Абзал САПАРБЕКҰЛЫ: Бұл – әлем қазағының басын қосатын форум
«Отандастар қоры» 11 қазан күні шетел қазақтары мен отандастарымыздың басын қосатын «Отандастар» форумын ұйымдастырмақ.
Әлем қазақтарын бір шаңырақ астына біріктіруді көздеген «Отандастар қорының» бүгінде қыруар шаруа атқарып жатқанын байқап жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында қиырдағы қазақтар мен елге табан тіреген қандастардың жоғын түгендеп, барын биікке көтеріп жүргенін жиі байқауға болады. Осындай игі, тағдыршешті істер атқарып жүрген қор 11 қазан күні шетел қазақтары мен отандастарымыздың басын қосатын «Отандастар» форумын ұйымдастырмақ. Шетелдегі этникалық қазақтармен өзара байланысты жетілдіруді көздейтін бұл келелі басқосудың маңызы мен ерекшелігі жайында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлымен сұхбаттасқан едік.
– Шетелдерде тұратын 200-ден астам отандасымыздың басын қосатын «Отандастар» форумын ұйымдастырудағы басты мақсат қандай? Маңызы, ерекшелігі неде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе менің жеке назарымда» деген болатын. Осыған орай қоғам биыл 11-қазанда Астана қаласында «Отандастар форумын» өткізгелі отыр. Аталған жиынға, өзіңіз айтқандай, шетелдерден 200-ге жуық қандасымыз келеді. Сондай-ақ еліміздің лауазымды тұлғалары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыспақ.
Форумның басты мақсаты – шетелдердегі қазақ мәдени ұйымдарының жетекшілерін, түрлі салада еңбектеніп, танымал болған қандастарымыз бен еліміздегі осы салаға жауапты мекемелер, жоғары білім ордалары, ұлттық компаниялар жетекшілерінің, зиялы қауымның, қоғам белсенділері мен қайраткерлерінің басын қосып, ең өзекті мәселелерді талқылау. Сондай-ақ форум қатысушыларына ашық диалог алаңын ұсына отырып, шетелдердегі қандастарымыз бен отандастардың әлеуетін еліміздің ілгерілеуіне үлес қосуына мұрындық болу.
Бұл жиын осымен екінші рет өткелі отыр. Шетелдік қандастарымыздың басын атажұртта қосқан алғашқы форум 2019 жылы ұйымдастырылып, оған ұзын саны 100-ге жуық адам жиналған еді. Бұл жолғы форумның ауқымы да, күн тәртібі де, өту форматы да бұрынғыдан бөлек. Біріншіден, шетелдерден 200-ден аса қандасымыз келеді. Бұл алғашқы форум қатысушыларынан екі есе көп. Екіншіден, олардың қатарында тек этникалық қазақтар ғана емес, байырғы отандастарымыз да бар. Үшіншіден, соңғы 30 жылда шетелдерге білім қуып, кәсіп іздеп кетіп, сонда тұрақтап қалған қазақтар қауымдастығы да қамтылып отыр. Төртіншіден, тек көші-қон мәселесі ғана емес, сонымен бірге шетелдердегі отандастарымыздың интеллектуалдық-инновациялық әлеуетін ел дамуына пайдалану жайы негізгі әңгіме арқауына айналмақ. Бесіншіден, қандастарға қатысты мемлекеттік саясаттың жаңа бағытын қалыптастыру, оған құқықтық негіз жасау жайы да егжей-тегжейлі талқыланбақ.
Форум қатысушыларының географиялық ауқымы да кең. 40-қа жуық елден делегаттар келеді. Сонымен қатар басқосуға келе алмайтындарға ұсыныс-пікірлерін жолдауға, онлайн форматта қатысуға мүмкіндік жасалады. Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» атты панельдік сессиялар, сондай-ақ «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның жаңа жобаларының тұсаукесері» және «Тайқазан» қорытынды сессиясы болады. «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» сессиясының мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың және отандастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін насихаттау, қандастардың қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа жобалардың мүмкіндіктерін қарастыру, осы бағытта жұмыс істеп жүрген қандастарымыздың өзара тәжірибе алмасу алаңын құру, атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың жетістікке жету формуласымен бөлісу, Қазақстанда түрлі салада игі идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ұтымды ұсыныстарды талқылау.
