Жаңалықтар

«Ана Yйі» қоры күрделі диагнозы бар балаларды асырап алуға көмектеседі

Қор тағы бір маңызды бағытты ‒ ұлттық бала асырап алу агенттігін (НАУ) іске қосты.

Балалар церебралды сал ауруы халықаралық күнінде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу саласындағы қазақстандық флагман – «Ана Үйі» қоғамдық қорының мәліметінше, емдеуді қажет ететін, асырап алынған балаларды реабилитациялау бағдарламасының арқасында 2023 жылы асыраушы отбасыларға денсаулығында ақауы бар 50-ден астам бала орналастырылды. Олардың шамамен жартысы бүгінде Қордың есебінен ем алып жатыр.

Бағдарлама қалай пайда болды? 

«Ана Yйі» қорының қызметі арқасында 10 жылда Қазақстандағы жетім балалар саны екі есе қысқарып, 9 мыңнан 4,5-ға дейін азайды. Өзгелерге қарағанда азырақ асырап алынатын балалар – туысқан балалар (заң бойынша асырап алу кезінде бауырларды бір-бірінен айыруға болмайды), мүгедек балалар және күрделі науқастары бар балалар. Бұндай балаларды сирек асырап алатын себебі қаржылық қиындықтармен байланысты, көбінде орташа кластың өкілдері болып келетін адамдар үшін ондай жауапкершілікті алу қиынға соғады.

Қордың қазақстандық кәсіпкерлерден тұратын Қамқоршылар кеңесі арнайы реабилитация Бағдарламасын бастады. Ол денсаулығында ақау бар балаларды отбасына қабылдауға дайын адамдарға қаржылық көмек көрсетуге бағытталған. 2022 жылдың мамырында бағдарламаның жүзеге асырылуына 100 млн теңге бөлінді. Оның аясында балаларға медициналық реабилитация және коррекция бойынша көмек көрсетуге, операциялық ем жасауға төлемдер жасалып, қажет болған жағдайда тікелей қаржылық көмек көрсетіледі.

Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында көмек алатындар арасында церебральды сал ауруына шалдыққан балалар да бар. Олардың қатарында Қор қызметкерлерінің арқасында ем алатын кішкентай Әлихан бар. 

Қарағандыдан келген балалардың сауалнамаларын зерделеген Айгүл Әбілова сегіз жастағы Александра мен екі жасар Әлиханды асырап алды. Баланың мүлдем жүрмейтіні және нашар еститіні жазылған диагноз асырап алушы ананы тоқтатпады.

"Балам Қор есебінен оңалту курстарын өте бастады: біз логопед, кәсіби терапевт, психолог және дефектологпен сабаққа қатысамыз. Оның жүрісі, есту қабілеті, моторикасы, сөйлеу қабілеті жақсарды, танымдық қызығушылығы пайда болды. Мен Қорға және оның қамқоршыларына біздің бақытымыз үшін, қазір балаларымның ана мейіріміне бөленіп, отбасында тәрбиелену мүмкіндігі үшін өте ризамын", ‒ деді Айгүл.

«Ана үйі» қоры оңалту Бағдарламасының жұмысы жалғасатынын, оның қамқоршылары одан әрі де қаржыландыруға өз келісімдерін бергенін хабарлайды.

Қосымша ақпарат  "Ана үйі" жобасы жақында өзінің 10 жылдығын атап өтті. Осы жылдар ішінде 6200-ден астам әйелге көмек көрсетілді. 2016 жылдан бастап Қор тағы бір маңызды бағытты ‒ ұлттық бала асырап алу агенттігін (НАУ) іске қосты. Оның көмегімен осы жылдар ішінде 1821 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды. Бүгінде Қор мемлекеттік органдармен бірлесіп, балалар үйлерін Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары мен Астанадағы балаларды қолдау орталықтарына трансформациялау және кәсіби асырап алушы отбасылар институтын енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске асыруда.