тараз) кеншілер қаласын екі күн жырға бөледі.
Шынболат Ділдебаев атындағы сарайда өткен дүбірлі доданың шымылдығын Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір ашып, сөз түйінінде: Жыр түндігін түрді ғой Сәтбаевта, Ақындар тұр осыған марқайып та. Мына халқым қаншама күтіп қалды, Аужеке, неғып тұрмыз, бастайық та! – деп шабыттанып бір шумақ өлең өріп жібергені әсерлі болды. Жыр сайысына айтыстың ақсақалы Жүрсін Ерман (онлайн), жергілікті ақындар Мұса Тілеу мен Мұқаш Сейітқазинов, филология ғылымдарының докторы, ақын Қойлыбай Асан (төраға), Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан және осы жолдардың авторы қазылық біз де жасадық. Айтысты ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
Алғашқы жұпта өнер көрсеткен Рауан Қайдаров пен Алина Айдаралының айтысы өз деңгейінде көріне алмады. Үлкен додаға енді қосылған балауса мектеп оқушысы, 17 жасар Алина қызға тіс қаққан Рауан ақынмен айтысу оңайға соққан жоқ. Бір жағынан екі ақынға сөз бастау да жеңіл болмағанын түсіндік. Рауан Ұлытау өңіріндегі кейбір олқылықтарды тілге тиек ете отырып: «Ақындар кемдігіңді көріп білсін, әкімдер кемдігіңді толықтырсын» деп дүркіретіп сөз бастады. Қазақ даласының бар аймағынан жиналған еңбек адамдарын тоғыстырған кеншілер қаласының кеңпейілдігін сөз етіп, «Қырдан келген ғалымға қала беріп, Сырдан келген ақынға сарай берген» деп әспеттеді. Қырдан келген ғалымы – Баянауылдың тумасы Қаныш Сәтбаев, Сырдан келген ақыны – Шиеліде туған Шынболат Ділдебаев. Ақынның тілімен айшықталып айтылғанда өздері білетін ақпар да тыңдаушының айызын қандырады ғой. Халық оған қуана қол соқты.
Ал ұлты балқар болса да қазақтың дүниетанымын бойына сіңірген Алинаның ақындық талабына тәнті болдық. Болашақта Ұлбике, Айкүмістердің жолын жалғар жақсы ақын болар деп топшыладық. Дегенмен бұл жұптағы екі ақын да келесі айналымға шыға алмады.
Екінші жұпқа шыққан Нартай Тілеуқұл мен Дидар Қамиев біраз әзілмен сілкілесті. Нартайдың «Төреғали, Еркіндердің жолын қуып әнші болып кеттің, «Екі жұлдыз» жобасына қатысқан соң көп айтысқа шықпай жүрсің» деген қағытпасына Дидар олар құсап айтыстан мүлде кетпегенін айта келіп: «Эстрадаға ес-түссіз еніп кетіп, Айтыстың әдірісін таппай қалған» әншілердің қатарынан емес екенін ескертті. Нартай да қалыспай, екі облыс бөлінгенде Дидардың туған жері Шет ауданының (бұрын Жезқазған облысына қараған) Қарағандының құрамында қалып қойғанын бетіне басып «Шетіңнің шеттегені былай тұрсын, Ағадырды өзіңмен ала кеттің» деп елді ду күлдірді. Дидардың Түркияға жиі барып теңізде серуендейтінін, Ұлытауға көп келмейтінін айтып «Шахтада жүргендердің жағдайын, Яхтада жүрген жандар қайдан білсін» дегені де ұтымды шықты. Дидар талай додаларда ысылып, тәжірибе жинаған ақын ғой. Уәжге уәж қайтара отырып, кейбір тұстағы ұтымды сөзі арқылы жас ақыннан ұпайы үстем болды. Үшінші жұптағы Мейірбек Сұлтанхан мен Аспанбек Шұғатаевтың айтысы нағыз сойқан дода болды. Аспанбектің: Атам көрген жерлерді көрейін деп, Жетелеп алып келді жас көңілім. Өзімнің ауылымнан аумайды екен, Бұрын мен көрмеген ем әсте бірін, Қайдан жұттым деп отсам бұл ауаны, Қаныштың иісі екен ғой кәстөмінің, – деп қайырған ұзақ шумағын үзілісте көрермен тамсана талқылап жатты. Мейірбек те сөзден жаңылмаған сүлейлердің сарқыты ғой. «Анамның төркіні деп келген жерде, Бабамның төрт босаға төрі жатыр» деп төкпелете толғады. Мейірбек бұл өлкеден әкесінің жолын қуып қыз алғанын айтқанда, Аспанбектің «Ұлытаудан қыз алған ерлер көп қой, Ұлытауға ұл берген біз ғанамыз» деп Қаныш атасын меңзегені сәтті шықты. Елді тонаған жемқорлар мен мемлекеттік тілді менсінбейтін менмендерді сынап: «Жошыларды тепкенше ақсақ құлан, Осыларды аузынан теппей ме екен» дегені одан асып түсті. Мейірбек сан майдандағы ұлы жеңістерге Ұлытаудағы кеншілердің де қосқан үлесі көп екенін жырға қосып: «Жауға шапқан батырды мақтағанда, Қылыш соққан ұстаны ұмытпайық» деп түйіндеді. Елеулі айтыс жасап, елдің ықыласына бөленген екі ақын да ең жоғары ұпаймен келесі кезеңге өтті.