Ал «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері» атты сессияда шетелдегі қазақ ұйымдарының дамуы және қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрін сақтап қалудың оңтайлы жолдары талқыланып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің озық және бірегей тәжірибесін ортаға салады. «ХХІ ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» сессияда қазақ тілінің жаңа форматта дамуы, жаңа тәсілдермен үйренуге арналған және білім және ғылым саласындағы мүмкіндіктер талқыланбақ. Ал «Медиа және заманауи трендтер» сессиясында білікті мамандар контент жасаудың замануи технологиялары, осы заманғы озық тәжірибені ортаға салады. Одан бөлек, отандық және шетелдік қазақ ұйымдары, шетелдегі қазақ тілді БАҚ арасында әріптестік ынтымақтастық орнатудың орайлы жолдары қарастырылады.
Бұл келелі басқосудың маңыздылығына келетін болсақ, бұл мүдделі тараптардың бір платформада кездесіп, мәні зор мәселелерді бірлесе талқылауына, ортақ мәмілеге келуіне, бірлескен шешімдер қабылдауына жол ашады. Осы орайда жүзбе-жүз кездесіп, ашық сұхбат құрудың жөні бөлек. Халқымыз «Бармасаң, келмесең, жат боласың» деген. Бұл жиын түрлі елдерді мекендеген қазақтардың етене танысып, тығыз қарым-қатынас жасауына да зор мүмкіндік бермек. Осынау байланыс барысында тың идеялар, ортақ жобалар туындайтыны сөзсіз. Сондықтан, алдағы уақытта мұның ауқымын кеңейтіп, шетелдегі жастар, ғылым, бизнес, т.б. форумдарына ұластыру жоспарымызда бар.
Сонымен қатар форумға бұрынғы отандастарымыз бен жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ диаспорасы өкілдері де қатысқалы отыр. Олар тарапынан да тың ұсыныстар мен жаңа бастамалар түсуі бек мүмкін. Бұл, өз кезегінде, «Отандастар қорының» қызмет ауқымы аясын кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық жобаларымызды қайта қарауға оң ықпал етеді деген ойдамыз.
– Шетелде беделді қызмет атқара жүріп, ұлттық құндылығымызды бәрінен жоғары қоятын отаншыл тұлғалар жетерлік. Бұл форумда сондай белсенділер қатарынан кімдерді көре аламыз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, «Отандастар» форумының түпкі идеясының өзі – негізінен шетелдерде ұлттық құндылығымызға қалтқысыз қызмет етіп жүрген, өз елдерінде беделге ие азаматтардың басын қосу. Сондықтан форумның 200-ге жуық делегаттарының бәрі дерлік өз саласының үздіктері, тұрғылықты елдерінде белсенді һәм көшбасшы болып жүрген тұлғалар деп айтсам болмас. Олардың арасынан бірлі-жарымын бөле-жара айту қиын.
Сондықтан форум сессияларының кейноут спикерлерінің арасынан бірқатар отандастарымызды атап өткенім жөн болар. Бұл форумға Қытай Халық Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, танымал жазушы, аудармашы, ғалым Әкбар Мәжитұлы қатысады. Әкбар ағамызды қазақ-қытай әдебиетінің алтын көпірі деп атаған абзал. Ол – қазақтың көркем шығармаларын, оның ішінде шоқтығы биік Абайдың туындыларын қытай тіліне аударып, біздің ұлттық танымымызды, рухани болмысымызды аспан асты еліне кеңінен таныстыруда қажымай-талмай еңбектеніп жүрген қайраткер. 2020 жылдың қыркүйегінде оның «Абай шығармалары – қытай тілінде» атты 2 томдық жинағы жарық көрді. Жинаққа Абайдың 145 өлеңі, 3 поэмасы, сондай-ақ «Қара сөздері» енген. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасында миллиондаған киносүйер қауымның көзайымына айналған атақты актриса әрі режиссер, танымал тележүргізуші Жанна Сағатқызы келеді.
Ресейдегі қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі, Ресейдің III санатты толыққанды мемлекеттік кеңесшісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Раушан Мұсаханқызы Қанапиянова апайымыздың орны ерекше. Өмір бойы мемлекеттік, қоғамдық қызметтер атқарған отандасымыз қазір ұлттық құндылықтарды Ресей жерінде дәріптеуге бар күшін сарп етіп келеді.
