Қазақты шешеден айырғысы келетіндер кімдер?
Соңғы жылдары имамдар әлеуметтік желіні меңгеру, арқылы кеңінен танылып, уағыз жүргізе бастады. Әр имамның желідегі парақшасында миллионға жуық оқырманы бар. Яғни, әр блогер имамның артында оны қолдайтын, пікіріне құлақ асатын, сөзін аяқ асты етпейтін қалың әскері бар. Алайда соңғы кездері жұлдыз имамдар уағыз барасында сөзден жаңыла бастады. Кешегі аптада ұстаз саналатын Қабылбек Әліпбайұлының «ана» мен «шеше» сөздеріне қатысты ойы қызу талқыға түсті.
Елімізде шетелдердегі әр алуан діни оқу орындарынан, әрқилы пиғылдағы ұстаздардан тәлім алып келген жастар өз оқып-білгендерін ақиқаттың ақырғы нүктесіндей санап, соны ел ішінде насихаттауды үрдіске айналдырғалы қашан. Соңғы жылдары имамдар әлеуметтік желіні меңгеру, арқылы кеңінен танылып, уағыз жүргізе бастады. Әр имамның желідегі парақшасында миллионға жуық оқырманы бар.
Елімізде шетелдердегі әр алуан діни оқу орындарынан, әрқилы пиғылдағы ұстаздардан тәлім алып келген жастар өз оқып-білгендерін ақиқаттың ақырғы нүктесіндей санап, соны ел ішінде насихаттауды үрдіске айналдырғалы қашан. Соңғы жылдары имамдар әлеуметтік желіні меңгеру, арқылы кеңінен танылып, уағыз жүргізе бастады. Әр имамның желідегі парақшасында миллионға жуық оқырманы бар. Яғни, әр блогер имамның артында оны қолдайтын, пікіріне құлақ асатын, сөзін аяқ асты етпейтін қалың әскері бар. Алайда соңғы кездері жұлдыз имамдар уағыз барасында сөзден жаңыла бастады. Кешегі аптада ұстаз саналатын Қабылбек Әліпбайұлының «ана» мен «шеше» сөздеріне қатысты ойы қызу талқыға түсті.
«Ана бар, шеше бар. «Ана деген кім?» десе бүкіл болмысын, көрген-түйгенін, бәрін балаға арнайды. Шеше деген балаларын тастап кеткен әйел кісі, балаларына еңбегі сіңбеген. Айрылысу керек болса, айрылысып кете салған. Әрі «Анаңның бәленшесі» деген боқауыз сөз жоқ, «шешеңнің бәленшесі» деген боқауыз бар. «Шеше деген кім?» десе, балаға еңбегі сіңбеген әйел екен. Памперсін де ауыстырмаған, біреуді жалдап қояды. Сондықтан әйелдің миссиясы шеше болу емес, ана болу. Ана баласы үшін барлық нәрсеге дайын болу керек» (Видеодағы мәтін сақтаулы), – дейді Қабылбек имам.
«Ана кім», «шеше» кім?
Көпшіліктің ашу-ызасын тудырған видеодағы ана мен шеше сөзінің мағынасын іздеп кітап ақтардық. Сөзіміз дәлелді болуы үшін. Шеше – баланың туған анасы, апа. Әдетте, баласы туған анасын «шеше» деп атамаса да, «бәленнің шешесі», «шешесі кім», «шешем бар» дегенде шеше атауы сол мағынаны білдіреді. Кейде орта жастан асқан басқа әйелдерді де «шешей» деу де жиі кездеседі. Бұл жастар тарапынан ізгілікті, әдептілікті ілтипаттылықты аңғартады. (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь». 1997.- 368 б.)
2017 жылы жарық көрген Б.Қалиев, Ж.Түймебаев, Ш.Құрманбайұлы, С.Исаков құрастырып шығарған «Мұқағали тілі» сөздігінде шеше деп баланың туған анасын, апаны айтады. Шеше – баланың туған анасы, апасы Жай басып, ауыр тыныс алып демігіп келе жатқан Абайдың шешесі (М.Әуезов, Абай). Отырушы ек топтанып, Берілмеген есеміз, Су әкеліп, от жағып, Күйбең-күйбең шешеміз (2,365).
