Жаңалықтар

Шымкент қаласын шулатқан той кортежі үшін күйеу жігіт жауапқа тартылды

polisia.kz

Шымкентте той кортежіне қатысушылар тарапынан құқық бұзушылықтар болған бейнежазба тарады.

Шымкентте тұрғындардың тыныштығын бұзған күйеу жігіт жауапқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Шымкент полицейлері тікелей эфирде той кортежіне қатысушылар тарапынан құқық бұзушылықтар болған бейнежазбаны анықтады.

«Оқиға орнына Еңбекші АПБ-ның тәртіп сақшылары барды. Істің мән-жайын анықтау барысында жергілікті тұрғынның қалындығын ұзатып алып келгені, туыстарымен қуанышты тойлау үшін жиналғаны және пиротехниканы қолданып, әуеге салют атқаны белгілі болды», – делінген ІІМ хабарламасында.

Тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ бейнежазбада көрсетілген көліктің жүргізушісі анықталып, арнайы сигналды маяктарды (стропаскоп) қолданғаны үшін әкімшілік кодекстің 603-бабы 1-бөлігімен жауапқа тартылды.