Бізге ұлттық архив статусын алу керек
"Кей кездері болашақта архив кімге қалады деп те ойлаймын.."
– Ләззат Сүлейменқызы, «Мамандыққа да махаббат қажет» демекші, архив саласында елу жылдай еңбек етіп келесіз. Жалпы, бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды? – 1974 жылы Көкшетау қаласынан отбасымызбен Алматыға қоныс аудардық. Өзім орыс мектебін бітіргенмін. Жоғары оқу орнына шет тілі мамандығы бойынша емтихан тапсырып, байқаудан өте алмай қалдым. Әкем марқұм қолымнан жетектеп Абай даңғылының бойындағы архив ғимаратының табалдырығын аттатқан болатын. Ең алғаш 1-қабатта орналасқан өте құнды құжаттардың көшірмесін жасаумен айналысатын зертханада архив құжаттарын қайта қалпына келтіру жұмысын атқардым.
1976 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ-дің тарих факультетіне сырттай бөлімге оқуға түсіп, оны 1982 жылы тәмамдадым. 1985-1987 жылдар аралығында Мәскеу мемлекеттік тарихи-архив институтының сырттай екі жылдық курсын оқыдым. Мінекей, содан бері бүкіл ғұмырымды осы архив саласына арнадым. Қарапайым лаборанттан бастап бас директор лауазымына дейін жеттім. Бүгінде ғылыми-анықтамалық аппарат және ғылыми пайдалану бөлімінің бас сарапшысымын. Былтыр «Құрмет» орденімен марапатталдым. «Архив саласының үздігі» атандым.
– Бұл жұмыстың қызығы мен қиындығы неде?
– Архивте жұмыс істеуге көп жастардың шыдамы жетпейді. Архив саласы үлкен шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Сыры ашылмаған, мәлім де беймәлім архив әлемімен жұмыс істеу өте қызық. Үйде бағдарлама, кино көріп отырып немерелеріме бүкіл тұлғаларды айтып, таныстырып отырамын. Олар «Апа, сіз қайдан білесіз?» деп таңғалады. Қаншама жыл құжаттармен жұмыс істеген соң, тұлғалардың бейнесі, дереккөздері есте сақталып қалады екен. Қызымның кішкентай кезінде Алматы көшелерінде трамваймен келе жатып, «мынау Ш.Қалдаяқов көшесі ол кісі қазақ вальсінің королі, көптеген әннің авторы» деп бүкіл аялдамаларды айтып отыратын едім.
– Архивте сақталған тарихи құнды деректер арасында сізді ерекше таңғалдырғаны қайсысы?
– 80-жылдары «Қазақфильм» Мұқағали Мақатаев туралы деректі фильм түсірмекші болды. Ол уақытта кез келген кино түсірерде біздің қордан мәліметтер пайдаланатын. Біз бір апта бойы киножурналдардан, деректі фильмдерден, жазушылардың съездерінен Мұқағали Мақатаевтың бейнесін іздедік. Жазушылардың Кеген, Нарынқол өңіріне барған сапарында Мұқағали Мақатаевтың ақ жейдемен, қара көзілдірік тағып алған бір ғана кадрын тауып алдық. Бірақ соның архивтік нөмірін жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Одан кейін қанша іздесем де, таппадым. Режиссер ақын атамызға ұқсайтын бір адамды тауып, деректі фильмнің басты рөлін сомдауға бекітті. Мұқағали ағамыз талай жыл Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарған. Біздің қорда өз дауысымен оқыған 7 өлеңі сақталған. Рақымжан Қошқарбаевтың жеңіс алдында Рейхстагқа ту тіккенге дейін 1-2 сағаттай қалай барлау жүргізгені, Григорий Болатовпен бірге қалай ту тіккені туралы өз ауызымен айтқан естелігі бар.
Тағы бір есімде қалған қызықты дерек – қазақтың қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин арасындағы шынайы достықтың белгісі бола білген ерекше хат алмасуды айтар едім. 1943 жылдан бастап 1967 жылға дейін шығармашылық туралы бір-біріне достық хат жазысып, үздіксіз байланысып тұрған екен. Мәлік Ғабдуллиннің хаты латынша «Ардақты Бауке!» деп басталса, Бауыржан атамыз «Қарағым, қара тентегім Мәлігім!» деп еркелетіп бастайды... Бұл да бір керемет естелік емес пе?!
Сондай-ақ біздің архивте Әміре Қашаубаевтың 6 әні бар. 1925 жылы Парижге көрмеге барған кезде айтқан әндерін француздар жазып алып, Ресей архивіне сыйға тартқан екен. Музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімнің ықпалымен Мәскеудің дыбыс жазбалар архивіндегі әріптестерімізден осы 6 әннің көшірмесін алдырдық. Одан бөлек біздің архивте Б.Момышұлы, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқановтың дауыстары сақталған. КСРО халық әртістерінен ағайынды Абдуллиндер, Б.Төлегенова, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішевтің жас кездерін кинокадрдан табуға болады.
– Сіздің ойыңызша елдегі айтулы оқиғалар, естеліктер мен зиялы қауым өкілдерінің өмірі толық архивтелді ме? Әлде тасада қалған ақпарат, материалдар әлі де көп пе?
– Әрине, біз қабылдайтын тың ақпарат пен материалдар әлі де жетерлік. Мәселен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында зиялы қауым өкілдерінің жеке қорлары, дыбыс жазбалары сақталған. «Соны қалай сақтаймыз, сандық форматқа қалай ауыстырамыз» деп, олар бізден бір аптадай үйреніп кетті. Оларға біз 90-жылдардың басында «Түпнұсқаны бізге тапсырыңыздар, сіздерге көшірмесін жасап береміз!» деп айтқанбыз. Бірақ өкінішке қарай әлі тапсырмады. Пленкадағы дыбыс жазбалары дұрыс сақталмаса, уақыт өте келе бір-біріне жабысып, үгіліп кетеді. Оны әр бес жыл сайын автоматты орау жасап, арнайы ережеге сәйкес сақтау қажет. Сол сияқты Ұлттық ғылым академиясы және еліміздің «Хабар», «Қазақстан», «КТК» сияқты ірі телеарналардың қорынан біздің архивке түспеген деректер өте көп. Қазір архивіміз Қазақ радиосымен жұмыс істеп жатыр. Алтын қордағы 50-60 жылдардан бастап 85 мың сақтау бірлігі фоноқұжаттар пленкада. Бізге оның қанша пайызын тапсырып жатқанын нақты білмеймін. Олар өздерінің бүкіл алтын қорын цифрландырды.
Сонымен қатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, композиторлардың отбасылық жеке архивтерінде материалдар жетерлік. Олардың тізімі біздің қолымызда бар. Біздің архивистер ол кісілермен үнемі байланыста. Бізге қолдарында бар материалды тапсыруға әкеледі, өйткені ол ақпараттар магниттік пленкада жазылған. Фотоқұжаттарды сканерлеп, цифрлық сандыққа көшіріп, серверге салып қоямыз. Сосын түпнұсқаны қайтадан қолдарына ұстатамыз. Жалпы, біздің архив бөлімінің үш міндеті бар. Ол архивтерді жинақтау, сақтау және ғылыми негізде пайдалану. Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві еліміз бойынша цифрландыру жағынан алдыңғы қатарда. Біздің ұжым құжаттарды цифрландыруды 2000 жылдан бастаған. «Асыл мұра» жобасы бойынша 13 компакт-дискі дайындады.
– Ал XXI ғасырдағы өнер, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерінің еңбегін сақтауға көзқарасыңыз қандай?
– Қазақстанның дамуына өз үлесін қосқан әдебиет, мәдениет, ғылым, спорт, денсаулық саласындағы кез келген жан лайық деп ойлаймын. Архивтеу ісі бізге ауадай қажет. Архив аманат. Архив мәңгі. Өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Жақында белгілі журналист Бейсен Құранбектің жары Гүлмира бізге келіп, тележүргізушінің өмірінен сыр шертетін тың суреттерді тапсырды. Жас та болса бас болып, күллі қазақты әлемге танытқан өнерпазымыз Димаш Құдайбергеннің барлық дереккөздерін, дауысын міндетті түрде сақтау керек.
– Мекемеде архивке қатысты қандай да бір шешімін күткен мәселе бар ма?
– Біздің Орталық кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві өз алдына бөлек ғимаратқа көшсе деген арманым бар. Біз сияқты кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларын сақтап отырған бірегей мамандырылған архивтің бөлек ғимараты болу керек. Соған сәйкес штатымызды кеңейтіп, жоғары білікті архивист мамандар көбейсе екен. Бізге мемлекеттік емес, Ұлттық архив статусын алу керек! Архив саласында еңбек етіп жүріп, біраз шетелдерде болдым. Сонда мені таңғалдырған бір жайт, Еуроодақ Эстонияның архивін цифрландыру үшін жыл сайын 3 млн еуро бөледі екен. 15 адам волонтерлік қызмет етіп, күні-түні барлық архивтерді базаға енгізіп отырады. Ал бізде 4 бөлімде бар-жоғы 27 адам жұмыс істейді. Бізде де дәл солай 15 адам мәліметтерді базаға салып отырса, цифрландыру жұмысы әлдеқайда қарқынды жүрер еді.
– «Бізге мемлекеттік емес, Ұлттық архив статусын алу керек» дейсіз. Бұл нені өзгертеді?
– 2006 жылы Астана қаласында тәуелсіз Қазақстанның тарихын жинақтайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві ашылды. Ұлттық архивтің статусы биік. Орталық комитет төрағасының орынбасары келген кезде үш мемлектеттік архивке (Орталық мемлекеттік архив, кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві) Ұлттық статус беріледі деп айтқан болатын. Әрине, бұл архивистер үшін қуанышты жаңалық. Бірақ оның қашан болатыны уақыт еншісінде. Архив статусы көтерілсе, жалақысы да көтеріледі. Онда архив саласына келетін жоғары білікті жас мамандардың да қатары көбейер еді.
– Ал бүгінде архивке жастардың қызығушылығы қалай? Архивист мамандар жеткілікті ме?
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих факультетінде архивист мамандарды даярлайтын архивтандыру бөлімі бар. Студенттер бізге іс-тәжірибеден өтуге келіп тұрады. Жұмыстың қыр-сырын үйреніп алған соң, жалақысы төмен болғаннан кейін тұрақтамай басқа жаққа кетіп қалады. Президент архиві одан бөлек министрліктерде, ұлттық мекемелерде, банктерде архив бар ғой ол жақта бізге қарағанда жалақы жоғары. Архивте жұмыс істеймін, үйренемін десе, әрқашан дайынбыз. Ақерке Сламжанова деген шәкіртім бар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің архив ісі бөлімінің бакалавр және магистратурасын тәмамдап, қазір біздің архивте қызмет атқарып жүр. Басқа жоғары білікті жас архивист маман жоқ. Кей кездері болашақта архив кімге қалады деп те ойлаймын...
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