Шешем менің – иілген сұрау белгі, Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді. Қалай ғана қалпына келтірерсің, Дауылдар майыстырған мынау белді (1,163).
Ана сөзінің түсіндірмесі: 1. Туған шеше. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь». 1997. – 368 б. 1. Баланың туған шешесі; балалы әйел. «Сүймеймін, басқа кімге бұйырса да көнейін, осы жаннан маған азаттық әперсін», – деп әкеме өз анамды да, мынау кіші анамды да екi рет салып едiм, ырзалық ала алмадым (М.Әуезов, Шығармалар жинағы). Балаға деген ана мейiрiмi, оның оттан да ыстық махаббаты қандай күшті болса, анасына деген баласының сүйiспеншiлiгi одан да күшті едi (І.Есенберлин, Шығармалар жинағы). Көрмесе бір рет қайдалап, Тынымсыз жаны аңсаумен, Сүйе ме анаң аймалап, Айтшы сен, айтшы, жан сәулем (Т.Айбергенов, Мен саған ғашық едім).
Сарапшылар не дейді?
Тәттігүл Картаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты (автордың abai.kz ақпараттық порталындағы мақаласы қысқартылып алынды):
Шеше сөзіне ауыз әдебиетінде анықтама беріліп қойған
– «Шеше, шеше! Неше кесе, сынды кеше?». Осы жаңылтпашпен тілін жаттықтырмаған қазақ кемде кем шығар! Бала «шеше» деп анасынан сұрап тұр! «Шеше», «Ана» – бір ұғым! «Шеше», «Ана» – ертеден келе жатқан көне түркі сөздері, екеуі де дүниеге ұрпақ әкелген әйел адам! «Әке-шеше» – баланың ата-анасы. Анасы мен баласын, «шешесі мен баласы» немесе «шешелі-балалы», – дейді. «Шешелі жетім – жарты жетім», – деген халық мақал-мәтелінде шешесінен айырылғанды меңзеп тұр. Құрманғазының анасы Алқаға арнап шығарған күйі – «Қайран шешем»! Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Абайдың анасы» демейді, «Абайдың шешесі», – дейді. Қытай, Моңғолия,
Түркия, Иран қазақтары арасында анасына «шеше» деп қатынас жасайтын отбасы баршылық! Қазақ халқы әулеттің үлкен ақсақалының жарына, оның әулеттің ұйытқысы ретіндегі орны, қасиетіне қарай сол әулеттен тараған ұл-қыздар «шешеміз», «үлкен шешеміз» деген сыйластық құрметпен қарайды. Әжені де «үлкен шеше» дейді. Ал, шешемен байланысты боқтық сөз «шеше» ұғымының анықтамасына жауап бермейді, түбін қазатын болсақ «ана» ұғымымен байланысты да боқтық сөз бар. «Әке» туралы боқтық сөз де ортада кең қолданыста, сонда «әке» ұғымына «баласын тастап кеткен адам» деп анықтама берсек не болады?. «Боқтық» сөз өз алдына бөлек тақырып.
