Тоқалар мен тұяқтар
Оралханға оралу немесе әлеуметтік этюд
Оралхан Бөкейдің «Тоқадан қалған тұяқ» деген ғажайып әңгімесі бар. Ғаламат енді... Шағын ғана дүние. Бір кітаптың жеті-ақ бетіне сыйып тұр. Бар-жоғы бес-алты-ақ минутта оқып бітесің. Бастасаң болды, аяғынан бір-ақ шығасың. Айран толы тегенені басыңа бір-ақ көтергендей сәттік сезім. Оқығандай емес, жұтып жібергендей күйге бөленесің. Қас-қағымда қағып тастап, әңгіменің әсерінен айыға алмай, біраз отырасың. Тәтті туындының стилі бірден Бейімбетті еске салады.
Әдетте, романтикаға беріліп, шың-құз бен тау-тасты аралап, оқырманын да жалғыз қалдырмай, өзімен бірге жетектей жөнелетін Оралхан бұл жолы жүрісінен сәл жаңылып, өмірдің өз бояуын қолға алады. Ауылдың аясынан айналып шықпайды. Ауылды айтасың, тіпті «Тоқадан қалған тұяқтың» оқиға желісі көрші отырған екі үйдің арасында ғана өтеді. Жал-жал болып жатқан шағылдарға қосылып ән салып, қайырмасын іздейтін, боран мен бұрқасыннан ықпай, жел өтінде жалаң көйлекпен жортқан Қар қызының сыңсыған үніне құлақ түріп, ерекше елтіп жүретін Оралханның бұл жолы сюжет кеңістігін сонша тарылтып, қоңсы қонған екі үйдің арасынан ұзап шықпай қалғаны несі екен деп ойлайсың кейде...
Әңгіменің бас кейіпкері – Тоқа деген шал. Былай қарасаң, алабөтен алып бара жатқан ештеңесі жоқ қатардағы ауыл қартының бірі. Елмен бірге соғысқа барып келген. Басқалар қолынан не аяғынан айрылып қайтса, бұл бір құлағын ғана құрбан қылған. Соның өзінде Гитлерге құлақты беріп қайтқанбыз деп жұртты қырып жібере жаздайды. Мінезі біртүрлі. «Бұлар кірген-шыққанымызды аңдып пәле қылады» деп, Ораштың үйіне қарап тұрған есігін арғы жаққа ауыстырып жібереді. Қора-қопсысын таза ұстайды. Малдарының жатқан жеріне дейін жып-жылмағай болып тұрады. Оның айтасың, сиырларына шөптің сояуына дейін жегізеді. Соның арқасында қыс бойы сол шөпті үнемдеп шығады. Бір таңғаларлығы, мұның сырын жан баласына айтпайды. Өзі ғана білуі керек. Өзге жұртта шаруасы шамалы.
Апасынан арнайы тапсырма алған Ораш Тоқаның сиырларының «гигиеналық» ахуалына кәдімгідей зерттеу жүргізеді. Сөйтсе, қас қарайып, ел аяғы басылған шақта Тоқа өзінен аумайтын ұлы екеуі қорадан малдарды шығарып, қолдарына шыбыртқы алып, айдалада армансыз қуалайды екен. Әбден сілесі құрып, қайтып оралған сиырлар қораға жеткенше жол бойы ішін тазалап келеді. Қораға кірген соң төбеге іліп қойған шөптің сояуына өршелене ұмтылады. Оны да күйсеп жеп тынады.
Осы Тоқаның тағы бір тосындау әдеті бар. Болар болмас нәрсенің өзін ежіктеп, әңгімесін бітіріп болмайды. Мәселен, баласы әкеліп тастаған ағаш дөңбекті тіліне тиек етіп, «Иә, сонымен әлгі дөңбектен аттап өтіп, жоқ... айналып өтіп, жоқ, аттап өттім-ау деймін... жоқ, айналып өттім бе?.. Қара басып ұмытып қалғанымды қарашы, апыр-ау, аттап өттім бе, әлде айналып өттім бе әлгі дөңбектен, а-а-а... Е-е, Құдай-ай, айналып өткен екем ғой, жо-жоқ, денсаулық бар, жаман дөңбектен аттап-ақ кеткен шығармын...», – деп тыңдап отырған адамның діңкесін құртып, әр сөзін сағыздай созады. Бір ауық кәдімгідей «ойланып, сақалының ұшын тістеп біраз отырады».
Тоқа шал қанша жерден ойлы кейіп танытса да, дөңбегі құрғырдан қалай өткенін мүлде есіне түсіре алмайды. Онысын жуық арада шешіле қоймаса, аласат басып, ақырзаман орнайтын құдды бір мемлекеттік мәселе секілді көріп, біразға дейін беріспей бағады. Ақыры, бір мәмілеге келген болып, «Ұмытшағым-ай осы. Бәрі Гитлердің кесірі, а-а-а... айналып өттім-ау деймін, ол кезде ауырыңқырап жүргенмін. Шырағым, ертең келші, қалғанын есіме түскен соң айтайын», – деп қолын таянып орнынан тұрып, жөніне кетеді. Ал майдан хикаяларын бастаса, «Құлақты Гитлер алып, шұнақ Тоқа атандым», – деп, Шорманның Мұстафасынан қорлық көрген Жаяу Мұса секілді термелете төпелейді.
