Жаңалықтар

Баласына қан құйғызудан бас тартқан көкшетаулық ерлі-зайыптыға қылмыстық іс қозғалды

Ашық дереккөз

Марқұм сәбидің ата-анасымен қоса дәрігерлер де жауапқа тартылуы мүмкін.

Баласына қан құйғызудан бас тартқан көкшетаулық ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталмыш іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ марқұм сәбидің ата-анасымен қоса дәрігерлер де жауапқа тартылуы мүмкін.  

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша дәрігерлердің және ата-ананың әрекеттеріне баға берілетін болады. Бастапқы деректерге сәйкес, баланың ата-анасы белгілі бір діни ағымды ұстанады. Сол себептен олар қан құйғызуға қарсылық білдірген. Өлімнің себебін анықтайтын сот-медициналық сараптама тағайындалды, - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Дәрігерлер қан құймаса баланың жағдайы нашарлай беретінін әке-шешесіне ескерткен. Мұны құлағына ілмеген ерлі-зайыптылар діни ұстанымдарына қарама-қайшы екенін айтып, рұқсатын бермей қойған. «Йегова куәгерлері» ағымының жетегінде жүрген олар «біздің дін бойынша қан компоненттерін құю өмірді құюмен тең» деп жауап қатты дейді дәрігерлер. Артынша, кішкентай науқастың жағдайы күрт ауырлап, ауруханада жан тапсырған.