«Шеше» ұғымына ойдан анықтама ойлап тауып, қоғамға таңудың қажеті жоқ. Тереңге үңілмейтін, фольклорлық мұраларымызды оқымай, имамның сөзіне иланатын белгілі бір қоғам мүшелері қалыптасқанына көзіміз жетіп жүр. Сондықтан имам, молдалар қауымы ұлттық құндылықты сақтауға аса сақтықпен қарауы қажет. Имам ілім, білім беретін діни тұлға болуы шарт! Қазіргі кезде имам, молдалардың кәсіби мамандығына «ұстаз» сөзі тіркеліп жүр, мысалы «Қабылбек ұстаз». «Ұстаз» сөзі үйретуші, оқытушы, білім беруші адам деген мағынада. Діни кәсіпте «ұстаз» сөзі қосылса, ол оның біліктілік дәрежесін, статусын танытады, біздің ғылыми ортада «профессор», «доцент», әскери ортада «капитан», «майор» деген сияқты. Сондықтан «ұстаз» статусына ие болған имам, молдалар қандай да бір дәстүрлі ұғымдар жүйесіне анықтама берер алдында, фольклорлық, этнографиялық әдебиеттер, энциклопедиялар, академиялық басылымдарды (10 томдық «Ұлттық энциклопедия»; 15 томдық «Әдеби сөздік»; 5 томдық «Этнографиялық энциклопедия»; 100 томдық «Бабалар сөзі», т.б.) оқып, халық алдында дайындықпен шыққандары абзал. Уағыз да «білім жетілдіру» мазмұнында болуы қажет.
Жантас ЖАҚЫПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Ана деген сөзде поэтикалық көркем рең бар
– Ана деген сөзде поэтикалық көркем рең бар. Шеше деген ондай әдемі естілмеуі мүмкін, бірақ ол қалыпты сөз. Оңтүстіктің бәрі шешеден боқтайды. Біз әкеңді деп боқтаймыз. Сонда әке деген жаман сөз ба?
Шеше, шешей деп айтылған, айтыла да бермек. Ана сөзі Отан-Ана, Жер-Ана деп қосарлана қолданылады. Ана сөзінің киелі, қасиеті бар. Шеше сөзі жаман емес. Шеше деп боқтайтын оңтүстіктің қазағы шығар айтып жүрген бұл пікірді. Өзім шал-кемпірдің баласы болдым, шешемді атымен атадым. Әжемді апа дедім.
Шеше сөзінің қолданыстан шығып бара жатқанын байқамадым. Менің білетінім ана деген сөзді айтқанда көркемдік, айрықша, қасиеттеп барып айтасың. Жай өмірде шешем, туған шешем, өгей шешем деп айтасың. Айырмашылық жоқ.
Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты:
Аузыңнан шыққан сөзіңнің құлысың
– Қабылбектің шеше мен ана сөзін салыстыруы жөнсіз. Бұл жігіт қазақтың сөзінің мәнін, мағынасын ұғынып, түсініп отырған жоқ. Егер басқалай мақсаты болмаса, қазақ ауылында, қазақ ортасында өскен, бойында қазақи рухы бар адам мұндай сөз айтпаса керек-ті. Шын мәніне келгенде, ана, шеше ұғымы – біреу. Айырмашылық – тек атауында ғана. Мен шеше деймін, сіз ана дейсіз. Бары сол. Мысалы, мен оңтүстікте өстім. Ата-әжесінің бауырында өскендер шешесін жеңеше, жеңге деп те атайды. Түптеп келетін болсақ, бұл – ата-бабамыздан келе жатқан әдет, ұлттық құндылық.
Қазақ әлде де өзінің болмысына бойлай алмай тұр. Егер Қабылбек қазақтың жан дүниесін ұғып, болмысына бойлай алса, онда бұлай айтпаған болар еді. Менің жетекшім Ахмеди Искаков көшеде Шәмші Қалдаяқовты кездестіріп қалып: «Сенің жолыңды қуатын балаларың бар ма?» деп сұрайды. Сонда Шәмші Қалдаяқов: «Ақа, менің 2 ұлым бар. Екеуі де консерваторияда оқиды. Бірақ олар қойдың қиының иісін иіскемеген ғой» дейді. Сол секілді мына кісі де қазақтың қойының қиын иіскемеген шығар деп отырмын. Қазақтың болмысына бойлай алмай тұрған шығар. Қазақтың жан дүниесін ұқпай тұр, қазақтың әр сөзіне мән-мағына бермей тұр. Қазақтың сөзі емес, әрбір әрпінде өзіндік үн бар.
