Ақырғы аманат жолындағы жанкешті
Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай, Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы. Мәди
Сол жылдары аты Алашқа кетіп, дүрілдеп тұрған тәуелсіз апталық Ақтөбе қаласынан шығатын «Алтын Орда» газетінің Алматы қаласындағы тілшісімін. Мені Алатаудың бөктеріндегі алып мегаполиске бас редактор Мейірхан Ақдәулетұлы арнайы жіберген. «Дәурен, Алматыдағы зиялы қауымды «Алтын Ордаға» тартуымыз керек. Авторлардың қарасын көбейт, сұхбаттар ал...». Алыстан ойлайтын сұңғыла редактордың маған берген тапсырмасы осы болған.
Алматыға келсем, қазақ газеттері жабылып Тұқаң – Тұңғышбай Жаманқұловты жүндеп жатыр екен. – Тұқаңды тұқыртуға тапсырма алып па едіңдер, не болып қалды? – деп сұраймын әріптестерімнен. – Жаманқұловың – жалмаңқұлақ екен, жалмап қойыпты. – Астапыралла! Нені, кімді жалмап қойыпты? – Театрдың қаржысын түйе мен биеге теңдеп алып жұтыпты. – Қой-ей! – Рас, имандай шыным.
«Ат елірсе, есек қоса еліреді» демекші, журналист жұрттың сөзіне еріп, еліре кетсе, жалғанның жарығына талпынып шыға алмай жатқан шындық өледі. Әріптесім екен деп журналистің сөзіне де сене бермеуі керек.
Мен Тұңғышбай әл-Таразимен сұхбаттасуды жөн көрдім. Тұқаңмен арамызды тікелей қоңырау жалғады: тілдестік, сұхбатқа келістік. Уағдаласқан күні әкемтеатрдың есігін ашқам. Директор орнынан табылды. Бұрын сахнадан һәм сырттай ғана көріп жүруші едім, ілгеріде «Жас Алаш» газетінің редакциясында да сұхбаттасқанымыз бар, бірақ осы жолы зер сала қарап, анық аңғарғандаймын: айтарға жоқ, нар тұлғалы адам екен. «Вот это фактура», – дедім ішімнен. Әлгі жерде орта бойлылардың қатарындағы мен пақыр орнынан шылбырдай шұбатылып көтерілген көлемі зор кісінің көлеңкесінде қалдым. Орынтағына батып отырғанының өзінде тұрқы түрегеліп тұрған адаммен иықтасатын сияқты. Шашы «арыстанның жалындай бұйра толқын». Сіздер байқайсыздар ма, жоқ па, білмеймін, әр адамның келбетінде аң мен құсқа, түрлі мақұлқатқа ұқсас сипат болады. Мен Тұқаңды арыстанға ұқсаттым. «Арыстан-адам» көмейінен сәл шағылып шығатын күмбір үнімен сөйлей жөнелді:
– Ал қандай сұрағың бар?
Мен қабырғалатып сұрақтарымды қойып жатырмын. «Сіз театрдың иелігіндегі бірдеңе-сірдеңе деген аппаратты қолды қылған көрінесіз», «Сіз жалдамалы құрылысшыларды қуып жіберіпсіз», «пәлелай да шәлелай», «пәлен-пәштүген». Бұл – өнердің жұпар иісі аңқыған театрдың төрінде отырып алып Тұңғышбай Жаманқұловтай тұлғаға берілетін сұрақтар емес еді. Тұқаңның бойы мен сойына қолы жетпеген қортық саналы тобырдан тараған қауесет сөздердің сиқы жоғарыдағыдай болған соң, амал кем, сұрауға тура келген. Тұқаң тартынбады. Тегінде өз ісінің әділдігі мен туралығына бек сенімді адам ақиқатты айтудан жалтармайды ғой, Жаманқұлов жауқабақтанып аз отырды да, ақтарыла сөйлеп кетті. Сөзінен ұққаным: аппаратты ешкім арқалап кетпепті, ал қайланы қалай жұмсауды білмейтін, арақтан аузы босамайтын, қуаяқ құрылысшысымақтардан құтылуға тура келген.
