Қоғам

Мұғалімдерге сыйлық алуға ата-аналар чаты арқылы ақша жиналды

ашық дереккөз

Бұл бастаманы ата-аналардың басым көпшілігі қолдады.

Заң бойынша мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен асатын сыйлық беруге тыйым салынған, деп хабарлады Turkystan.kz.

ҚР азаматтық кодексіне сәйкес, заңбұзушылық тіркелген жағдайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 247-бабы бойынша 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ата-аналар ұстаздарға кәсіби мерекеде сыйлық беруді пара ұсыну емес, құрмет көрсету деп санайды.

Бұл туралы 6-сынып оқушысының анасы Шынар Жұмабайқызы: «Мұғалімге бір жылда бір рет ілтипат танытуды күрделендірудің, қиындатудың қажеті жоқ сияқты. Ата-аналар чатында мұғалімге сыйлық алатын болып шештік. 1 мың теңгеден жинадық. Барлық ата-ана өз еркімен сыйлық алуға ниет білдірді. Сыныпта 30 оқушы бар. Жиналған ақша 10 АЕК-ке жетпейді (10 АЕК - 34 500 теңге)», – деді.

Оның сөзінше, мұғалім ата-аналардың сыйлық алуға ақша жинағанын білмейді және бұған дейін бір емес, бірнеше рет ата-аналарға сыйлық алуға ақша жинауға болмайтынын ескерткен.

Гүлбану Ералықызының 4 баласы мектепте оқиды. Ол мұғалімге сыйлық алуға ақша жинаудан бас тартқан.

«Мұғалімдерге кәсіби мерекеде сыйлық беруге қарсы емеспін. Бірақ 4 баланың әрқайсының атынан ақша өткізуге жағдайым келмейді. Сол себепті ата-аналар чатында бұл бастаманы қолдай алмайтынымды айттым. Ешкім ренжіген жоқ. Бұл іс менің қатысуымсыз атқарылды», – деді көпбалалы ана.