Домбыраны харам деп, шеше ұғымын төмендеткісі келетіндердің көздеген мақсаты бір секілді. Бұл ұйып отырған көпшілікті адастыру, іріткі салу, арандату. Сондықтан әр адам өз жұмысын дұрыс істеуі керек. Егер сұрақтарға жауап бере алмаса ізденіп, оқып, сараптасын. Көпшіліктің алдына шығып сөз айту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені сенің сөзің – айтылғанша сенің құлың, айтылған соң сен – сөзіңнің құлысың.
Жақ жаңыла берсе ше?
Қабылбектің ел алдына талқыланып жатқан бұл бірінші сөзі емес. Былтыр да қазақтілді оқырмандарға сәлемдесуге байланысты «сәлеметсіз бе» деп амандасуды қою керек» деген ұсынысы дауға қалған болатын.
Қабылбек Әліпбайұлы одан бұрын да имамның мешіттегі уағыз кезінде басшы сұраса, пара беруге болады деп айтқан еді. «Пара беруге болатын бір ғана орын бар. Өзіңнің мамандығыңмен жұмыс істеп жүргенде басшысы пара сұрайды. Ол: «Бір кісі келіп тұр. Егер ақшаңды бермесең, орныңды босатасың» десе, шариғатта сол кезде рұқсат етілген. Өзіңнің отбасыңды бағу үшін ақша керек. Берген кезде де аса мұқтаждықтан беріп тұрсыз. Оның шын ниетпен бергісі келіп тұрған жоқ. Басшысы үстемдікпен алып жатыр. Шариғатта адам тығырыққа тірелген кезде пара беруге болады. Ондай кезде күнәһар оның басшысы болады», – деген болатын ол.
ҚМДБ: Қабылбекке қатаң шара қолданамыз
Тақырыпқа орай біз де ҚМДБ-на хабарласып мән-жайды білгіміз келді. Біздің сауалдарымызға Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор Батыржан Мансұров жауап берді.
– Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының жанында Республикалық ақпараттық насихаттық топ (РАНТ) жұмыс істейді. Ол топтың құрамында білікті, білімді дін қызметкерлері бар. Олар бүгінде қазақ және орыс тілінде (сұрау бойынша) уағыз айтады. Жұмыс тобының құрамында 36-38 қызметкер бар. Біз РАНТ мүшелеріне семинарды қалай өткізуді, онда не айтуды, әдіснамасын, методикасын көрсетіп, аудиторияны таңдауды ұсынамыз. Ал РАНТ мүшесі, белгілі уағызшы Қабылбек Әліпбайұлының «ана», «шеше» мәселесіне қатысты айтқан сөзі ҚМДБ-ның пікірін білдірмейді. Ол да бір мәліметке сүйеніп өзінше пікір айтқан шығар. Уағызшы сол ойда деген сөз емес. Ол кісіге қатысты біз тиісті шараларды қолданамыз, қазір шетелде іссапарда болуына байланысты байланысымыз әзірге әлеуметтік желі арқылы болып отыр. Жолдан келгеннен кейін міндетті түрде оған қатысты ҚМДБ-сы тиісті шара қолданады. Бұрын да есткертілген, пенде болған соң қателеседі. Бірінші жағдайда да ескерту береміз, түсініктеме аламыз, сөгіс жариялаймыз, өзіміздің ішкі құрылымдағы тәртіппен тиісті шара қолданамыз. Басшылық тарапынан, өз тарапымыздан да қабылданған тиісті шараны жариялайтын боламыз. Керек болса, РАНТ құрамы мүшелігінен шығарылады, – деді Батыржан Берденұлы.