Әңгіме үстінде М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры) «әкемтеатр атануына еңбегіміз әбден сіңді» деп, сахнаның жаңаға бет түзеген салтанатын мойындағысы келмей кері тартып шалқалағандардың шатақ сөздері де айтылды. «Жайлы тұрмыстың рахатына кенеліп, жамбастап жатса да, Жаманқұловқа бар жамандықты жапсырып, апта аралатып, ай сайын жоғарыға арыз айдап, баспасөз бетін былғап сұхбат беретін сол шіркіндерге тиесілі жалақыларын үйлеріне жеткізіп беріп отырсам да жақпаймын», – деді бас директор басын сығымдап. Бұдан әрі тұлпарды тұсаулаудың қажеті жоқ еді, біз театрда Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған Дон Кихот рөлінен бастап Абылай ханға дейінгі аралықты ендігі емен-жарқын әңгімемізге арқау еттік. Тұқаң шешілді.
Мен білгенде, Тұңғышбай Жаманқұлов театр мен кинода тарлан ашқан талант қана емес, ол – ұстаз. Бірақ ол ұстаздығын ұлық санамайды. «Мен – Хадиша Бөкеева мектебінің көркемдік жетекшісімін», – дейді жай ғана.
«Хадиша Бөкеева мектебінің көркемдік жетекшісі» қазақтың маңдайға басқан академиялық театрында бас директор әрі көркемдік жетекші ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Тұқаңның тұсында театрда Болат Атабаев, Қайрат Сүгірбеков бастаған талантты режиссерлердің жұлдызы жанды. Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, т.б. сияқты жас перілер сахна төріне көтерілді. Олардың үлкейтілген суреттері бұрынғы корифейлердің суреттері сап түзеп, санат құрған маңдайшаларға ілініп, құрмет тақтасынан көрінді. Арыстандай алысып жүріп Тұңғышбай әл-Тарази әкемтеатрдың классикалық дәстүрлі бағытын жалғастыра келіп өз театрын жасады. «Хас сұлудың көз жасындай» (Ғ.Мүсірепов) сахна өнерінің шын бағасын білетін, «өнерді есеппен емес, ессіз сүйген» (Тұқаңның өз сөзі) Тұңғышбай Жаманқұловтың театр басшылығындағы қызметін мойындаған орта осылай десті: «Ол өз театрын жасады».
Сұхбатымызда Тұқаң: «Театр құтханаға айналуы керек. Сахнадағы қойылымды көріп болған адам театрдан шыққанда жаны нұрланып, әулиеленіп шығуы керек», – деп еді. Ол өз театрын жасап қана қойған жоқ, ол сол уақытта талай жүректерді нұрландырды. Кірлеген көңілдерді тазартты. Еңсесі түскен, езілген жұртты әулиелендірді. Әрине, көрермен біткен тегіс әулиеге қол беріп кеткен жоқ, алайда нұрланған жүрек пен тазарған көңілдің көкорайына аунасақ, нұр мен тазалық әулиеліктің сипаты болып шықпай ма? Ғасыр басындағы күрделілігі ақжал толқындай қиын күндерде театр ұжымын телім-телім қылмай ұстап тұрудың, сахна репертуарын жаңалаудың, әрбір қойылым үшін қидаласып, мемлекеттің қазынасынан қаржы алудың азабы мен мехнатын тарта жүріп Тұңғышбай әл-Тарази Әуезов театрын баянды белге көтеріп тастап, басқа қызметке ауысты. Өнер жеңді, өңмеңдеген өлермендіктің көркеудесі басылды. Ақиқат алға шықты, өтіріктің өкпесі өшті. Әйтсе де, «ақиқат азбағанымен, өтірік те тозбайды» екен (Оразмерген – Тұңғышбай)... Өтіріктің тозбастығына кейін тағы да куә болдық.
Күпісін әперіп Тұқаңның қасында күнде жүргенім жоқ. Алайда мен осы адамның күрсінісін алыстан сеземін. Сол кезде оның: «Жамбылдағы гидро институттың алдында сорайып жалғыз өзім бекер-ақ тұрған екенмін, сорайып тұрған сормаңдай басым Асқар Тоқпановтың көзіне бекер-ақ түскен екенмін», – деп сүлкіні кетіп ойға қамалатынын кейде жеңіліс тауып, ойран болған «Отырарда» бетіне қорғасыннан құйылған сіре қапты киіп жатып, тән азабынан емес, жан азабынан ышқына озан салған Қайыр хандай («Отырардың күйреуі») көктегі айға айғай асыратынын да біліп отырамын.
