Жаңалықтар

Алматыда жалған хабарлама берген оқушының ата-анасы жауапқа тартылды

ашық дереккөз

Жалған хабарлама жіберу арқылы оқушы досын мазақ қылмақ болған.

Алматы полициясына жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген оқушының ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Телефон террористі 14 жастағы жасөспірім болып шықты. Экстремизмге қарсы күрес басқармасының мәліметінше, 2009 жылы туған Р.есімді азамат әлеуметтік желі арқылы өзінің танысына мектебіне жарылғыш зат қоюды жоспарлап жүргенін айтып қорқытқан.

«Бұл туралы полицияға 2 қазан күні сағат 10:43-те сигнал келіп түсті. Жедел және арнайы іс-шаралар кешені жүргізіліп, нәтижесінде аты-жөні белгісіз адам анықталды. Жас жігіттің сөзінше, жалған хабарлама жіберу арқылы ол досын мазақ қылмақ болған. Бұл әзіл үшін жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды. Олардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиналған әкімшілік материал кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады», – деді Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Дархан Әбіқұлов.