Жаңалықтар

Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Көпке үлгі болған ұлағатты ұстаздың бірі – Людмила Меңдіғалиева.

Шәкірт тәрбиелеу ісінде ерен еңбегімен көзге түсіп, көпке үлгі болған ұлағатты ұстаздың бірі – Людмила Меңдіғалиева.

Ол 32 жылдан астам уақыт өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып  келеді. Жас маман еңбек жолын Ақтау қаласындағы №14 орта мектепте   оқушыларға математика пәнінен сабақ беруден бастады. Араға жылдар салып, осы мектепте директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне кірісті. Кейін 10 жыл мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды.

Людмила Идаятқызы өз ісіне тоқмейілсуден аулақ болды. Кәсіби біліктілігін жетілдіріп, шеберлігін шыңдау үшін үнемі ізденіс үстінде жүрді. Түрлі курстардан өтіп, қалалық, облыстық, республикалық шараларға тұрақты қатысты. Білімі мен білігі назарға алынып, мектептерді тексеру мен аттестациялау бойынша қалалық, облыстық комиссиялардың мүшелігіне қабылданды.

Кейіпкеріміз Білім министрінің «Құрмет» грамотасымен,  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатын», Маңғыстау облысы Білім басқармасының «Құрмет» грамотасын, Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет» грамотасын иеленген. Ал 2014 жылы «Ең үздік білім беру ұйымы» байқауының  жүлделі ІІ орнын жеңіп алған.

Людмила Меңдіғалиеваның алдынан талай ұрпақ түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақты. Қазір олар еліміздің өсіп-өнуі мен гүлденуіне үлес қосып жүр. Араларында ұстаздарының жолын қуған шәкірттер де бар. 

«Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, ақ тілеулі ана секілді әр оқушының, әр шәкірттінің бойына ізгілік пен мейірім шуағын сіңіретін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Мен өзімді бақытты ұстаз санаймын. Өйткені шәкірттеріммен мақтанамын. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген сөз бар. Мен осы сөзге лайық болуға тырысып келе жатырмын», – деді Л. Меңдіғалиева.