Төртінші жұптағы Жарқын Жұпархан мен Айшолпан Тілеутай әзіл-шыны аралас, «ауыр салмақтағы томпақтардың» (Жарқын) айтысын жасады. Жарқынның осы әзіліне Айшолпан: Негізі томпақ болған жақсы емес пе, Күрескенде өліспей беріспейміз. Екеуіміз қатарласып домаласақ, Сәтбаевтың жолдарын тегістейміз, – деп астарлы қалжыңмен қарымта жауап берді. Кеңес Үкіметі кезінде Жезқазған облысын басқарып, атақты «Жезкиік» әнінің сөзін жазған жерлесі Кәкімбек Салықовты жырға қосқан Жарқын «Кәкімбек туған жерден келіп тұрмын, Кәкімбек маңдай терін төккен жерге» деп тыңдарманды бір серпілтіп тастады. Бұл сайыста екпіні қатты балуан қыз Айшолпанның ұпайы сәл жоғары болды.
Бесінші жұптағы Абзал Мақаш пен Нұрбол Жауынбаев айтысында Абзал байыппен сөйлеп «Ұлытаудың облыс болғанына бір жыл өткенмен, әлі ештеңе өзгергермегенін» сынға алды. Нұрболдың елдік мәселені толғаған өлеңі түйдек-түйдек төгілгенмен, қарсыласпен ұстасып айтысу жағы кемшіндеу түсті. Көпшілік бұл жұптағы сөз көкпарынан жұлқынған жастық жігер күткені анық еді. Дегенмен бұл екі ақынның өзіндік айтары бар, талай додаларда оза шабатын келешегі зор жігіттер.
Алтыншы жұптағы Мұхтар Ниязов пен Мұрадым Мирлановтың айтысы бірыңғай қазақы қалжыңға, құрдастық қағытпаға құрылды десе де болады. «Екі молданың айтысын тамашалаңыздар» деп бастаған Мұрадымның: «Бір молда өліп жатса жаназасын, Екінші молда бала шығарсын деп» қосқан шығар дегеніне Мұхтар «Жетік молда жанына келген кезде, Кетік молда кітабын жиыстырар» деп халықты күлкіге қарық қылды. Сан додада ысылған екі мықты жұртты жеңіл күлкіге ғана жетелемей, астарлы әзіл өрбітіп, елдік мәселені де өлеңмен өріп отырды. Мұхтардың «Шындық айтқан Шынболаттан сарай қалды, Сарай ақындарынан түк қалған жоқ» дегені көптің көңілінен шыққан сөз болды. Әзілдің арасына орысша сөздер қосқан Мұрадымға «бөтен сөзбен сөз арасын былғама» деп түйреп өтті. Жалпы, бұл жұптың айтысы қалжыңы жарасқан тамаша тартыс болды.
Жетінші жұптағы Нұрлан Есенқұлов пен Айым Асылбекқызынан жұртшылық қыз бен жігіт айтысын күткен еді. Нұрлан әзілге шақырып бастағанымен қазақы тәрбиемен өскен биязы Айым қыз ағасына батырып әзілмен жауап бере алмады. Оған бәлкім жас алшақтығы да себеп болған шығар. Дегенмен екі ақын да Сәтбаев қаласындағы экология мәселесін, тағы басқа өзекті проблемаларды жақсы көтеріп жоғары ұпайға ие болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша ақтық сынға шыққан Нұрлан Есенқұлов пен Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев пен Мейірбек Сұлтанхан, Мұрадым Мирланов мен Айшолпан Тілеутай, Аспанбек Шұғатаев пен Айым Асылбекқызы екінші күні сөз сайыстырды. Бұл кезеңде ақындар Сәтбаев қаласын ғана жырламай, ұлттық мәселелерді айтып, өңірдегі билік өкілдерінің кемшін тұстарын сынға алды. Мейірбек тарихи мекенде туризмді дамытудың пайдасын айта келіп:
Қорыңызды көбейтіп бюджеттегі Жолыңызды тақтайдай салдырар ед. Ұлы Жібек жолының керуені, Ұлытауда қайтадан жаңғырар ед, – деп бір түйіндеп, ары қарай туризммен байыған елдердің жарнамасын тілге тиек етті. «Әйтпесе, Батумидің Боржомиі, Бал қымыздың дәмінен артық деп пе ең?» дегеніне жиналған жұрт зор қошемет көрсетті. Қорыта айтқанда, Ұлытау өңірінде халықтың ықыласына бөленген керемет додалы айтыс өтті.
Екі күнге созылған жыр майданында жарқырай көрінген Мейірбек Сұтанхан бас жүлдені (екі миллион теңге) иеленді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Дидар Қамиевқа (бір жарым миллион теңге), екінші орын Мұхтар Ниязов пен Айым Асылбекқызына (бір миллион теңгеден), үшінші орын Нұрлан Есенқұлов пен Аспанбек Шұғатаевқа (жеті жүз мың теңгеден) бұйырды. Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы жүлдені Айшолпан Тілеутай, Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлдені Мұрадым Мирланов (бес жүз мың теңгеден) иеленді. Қалған барлық ақын қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталып, әрқайсына төрт жүз мың теңгелік сыйақы берілді.
Шаһар басшысы Шапағат Әубәкір айтысты жоғары деңгейде өткізген Аманжол Әлтайдың кеудесіне «Сәтбаев қаласына 50 жыл» төсбелгісін тағып, айтыстың соңын тағы бір шумақ өлеңмен түйіндеді. Айтыстың ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірген Сәтбаев қаласы Тіл бөлімінің бастығы Канат Төлеш бастаған азаматтарға ризашылық білдірді. Ақындар «таяқ мініп келгенге тай мінгізген» кеншілер қаласының ақжүрек халқына алғыстарын жаудырып елдеріне тарасты.
Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты