Экономика

Қазақстанға АЭС керек пе? – сарапшы жауап берді

ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселе екенін атап өтті.

«Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Оны салу немесе салмау мәселесі еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын», – деді Президент.

Ел азаматтары атом электр стан­сасын са­луға қатысты референдумда дауыс берердің алдында нені білуі, нені ескеруі тиіс? Жалпы, Атом энергетикасы не үшін қажет? Осы сауалдарға «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябеков жауап берді.

«АЭС құрылысын жүргізудің тәуекелі мен қорқынышы бар екені рас. Қазақстан АЭС құрылысы үшін тек жаңа буынды реакторлардың жобасын қарастырып жатыр. Фукусимадан кейін салынған реакторлар жаңа буын болып саналады», – деді А. Сиябеков.

Маманның мәлімдеуінше, АЭС туралы мәселе көтерілсе, халықты үрей мен қорқыныш сезімі билей бастайды. Бұған Семей полигонының зардабы мен залалы негіз болып отыр.  

«Халықта радиофобия бар. Осы фобия адамдарды жаман ойға берілуге итермелейді. АЭС құрылысына қарсылық танытуға ақпараттың жеткіліксіздігі бірден-бір себеп болуы мүмкін. Дегенмен Үш жылдан бері «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы халыққа түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр», – деді ол.

А. Сиябеков жаңа буынды реакторлар болуы ықтимал түрлі апаттардың алдын алатынын айтты.

«Заманауи реакторларда радиоактивті материалдардың шығуына тосқауыл қоятын бірнеше тәуелсіз қорғаныс жүйесі қолданылады. Яғни жобалау кезінде жер сілкінісі, өрт қаупі, дауылдың көтерілуі, реактордың үстіне ұшақтың құлауы секілді ірі апаттық жағдайлар ескеріліп, талданады, – деді сарапшы.

Сондай-ақ ол Қазақстанға атом энергетикасы не үшін қажет екенін түсіндірді.

«Еліміздегі энергетиктер мен экономика саласы мамандарының болжауынша, 2035 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін. Осы уақытта баламалы қуат көздері мәселені шешуге қауқар таныта алмай қалады. Сол кезде энергияны қайдан аламыз? Баламалы қуат көзі базалық энергия ретінде қолдануға жарамайды. Ал АЭС 60 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп тұра алады. Көмірден алатын генерация көзі 40 жылға дейін ғана жетеді. АЭС-ті қолдану мерзімі 60 жылдан 80 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Маман ретінде АЭС салу қажет деп санаймын.

Одан бөлек атом электр станциясының құрылысын салу елімізде ғылыми техникалық базаның жақсаруына, кадрлық әлеуеттің өсуіне көмектеседі», – деп түйді ойын А. Сиябеков.