Тұқаңның басын тағы да бұлт шалған күндер еді. Түс көріппін. Түсімде Тұңғышбай ағам әлдебір лас көшеде, әлдебір ұсқынсыз адамдардың қасында отыр. Төңіректі түнек басқан. Бұл менің түсім ғана емес, бұл сол шамадағы Тұқаңның бағылан басына қораланған кеп-тұғын. Жамандығы аяқтағы суға кеткір жаңағы түсімде жардан құлағандай еңсерілген есіл ер ешкімге керек еместей көрінген. Сонда ғой, күңіренген бір ән естілді. Тұқаң салған ән.
Керегім жоқ ешкімге Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін, Тыс қалдым назарынан Хақ Тәңірдің. Тасталса күресінге текті өнерім, Несіне жаным салып ақтарылдым?
Жан емен бәз біреуді қайталаған, Толқыған от сезімді шайқап ағам. Ешкім жоқ ол күйімді керек етер, Кіреді көңіліме шайтан арам.
Оралмас көктемдерім қайта маған, Жаз өтіп, күзді қалай байқамағам?! Көңілдің терезесін қырау шалып, Шашыма ақ кіргенде ой талаған. Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін, Сыртым пәс, көңіл дүлей, көзімде – мұң. Бұтадан Батыраштар жолымды аңдып, Қорғанып Қодарлардан көз ілмедім.
Ақын мен композитор (Ә.Аймақ – Қ.Көбентай) өлең мен әнді Тұқаңның кезекті майданға кірген сәттегі халі мен көңіліндегі мұңды толғап жазғандай тыңдаған жұрттың қабырғасын қайыстырды. «Әй, Тұқа-ай, – деймін мен де таусылып, – билікті билеп-төстегендермен ұстаса кететініңіз не осы сіздің?». Аса мәртебелі ұлы өнерді қорғау жолында таятын, тайсақтайтын Жаманқұлов па, «Байлашы мына қолды, болмаса, шауып таста!» (Оразмерген – Тұңғышбай) деп қасқайды да отырды. О, тоба, ол бұл жолы да жеңіп шықты!
Әлмисақтан, Әбіл – Қабыл заманынан бері ақ пен қара айқасып, пенде баласы күресумен келеді. Бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Итжығыс та түсіп жатады. Бұл күрес – пенделердің күресі. Ал өнерді өртеп жіберуге құлшынып, өршеленгендердің күресінде әрқашан Өнердің мерейі үстем шығады.
Мен әредік театрда, кинода сомдаған кейіпкерінің мінезі, тіпті тағдыры актердің болмысына ауып кете ме деген ойға қаламын. Ғажап режиссер Амангелді Тәжібаев түсірген «Ақырғы аманат» фильміндегі оқиғаларға қанып өскен біздің буын үшін Тұңғышбай – Оразмерген. Экрандағы Оразмергеннің ер келбетін, жасын атқан отты көзін, шалқақ кеудесін, шалт қимылын, тәкаппарлығы мен тектілігін Тұңғышбай ағамыздың жүріс-тұрысынан, азаматтық ұстанымынан аңғарамыз. Алатаудың айқай шыңдарын мекен қылған ақ барыстай елі үшін алысып өткен Оразмергендей ердің сойы ортамызға Тұңғышбай болып оралған шығар дейтін сәттеріміз де болады.
Әуелде аяңына түсіп бастап, шағын жазбамыздың ақырында Тұқаңның өнер үшін додаға кіріп кететін тартысқа толы тағдырын баяндаудан бір-ақ шығыппыз. Әлде айтпағымыз «Ақырғы аманат» фильмі мен Оразмерген жайында болды ма екен? Солай сияқты. Өйткені өнер – Жаратқан Хақтан жеткен сый ғана емес, адамзат баласына берілген – ақырғы аманат. Ол – ізгіліктің отын өшірмеу мен жасампаздықтың аманаты. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов – осы аманат жолындағы жанкештінің тап өзі. Жортқанда жолы болсын!
Дәурен ҚУАТ, жазушы