Жаңалықтар

«Өліп қала ма деп, диспансерге апардық»: Марқұм Арман Қайназаровтың әйелі өз шындығын айтты (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Айтуынша, қазір ел алдына шығатындай күйде болмаған.

Марқұм, композитор Арман Қайназаровтың әйелі Алтын Табылдықызы «Қыздар-Ай» бағдарламасында сұхбат берді, деп хабарлады turkystan.kz..

Ол бағдарлама барысында композитордың қиын жағдайға қалай тап болғанын айтты.

«Бүкіл емнің бәрін алды. Талғат досы да біледі. 30 жыл қасында болған адам да біледі. Қыстыгүні «Ол өліп қала ма?» деп диспансерге де салдық. Кәдімгі диспансер. Өйткені барлық емдеу орталығы адамды өз еркімен ғана қабылдайды. Еркінен тыс ұстай алмайды. Арман өзі кетіп қалатын. Бір ай бола ма, жеті ай бола ма, болды, тоқтайды. Әрі қарай ұстауға қақысы жоқ», – деді Алтын Табылдықызы.

Айтуынша, қазір ел алдына шығатындай күйде болмаған. Тек кейбіреулердің айтқан сөзі жанына батқан соң, жауап беруге шешім қабылдаған.

«Бүгін күшімді жинап, көпшіліктің аузын жаптыру үшін де келдім. «Ана қатыны қайда жүр?» деген әңгімені де естіп жатырсыз. Мен солай аузына келгенді айтатын адамдарға айтқым келеді: Менің кебісімді киіп көрген жоқ, менің өмірімді сүріп жүрген жоқ. Сондықтан аузына келгенді айтпасын. Арманды соңғы рет мамыр айында тағы да емдеу орталығына апардық. Ол жерде үш апта болды. Кейбіреулер біледі, емделу процесі тәуелді адамдарға 1 жыл 2 ай болады. Сондай бағдарламаға өтуі керек болған. Бірақ ол сол жерге апарғаныма өкпелеп, маған қарсы шықты», – дейді марқұмның жұбайы.

Алтын Табылдықызы жұбайымен 20 жылда 4 ұл тәрбиелеп өсірген. Композитордың балаларына жақсы қарағанын айтады. Тек бір ғана әлсіз жері – ішкілікке жақын болған.