ОҚО-да полицейді ұрып, көлігін айдап кеткен бұзақылар ұсталды
ОҚО-да полицейді ұрып, көлігін айдап кеткен бұзақылар ұсталды
Оңтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшысына қарсылық көрсетіп, көлігін айдап кеткен күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Аталмыш оқиға Бәйдібек ауданы, Түйетас ауылында болған. Аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне аталған елді мекенінің учаскелік полиция инспекторына қарсылық көрсетіп, шабуыл жасағаны жөнінде хабарлама түседі. Белгілі болғандай, түнгі 22-00-дер шамасында учаскелік полиция инспекторы жолда автокөлікті дұрыс басқара алмай келе жатқан жүргізушіні тоқтатқан. Мас жүргізушіқұжаттарын көрсетуді талап еткен полицейге бағынбай, қарсылық көрсетіпті. Ол тіпті жанындағы танысымен бірге тәртіп сақшысына шабуыл жасап, күш көрсеткен. Соңынан полицейге тиесілі «ВАЗ» автокөлігін мініп, белгісіз бағытқа қарай айдап кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Бәйдібек АІІБ-нің қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Олар 1972 және 1979 жылы туған Бәйдібек ауданы мене Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Қазір қолға түскен сезіктілерге қатысты Қылмыстық Кодекстің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленіп алу», «Билік өкiлiн қорлау», «Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» баптарымен іс қозғалды. Күдіктілер уақытша тергеу абақтысында отыр.