Сондай-ақ төл мәдениетімізді шетелде дамытуға қазақстандық әншілерді Ресей нарығында танымал ету арқылы атсалысып жүрген продюссер Байғали Серкебаевты да айрықша атап өтуге болады. Мысалы, ол өзінің Мәскеу қаласындағы отбасылық мейрамханасында қазақстандық «The Jigits» тобының презентациясын жоғары деңгейде өткізді. Сонымен қатар Ресейдің әрбір өңірінен беделді тұлғалар, қадірлі ақсақалдар мен қоғам белсенділері де шақырылды. Еуропа қазақтары да ұлттық құндылықтарды дәріптеуде кенже қалып жатқан жоқ. 25-30 жыл түрлі бірлестіктерді басқарған, Еуропа қазақтары ортасында беделі жоғары, Германияның Кельн қаласындағы Қазақ қоғамының төрайымы Сәдие Сүрер ханымды Еуропа қазақтарының кіші құрылтайлары мен Еуропадағы қазақ жастары конференциясының ұйымдастырылуына ерен еңбек сіңірген, мол үлес қосқан көрнекті тұлға ретінде бағалауға болады.
Жиынға арнайы келгелі жатқан Францияда тұратын қандасымыз Ешім Саваштың да орны бөлек. Ол бүгінде Крей қаласы мэрінің мәдениет жөніндегі орынбасары (2020 жылы сайланған), халықаралық қатынастар бойынша муниципалитет кеңесшісі, Крейдің мәдениет жөніндегі жергілікті коммиссиясының төрайымы қызметін де абыроймен атқаруда. Қазір Сенатқа үміткер ретінде саяси сайысқа түскелі отыр.
АҚШ-та «Silkroad Innovation Hub» басшысы қызметін атқарып жүрген, «Digital Nomads» ұйымының негізін қалаушы Әсет Әбдуалиевтің есімін де ерекше атап өтуге болады. «Digital Nomads» ұйымы шетелде ІТ саласында қызмет етіп жүрген 400-ден аса қазақтың басын қосып, ұлтымыздың білімді ұл-қыздарын ұйыстырып отыр. Моңғолия делегациясы құрамында жиынға қатысқалы отырған Нұрбек Бабанұлы – танымал нейрохирург, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер. Ол – омыртқа, жұлын жолының эндоскопиялық отасын жасаған әлемдегі екінші нейрохирург. Венгрияда тұратын қандасымыз Оңайша Мандоки апайымыздың есімі де көпке белгілі. Ол кісі Мажарстанда қазақ тілі мен төл мәдениетімізді дәріптеуге зор үлес қосып жүр. Өзбекстаннан келе жатқан Мерей Аманбаева қарындасымыз – жас та болса көпке бас болып жүрген жан. Кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Сонымен қатар байырғы отандастар сапында қазақ әндерін тамылжыта шырқап жүрген әйгілі әнші Татьяна Полтавская да бар.
– Форум аясында түрлі тақырып бойынша сессиялар ұйымдастырылатынын білеміз. Елден жырақта жүрген әр қандастың ортаға салар ой-пікірі, айтар ұсынысы болатыны айтпаса да түсінікті. Мұндай басқосуда оларға өз ойын ашық айтуға мүмкіндік беріле ме?
– Жоғарыда айтылғандай, аталған форум әу бастан шетелден келетін отандастарымыз үшін жасалып жатқандықтан, олардың әрбірінің ой-пікірі маңызды. Форум жұмысының логикасы мен форматы осы үдеден шығуға бағытталған. Форумның 7-сессиясының спикерлері ретінде шетелдік отандастарымыз тұратын әр мемлекеттен бір өкілден болсын деген теңдік принципін ұстануға тырыстық. Сонымен қатар форум спикерлері қызметінің де әртүрлі болуына назар аудара отырып, әр салада табысты қызмет атқарып жатқан қандастарымыздың Қазақстанның дамуына қатысты кәсіби пікірлерін білу де – біз көздеген негізгі міндеттің бірі.