Бөлім меңгерушісінің айтуынша, «Ғұламалар кеңесі» құрамында 18 адам бар, олардың бәрі білікті, білімді, тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар. Ал Қабылбек Әліпбайұлы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі емес. Алайда бізді болашақ уағызшылардың білім деңгейі алаңдатады. Жалпы, медреселердегі жағдай қалай? Оқуға түсіп жатқандар кімдер? Олар қандай пән оқиды? Кімнің тарихын, әдебиетін, мәдениетін біліп шығады? Дін істері агенттігі сол медреседегі балалардың табелін көрсетіп, статистикасын бере ала ма екен? Қанша пайызының оқу үлгерімі жақсы, өз еркімен діни білім алуға келгендердің бүгінгі беталысы туралы жарияласа жақсы болар еді. Мәселен, НЗМ, халықаралық мектептер мен үздік білім ошақтары тек мықты, білімді балаларды оқытады. Сол секілді кіл мықтыларды оқытуға біздің медреселердің күші, қауқары, әлеуметі жетер ме екен? Оқуда озат, тәртіп үлгерімі жақсы баланың медреседе оқимын деп таңдау жасауы неғайбыл. Қабылбек имам ислам шариғаты бойынша білімді, білікті оқытушы болғанына қарамастан қазақтың төл сөзінен, ауыз әдебиетінен, фольклорынан, халықтың мол қазынасынан құралақан екені көрініп қалды. Мұндай уағызшылар Бәдір шайқасы туралы білуі мүмкін, бірақ Аңырақай, Едіге мен Тоқтамыс, Ақсақ Темір мен Баязиттің шайқасы туралы біле ме екен?
Құсейін Атсыздың «Ислам бірлігі утопия ма?» атты мақаласында: «Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бәрібір діннен күшті, ал тарихи тағдыр қандай дінге болсын иліге бермейтін қиын дүние... Бұған қарамастан біздің кейбір діни дүмшелер жұртқа Ислам бірлігін үндеп әлек. Осы идеямен әбден «ауырған» олар, ата-бабаларына тіл тигізіп, тіпті олардан біржола бас тартуда. Олар үшін Әли мен Муавияның арасындағы қақтығыс, Хасан мен Хусейннің өлімі бәрінен маңызды. Олар араб тілін мемлекеттік тіл деп жариялауға дайын. Өйткені түрік тілі бұлар үшін тіл емес. Ал Мөде, Әділ патша, Шыңғыс хан мен Құлағуларды олар тиран санайды. Олар шариғаттан басқа бірде-бір заңды мойындамайды. Балаларына Темір, Тас, Қайя немесе Арсылан, Барыс, Бозғұрт, Доған деген «пұтқатабынушылардың» есімін беру олар үшін дінсіздердің тірлігі.
«Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» – деген екен Бұқар жырау. Сірә, көпшіліктің алдында ой толғау кез келген жан орындай алмайтын аса қиын да жауапты міндет екенін терең сезінсе керек.
– Уағыз айту – қоғам тарапынан үнемі назарда болатын аса жауапты үдеріс. Шешендік сөздің өзге түрлеріне қарағанда уағыздың өзіндік ерекшеліктері бар. «Дүниеге махаббаты кеткен қулардың ортасында ақырет жабдығын, Құдай сөзін қанша ырғағына келтіріп айтқаныңмен, далада тұрған молаға, иесіз қалған қораға айтылған бір сөз болады да... Надандардың ортасына ғылым мағрипат сөзін шашып таратпағың – соқырлардың ортасына шам жаққанмен бірдей» – деп М.Көпеев (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 13 т. – Павлодар: 2008. 34 б. 384 б.) айтқандай, уағыздың айтылатын орны, арнайы тыңдаушылары болады. Өмірінің едәуір бөлігін еңсерген егде кісінің дүниауи жеңіл-желпі әңгімелер мен саясатты айтып айналасын мезі етіп отыруы қаншалықты жарасымсыз болса, өмірлік тәжірибесі жоқ, көріп-білгені шектеулі жасөспірім не бозбаланың жаттап алған азын-аулақ діни қағидаларымен көпшілікті еркінен тыс иіріп қойып, ұзын-сонар уағыз айтып отырғаны да ақылға сыйымсыз өрескел қылық, – дейді ғалым, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов.
Әлеуметтік желі арқылы қоғамға іріткі салатын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге әркімде мүмкіндік бар. Алайда асыл мен жасықты тамыршыдай тап басып, соған қатысты жұмыстар жүргізуге білікті де білімді мемлекетшіл мамандардың қажеттілігі айқын сезіле бастады.