Қысқасы, нағыз тип! Тип болғанда, төбесінде найзағай ойнап, талып жығылып, есін жиғанда «Мені қойшы, қара ешкі қайда екен?», – деп, жанынан бұрын малын түгелдейтін тип. Өзгені тыңдап отырып өз-өзінен «а-а-а» деп мұрнын тартып қоятын және онысын өте жиі қайталайтын тұрпайы тип. Ораштың сөзіне салсақ, «көп жыл қорықшы болып, ел-жұртты қан қақсатқан» қатігез тип. «Сиырларыңыздың үсті үнемі құрғақ жүретінінің себе неде?», – дегендерге: «Оның әдісі бар, бірақ айтуға болмайды, а-а-а...», – деп, керіле қалатын керенау тип. Соғыстан елге оралғанда бала-шағаның қамы деп, қолына жол-жөнекей жиған олжаға толы дәу қара чемодан ұстай қайтқан қомағай тип...
Осы Тип-Тоқаны («Тик-Ток» дей жаздағанымыз-ай) ақылсыз деуге де келмейді. Оның да өзіндік өмірлік ұстанымы бар. Ораштың: «Халыңыз қалай, ақсақал?» – деген сауалына: «Қатты жүрмейміз, қарап тұрмаймыз, а-а-а», – деп жауап қайтарады. Әйтеуір көштен қалмаса болды. Сонымен, бұл – жұртқа да, жақын-жуыққа да пайдасы жоқ, қара басының ғана қамын ойлайтын, тәртесі қысқа, өрісі тар, қайырымдылық дегеннен жұрдай тоғышарлардың типтік бейнесі. Шеберлігі шексіз Оралхан Бөкей Тоқадай типтік бейнені бейімбетше бедерлейді. Сол арқылы өмірдегі өлермендікті өрнектеп тұрып өріп береді.
Енді мына қызықты қараңыз... Әңгіменің аты – «Тоқадан қалған тұяқ». Бірақ бұл – тұяқ туралы емес, Тоқаның өзі туралы дүние. «Неге өйтті екен?» дейсің әдепкіде. Былайша алғанда, туындыда бастан-аяқ Тоқаның іс-әрекеті әжуаланып көрсетіледі. Осы тұста Оралханның сын-сықаққа деген қабілет-қарымының жетіп артылатынына айқын көз жеткіземіз. Бала кезімізде «Лениншіл жастағы» сатира сайыпқырандарының ортақ отауына айналған атақты «Сүзеген сөздің» атауын қойған Орағаңның өзі екен дегенді көп еститінбіз. Болса, болар. Бұл жолы да сондай бір тосын тәсіл қолданған Оралхан Бөкей тұрлаусыз Тоқаны әбден тұралатып болып, оның бес қыздың арасында өскен жалғыз ұлын бір-екі тұста ғана атай кетеді. Алғашында Тоқаның тұяғымен екі ауыз тіл қатысып, шағын диалог құрып, «әкесінің аузынан түсіп қалғанын-ай» деген тоқтамға келеді. Екінші жолығуы... Бұл енді әңгіменің финалы. Керемет «концовка»!
...Арада көп жыл өткенде Ораш ауылға соққанда, қыр басында тымағы шошайып тұрған Тоқа шалға сәлемдеспек ниетпен арнайы келеді. Жолдан бұрылып, шал жаққа қарай беттейді. Әрі қарай көп созбай, жампоз жазушының өзіне сөз берелікші: «Атты кісі бүлкек-бүлкек желіп, жасқаншақтана жанымызға келді. Ептеп жасарып, үшкіл сақалды алып тастап, тек сепсиген мұрт қана жіберген Тоқа шалдың дәл өзі.
– Ассалаумағалейкүм, ата! – дедім. – Әлексалам, а-а-а... Орашпысың? – деді. – Қуаттысыз ба, ақсақал? – дедім. Ол ыржың етіп күлді. Күлді де мұрнын бір тартып: – Мен ақсақал емеспін. Тоқа шалдың жалғыз ұлымын ғой. Атам баяғыда өліп қалған, а-а-а, – деді. Ұзап кетсек те, төбенің басында секиіп тұрған Тоқа шалдан қалған жалғыз тұяқтан көз алмадым. – А-а-а...».
Міне, шығарманың идеясын Орағаң қайда сақтаған?! Қайқы қара еліктің қампиған қарнындағы тоғыз қара сандықтың ең кішісінің ішіне тығылған Шойынқұлақтың жаны секілді жазушының айтар ойы да әңгіменің атауы мен туындының матауына жасырылыпты. Мәселе заманы бітіп, тынысы тарылып бара жатқан Тоқада емес, жақсы-жаманын қосып, соның жолын айна-қатесіз жалғайтын тұяқта екен ғой... Мұхтар аға Шахановтың «Қадірлі ата, сен әлі мақтанасың, өзімнен аумай қалған немерем деп» деген сыңайдағы өлең жолдары бар еді. Сол айтқандай, тұрлаусыз Тоқалар соңына қылығы мен былығына дейін өздеріне ұқсайтын, тіпті аузынан түсіп қалғандай тұяқтарын қалдырып, бұл жалғаннан армансыз жөней беретін көрінеді. Олар өте көп. Төңірегіне аса зиянды болмауы мүмкін, бірақ бақай есебімен, сасық қулығымен, жылмиған жымысқылығымен жанындағыларға біршама кедергі келтіріп бағады. Солардың біразы осыны оқып отырған сіздің де маңайыңыздан табылып қалады... Егер олай болмаса, ғафу өтінеміз...
Ендеше, біз де бұл баянымызды Орағаңның осы әңгімесінің өз стилімен аяқтайықшы... – А-а-а...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