Форум барысында шетелден келген қонақтарымыздың арасында форум туралы, жалпыға ортақ түйткілді мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін білу мақсатында сауалнама жүргізілетін болады. Әлеуметтік сауалнамалар әдістемесіне сәйкес жүргізетін бұл іс-шара шетелдік отандастарымыздың ой-пікірлерін жинақтап, талдаудың тиімді бір құралы болмақ. Сонымен қатар форумның қорытынды сессиясында АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Мажарстан, Оңтүстік Корея елдерінен келген шетелдік қонақтар арасынан бір-бір өкіл спикер ретінде сөйлеу мүмкіндігі беріледі. Осы сессия аясында форум жұмысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл да форум делегаттарына тікелей сұрақ қойып, ашық пікір алмасудың еркін платформасы болмақ. Сондай-ақ әрбір отандасымыздың осы форумға шақырылған қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өз ойларын тікелей жеткізуіне де мүмкіндігі бар.
Форумның ерекше колориті ретінде «Тайқазан» деген арнайы кері байланыс құралын ұсынғалы отырмыз. Форум қатысушылары өзінің сұрақтарын онлайн немесе оффлайн форматта «өзінің үлесі» ретінде «Тайқазанға» тастайды. Сол жерде жинақталған ой-пікірлер, сыни ескертулер мен ұсыныстар ұйымдастыру алқасы тарапынан жинақталып, әрбір пікір ескерілетін болады. Аталған коммуникациялық тетіктер арқылы жинақталған шетелдік отандастарымыздың барлық сұрағы мен ұсыныстарын елеп-ескере отырып, форум соңында делегаттар «Отандастар» форумының қарарын қабылдайды.
– Шетелде тұратын қандастар елдегі іскер тұлғалармен байланыс орнатқысы келетінін биыл Германияда өткен Еуропа қазақтарының құрылтайында айтқан еді. Бұл форумда мұндай мүмкіндік туындайтын шығар?
– Әрине, жалпы кез келген көпшілік іс-шараның негізгі қызметі оның қатысушыларының арасында жаңа байланыстар орнатуға бағытталады. Сондықтан «Отандастар» форумы да өз делегаттарына нетуоркинг алаңы ретінде қызмет атқарары сөзсіз. Шара барысында бизнес, ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, мемлекеттік қызмет салаларының өкілдері қазақстандық әріптестерімен жолығып, іскерлік байланыстар орната алады. Шетелден келетін 200-ге жуық отандастар арасында іскер азаматтар мен табысты кәсіпкерлер де аз емес. Солардың бірі – Қытайдан келетін кәсіпкер Өркеш Сламбол. Ол – Орталық Азиядағы Қытай Халық Республикасының Шандун провинциясының бас өкілі, «KAZ DОАО» ЖШС компанияларының президенті.
Сондай-ақ ресейлік делегация арасында да кәсіпкер қандастарымыз жеткілікті. Қазақстаннан шақырылған қонақтар арасында отандық және атажұртқа оралған қандас кәсіпкерлер де болады. Мысалы, «Даму бизнес груп». Бұл – қандастардан құрылған кәсіпкерлер қауымдастығы. Олар біз ұйымдастырып жүрген шетелдегі шараларға тұрақты қатысып тұрады (Париж, Кельн). Осы жолғы форумда көзделген тағы басты мақсаттардың бірі – осы.
Бұл қазақстандық бизнес өкілдері үшін де жаңа нарыққа жол ашар, бизнес серіктестер табар ерекше мүмкіндіктер алаңы болмақ. Форумның «Ел дамуындағы қандастардың рөлі» деген арнайы панельдік сессиясы мәдени индустрия, жеңіл өнеркәсіп, кәсіпкерлік сияқты нақты экономика өкілдерінің пікір алмасу орны болады деп күтілуде. Осы сессияда қандас кәсіпкерлердің елге қосқан үлесі туралы айтылады. Жалпы, әр сессияда ондаған мықты тұлғалар спикер болады. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жасалған, шетелдегі отандастарымызға арналған Qazalem.kz интернет-сервисінің таныстырылымы да болады. Бұл сервис арқылы шетелдегі қандастарымыз Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылым және білім, аймақтар экономикасы, бизнес климат, туризм әлеуеті бағыттары туралы толыққанды ақпарат ала алады. Сондай-ақ аталмыш сервис аясында шетелдегі қазақ экспаттарының онлайн-режимдегі базасын қалыптастыру жұмысы қолға алынуда. Болашақта бұл шетелдегі қазақстандық қауымдастықтың кәсіби нетуоркинг платформасына айналады деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет! Форум сәтті өтсін!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