Ал діни уағыз халықтың діни сауатын арттыру, ислам дінін насихаттау мағынасында айтылады. Ал сол уағызды айтушылардың білімін, деңгейін бір тексеретін кез келгендей. Қазақтың «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген сөзі осындайда айтылса керек.
Тақырыпқа тұздық:
Берік Саймағанбетов, жыршы, Мәдениет қайраткері:
Сөз қадірі – өз қадірің
Әйгілі аңыздағы Абыл мен Қабылдың оқиғасында ниеті түзу Абылды арам пиғылды Қабыл өлтіріп, қасіретке ұшырайтын еді ғой. Қара басын ғана емес, тұтас ұрпақты, қала берді ұлтты қасіретке ұшырататын сөзді бүгін тағы Қабылдың аузынан естідім. Қазақтың сөздік қорындағы 700 мыңға тарта сөздің әрқайсысының өзінің орыны бар және ол көрінген көк аттының қанжығасына байланып, бөктеріне өңгерілмейді. Себебі оның иесі – қазақ! Сол сөздердің ішінде қасиет пен киеге оранғандары өз алдына бір бөлек. Сондай қасиетті сөздің бірі – «Шеше» сөзі.
Біздің қоғам ұстаз деп дәріптеп жүрген уағызшымыз осы «Шеше» сөзінің мағынасын өзінің топшылауында: «Шеше – қанасын жарып шыққан баласына қарамай, үй-жайына көңіл бөлмей, кіндігімен алысқан жезөкше сыңайлы, жайдақ күрең», дейді. Айналайын-ау, өзің де шешеңнің құрсағында жетіліп, тоғыз ай он күнде жарық дүниеге келген шығарсың. Ана мен Шеше сөздерінің еш айырмашылығы жоқ, мәндес сөздер екенін мектепте жүргенде оқымадың ба? Өткен жылдарда Әбдіғаппар деген уағызшы «Кредит алсаңдар анаңмен алты рет ойнас жасағандай боласыңдар» деп, қазақ қоғамын бір дүрліктіріп еді. Енді, кезінде содан дәріс алған Қабылбектің айтып тұрғаны мынау. Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар, шеше тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар», «Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген мақалдарды баласына қарамай кеткен шешелерге қарата айтқан ба?
Дәстүрлі дінімізді келімсек ағымдардың аяғына жығып бергендерің аздай, енді талай ғасырдан бері қанымызға сіңген сөзімізге, оның ішінде шешеден туған әр қазақ қастер тұтатын қасиетті сөзімізге ауыз сала бастадыңдар ма? Дінге қарсы қазақты ашындырып, ұлттық құндылықтары мен дәстүрін, салтын, тілін, әруағын теріске шығарғаннан не ұтасыңдар? Әлде, сендердің көксегендерің басқа дүние ме? Бүгінгінің ұстазсымақтары елдің бүтіндігіне емес, өзінің топас ойын алдындағы тобырға сіңіруге жұмыстанып жүр. Мұны сорақылықтың шегі деуге болады.
Дін ортақ дейтін болсақ, ол жерде барлық өңірдің қақысы бар. Айтылатын уағыздардан бастап, барлық мешіттердегі имамдарға дейін лупамен қарау керек. Жұма намаздың уағызына барған әр адам, мәдениет пен әдебиет, шешендік сөздердің барлығы арабқа ғана тән деп ойлайтынына күмәнім жоқ. Кезінде үлкендеріміз «Ұстаз деген ұлық есім, оны Алланың адамзатқа жіберген төрт ілімін (шариғат, тарихат, мағрифат, ақиқат) игерген адам ғана иемдене алады» деп отыратын. Осы тұрғыдан келгенде Қабылбекке ұстаздан садаға кет деуге толық құқымыз бар. Осы орайда қазақты шешеден айырып, жетім ұлт жасағысы келетіндердің бір ұрты арам екенін құзырлы мекемелердің құлағына салғым келеді.